Экономика • 04 Ақпан, 2021

«Көлеңкелі экономикаға» тұсау бола ма?

158 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бала кезімізден сүйіп тыңдап, оқып өскен халық ертегілерінің көпшілігінде «жеті басты айдаһар», «жеті басты жалмауыз» деген жағымсыз әрі қорқынышты кейіпкерлер болған. Қарапайым халықтың қанын соратын осындай құбыжықтармен алысқан батырлар әлгі тажалдың бір басын шауып түсіріп, енді бір басымен алысып жатқанда ана шабылған бастың орнына жаңа бір бас өсіп шығады екен делінетін.

«Көлеңкелі экономикаға» тұсау бола ма?

Бүгінде Қазақстан экономикасы мен қаржы саласын жегі құрттай жайлаған сыбайлас жемқорлық дерті де жеті басты аждаһа сияқты. Бірін әш­керелеп, соттап, түрмеге қамап жатса, енді бірі қайта бас көтереді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қаншама қажыр-қайрат танытқанымен, ел экономикасын майшелпек еткен азғындық әрекеттер тыйылар емес.

Күні кеше өткен Үкіметтің кеңейтіл­ген отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көлеңкелі экономикамен күресу үшін жаңа агенттік құруды тапсырды. Іле Мемлекет басшысы Қазақ­стандағы «көлеңкелі экономикаға» қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру мақсатында Қаржылық мониторинг агенттігін құру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл жаңа агенттікке қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру бойынша функциялар мен өкілеттіктер беріліп отыр.

Осылайша Мемлекет басшысының бастамасымен көлеңкелі экономи­ка мен сыбайлас жемқорлыққа қар­­сы күреске айрықша назар аударыл­ғандығын байқап отырмыз. Енді осы игі бастамалардың жемісті болуын тілеп, күллі халық Үкіметке үміттене көз тігіп отыр.

Жаңа агенттіктің қаржы саласында­ғы сыбайлас жемқорлықпен бітіспес кү­ресі нәтижесінде алдағы 4 жылда көлең­келі экономиканың үлесі 15 па­йыз­ға азаюы тиіс деген болжам жаса­лынуда.

Дүниежүзілік банк өкілдерінің мәліметінше, Қазақстандағы кәсіп­орын­дардың 40 пайызы өз табыстарын жасырып қалады екен. Мемлекет бюджетіне түсуге тиіс алым-салықтың қан­шамасы жеке қалталарға кетіп жат­қ­а­нын осы көрсеткіштен-ақ аңғару­ға болады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Transparency International жаһандық қозғалысы жариялаған сыбайлас жем­қорлықты қабылдау индексінде Қазақ­стан алғаш рет 38 балл жинап, 180 мемлекеттің ішінен 94-орынға ие болды. Сирия, Сомали, Оңтүстік Су­дан сияқты мемлекеттердің тиісінше 14, 12 ұпайдан еншілегенін ескерсек, Қазақстан көрсеткіші аса мақтанар­лық емес екенін бағамдаймыз.

Өз өнімдерімізді шығаруға аса бас қатырмай, дайын дүниелерді шетел­ден тасуға әбден әккіленіп ба­ра жатқанымыз да Президент назары­нан тыс қалмады. Үкіметтің кеңей­тілген отырысында бұл жөнінде Мем­лекет басшысы қатаң ескерте келіп: «Бюджеттің триллиондаған қар­жы­сын импортқа жұмсауға қақы­мыз жоқ. Сондықтан бюджеттің әкім­шілері тікелей жауап береді. Бұл орай­да бізге «семіз» цифрлар қажет емес. Маңыздысы – дұрыс есептеу. Қазақ­станда тіркелген заңды тұлғаның кез кел­ген өнімі жиі есепке алынатыны туралы ақпарат бар. Ол өзінің тауарын жеткізе ме, әлде импорттан әкеле ме – оны бақылап отырған ещкім жоқ. Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне берілген цифрларды бекітілген әдістемеге сәйкес қайта тексеруді тапсырамын», деді.

Кеңейтілген отырыс барысында бұ­дан басқа да көптеген шешуі жеткен маңыз­ды мәселелер көтеріліп, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктелгендігі елі­міздің әлеуметтік-экономикалық дамуына соны серпін беруге тиісті.

 

Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ,

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі  «Қоғамдық келісім» РММ Ақпараттық жұмыс және жұртшылықпен байланыс басқармасының  жетекші сарапшысы