Тарих • 04 Ақпан, 2021

Алаш қайраткерлерінің жеке заттары елге қайтарылса...

197 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткеннің қасіреті жүректен өшпесі анық. Азаттық үшін арпалысқа түскен ұлы тұлғалардың ерлігі ұрпақ жадынан алыстамайды. Оған дәлел, Ұлттық музейде өткен «Саяси қуғын-сүргін құрбандары және олардың музейлік құндылықтары» атты онлайн-дөңгелек үстел мәслихаты.

Алаш қайраткерлерінің жеке заттары елге қайтарылса...

Іс-шараның мақсаты – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» атты мақала­сында көр­сетілген міндеттерді жүзеге асыру аясында, ХХ ғасырдың 1-ші жартысындағы сая­си қуғын-сүргін құр­бандарын еске алу, олардың елі­міз­дің әр қаласындағы музей­лерде сақ­­­талған құнды заттарын наси­хат­тауға атсалысу.

Қазіргі уақытта еліміздің 20-дан астам музейінде саяси қуғын-сүргін құр­бандарының жеке заттары сақ­та­лынғандығы белгілі. Олардың қата­рында Алматы облысының Жаңа­лық елді мекеніндегі «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейін, Нұр-Сұл­тан қаласындағы «С.Сейфуллин музейін», Шымкент қаласындағы «Саяси қуғын-сүргін музейін», «М.Ты­ныш­паев атындағы Алматы об­лыс­тық тарихи-өлкетану музейін», Жам­был облысындағы «Т.Рысқұлов аудан­­дық тарихи-өлкетану музейін», Сол­түстік Қазақстан облысындағы «М.Жұмабаевтың музейін», Қостанай облысындағы «А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың әдеби музейін» және т.б. атауға болады.

Дөңгелек үстел жұмысына тарих­шы Мәмбет Қойгелдиев, Абай атын­дағы Қазақ Ұлттық педагогикалық уни­вер­ситетінің «Қазақстанның жаңа және қазіргі тарихы» кафедраның про­фессоры Ғарифолла Әнес, «Арыс»­ қоры­­ның президенті Ерлан Сай­лау­бай, Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия Ұлттық универ­ситеті жа­нын­да­ғы «Ел тарихы» ғылыми-зерт­теу ор­та­лығының директоры Гүлми­рат Серікбаева қатысып, Алаш арыстары жөнінде өз ойларын ортаға салды.

Мәселен, Ғарифолла Әнес қу­ғын-сүргін құрбандарын түген­деу, олар­дың нақты санын анықтау мақса­тын­да арнайы онлайн-портал ашу қажеттілігін атап өтті.

Сондай-ақ жиынға қаты­су­шылар, Ресей, Өзбекстан және т.б. елдерде сақталған Алаш қайраткер­лерінің жеке заттарын елге қайтару, Нұр-Сұл­тан қаласы әкімдігіне қарасты «Сая­си қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемо­риал­ды-музейі кешеніне» респуб­ли­калық мәр­тебе беру жөнінде ұсыныс айтылды.

Жиын соңында Ұлттық музей ди­рек­­торының ғылыми жұмыстар жө­­ніндегі орынбасары Назгүл Ка­дрим­­бетова, алдағы уақытта саяси қуғын-сүр­гін құр­­бан­дарын есте қалдыру мақ­са­тында «Қазақстан музейлері қор­ла­рын­дағы қазақ халқының танымал тұл­­ғаларының бірегей заттары» каталогын шығару, «Қазақтың танымал та­рихи тұлғаларының жәді­герлері» көр­месін өңірлік музейлермен бірлесе ұйым­дастыру жоспарлануда екенін жеткізді.

Айта кетейік, онлайн-дөңгелек үстел ZOOM бейнеконференция байланысы арқылы өткізілді.