Қоғам • 04 Ақпан, 2021

Алимент автокөлігінен айырды

96 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әкелік парызына атүсті қарайтын әумесерлер көбейіп барады. Ажырасып кеткен әйелінің қолында қалған баласына алимент төлемей, қашып жүрген әкелерді осылай атасақ, артық кетпеспіз.

Алимент автокөлігінен айырды

Қазіргі уақытта кеншілер астанасындағы сот орындаушыларының өндірісінде осы санаттағы 21 мыңдай іс бар екен. Оның 87 пайызы алиментті өз еркімен төлесе, қалғандары «қашқын әкелер» көрінеді. Олардың бірсыпырасының жиналып қалған алименттік қарызы 300 мыңнан 5 млн  тең­геге дейінгі аралықтағы соманы құрайды екен.

Таяуда Қарағанды қаласындағы Қазыбек би ауданының прокуратурасы жеке сот орындаушылар палатасымен және полиция басқармасымен бірлесіп, алимент төлеуден жалтарып жүрген тұлғаларға қатысты рейдтік іс-шаралар бастады. Аталған рейд өзінің бауыр еті – балаларын асырауға ақшасын қимай жүрген қаскөй борышкерлердің автокөліктерін іздеуге және оларды уақытша тәркілеуге бағытталды.

Міне, осы іс-шара барысында 2018 жылдан бері қарызы үш миллион  теңгеден асқан борышкердің «Volkswagen Passat» маркалы автокөлігі алынып, айып тұрағына қойылды. Қатыгез әкеге берешек ерікті түрде он күндік мерзімде өтелмеген жағдайда мүлік сатылып, одан түскен ақша алименттік борышты өтеуге жұмсалатыны ескертілді.

«Алименттен қашқандарға қатысты рейдтік іс-шаралар бұдан әрі де жүйелі жүргізіліп тұратын болады», деп хабарлады Қарағанды облыстық прокуратурасының ресми өкілі.

 

ҚАРАҒАНДЫ