Тарих • 04 Ақпан, 2021

«Мамандығым бойынша жұмыс істегенде пайдалырақ болар едім...» (Халық комиссары болған Бейсенғали Әбдірахмановты білеміз бе?)

537 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

1930-1937 жылдар аралығында Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы Үкіметінде Денсаулық сақтау халық комиссары, Әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссары, Қазатком төрағасының орынбасары лауазымдарында болған Бейсенғали Әбдірахмановтың есімі бүгінде көп айтыла бермейді.

«Мамандығым бойынша жұмыс істегенде пайдалырақ болар едім...» (Халық комиссары болған Бейсенғали Әбдірахмановты білеміз бе?)

 

Белгілі зерттеуші Мақсат Тәжі­мұрат­тың «Батыс Алашорда» био­библиографиялық сөздігінде мынадай деректер бар:

«Әбдірахманов Бейсенғали 1888 жылы бұрынғы Орал облысы Ілбішін уезі Жұбанышкөл болысында туып, 1960 жылы қайтыс болған. Алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Қазақстанда денсаулық сақтау ісін ұйымдас­тырушы. Кедей шаруа отба­сында туып-өсті. Болыстық орыс-қа­зақ мектебін бітірген соң мұ­ғалім И.К.Мальковтың көме­гі­мен Орал қаласындағы қолөнер учи­ли­ще­сіне түсіп, ат-әбзел цехы бөлімін «әбзелшінің қолғанаты» мамандығымен бітірді (1902-1907). Орынбор мұғалімдер мек­тебіне түсе алмаған соң Орал­дағы әк зауытында жұмыс істеді, ауылға келіп мал бақты. 1909 жы­лы облыстық денсаулық сақ­тау бөлімінің стипендиясымен Во­ро­неж ер балалар фельдшерлік мек­тебіне түсті. Фельдшерлік мек­тепті 1911 жылы бітіріп, 1914-1917 жылдары ІІ учаске аталған алты болыс Қаратөбе елінде фельд­шер болып істеді. Ақпан революциясынан соң М.Жолдыбаев, Ж.Нияров, Ү.Жаманов, О.Исаев, Х.Сағындықовтармен бірге Алаш қозғалысына қатысты. Досмұха­ме­довтар мен Әлібековтер тобынан бейтарап ауыл интеллигенциясы құрамында болды...»

Батысқазақстандықтар мүл­дем ұмытып кете жаздағанымен, Бейсенғали Әбдірахманов – өз заманында өте жауапты, лауазымды қызметтер атқарып, мансап баспалдағының шыңына шыққан тұлға. Ол 1930-1937 жыл­дар аралығында Қазақ Автоно­миялық Кеңестік Социалистік Республикасы Үкіметінде Ден­саулық сақтау халық комиссары, Әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссары, Қазатком төрағасы­ның орынбасары міндеттерін атқарған.

Бейсенғали Әбдірахмановтың өмір жолында ақтаңдақ көп. Бір беймәлім жайт – 1933 жылдың қараша айынан 1937 жылдың мамырына дейін Қазақ АКСР-інің әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссары болған қайраткер сол жылдың шілдесінде қызметін кенет өзгертіп, республикалық «Мал дайындау» кеңсесіне ауыстырылыпты. Одан кейінгі өмірбаянын «1937-1945 жылдары денсаулық сақтау жүйесінде қызмет атқарған. 1945 жылы денсаулық жағдайына байланысты зейнеткерлікке шық­қан» деп екі ауыз сөзбен түйіндей салыпты.

«Алаш. Алашорда» энцикло­пе­диясында Бейсенғали Әбдірах­мановтың азамат соғысы кезінде Х.Сағындықовпен бірге елді теке­­тіреске түскен күштерден қор­­ғайтын Қорғаныс комитетін құр­ғаны, 70 адамнан тұратын ха­лық жасағын ұйымдастыруға қа­тыс­қаны айтылады.

Алаш қозғалысында бейтарап ауыл интеллигенциясы құрамында бірге болды делінетін Молдағали Жолдыбаев, Жақу Нияров, Үмбет Жаманов, Ораз Исаев, Хален Сағындықовтар 1937-нің саяси қуғын-сүргінінде қудаланып, аты­лып, сотталып кеткенде, Бей­сен­ғали Әбдірахмановтың қалай аман қалғаны белгісіз. Өмір­бая­нындағы ақтаңдақтарға қара­ғанда ол да қудалануы, істі болуы әбден мүмкін.

Біз жақында Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінен Бейсенғали Әбдірахмановтың 1923 жылдың басында өз қолымен толтырған өмірбаянын және фото­суретін тауып алдық. Бұл кезде ол Орал губерниясы Орал уездік-қала­лық атқару комитетінің бөлім мең­герушісі қызметінде болған екен.

Оқырман назарына бұрын бас­па бетін көрмеген осы өмір­­баян мен фотосуретті ұсынамыз:

«Мен Бейсенғали Әбдірах­манов, 31 жастамын, Орал губерниясы Орал уезіндегі Жұбанышкөл болысының №2 ауылында тудым, ұлтым қазақ.

Менің әкем Әбдірахман Тас­теміров (тағы бір аты – Әбен Қал­мақов, қазақ дәстүрінде, әсіресе әйелдер күйеуінің жақын туыстарына түрлі ерекшелігіне байла­нысты ат қояды) 63 жаста, нағыз кедей қара шаруаның тұқымы, бү­кіл өмірін Орал уезі Шаған болысына (бұрынғы Скворкин стансасына) қарасты Богатск кентіндегі казактарға жалданып, мал бағып өткерген. Оның әкесі, менің атам Тастемір де осы кәсіпте өле өлген­ше жүрген екен. Мен 7 жасқа кел­генде әкем жүзбе балықшы кәсі­біне кетіп, біз анамызбен бірге казактарда бақташылықта қала бердік. Мен сол жерде жасым өскен сайын жұмысым да көбейіп, әуелі – лақ, кейін – бұзау, одан соң сиыр бақтым. Сол кездері қыста Өріктікөл-Жұбанышкөл бір сыныптық училищесінде оқыдым. Бірақ ол мектепті бітірмей, Орал қаласындағы төменгі қолөнер учи­лищесіне түстім. Сөйтіп, 1907 жылы курсты бітіріп, ат әбзелдерін жасайтын шебердің көмекшісі мамандығын алып шықтым. Алай­да бұл мамандығыма сай жұмысты қаладан да, даладан да таппадым. Сөйтіп, 1907 жылдың жазында бағымды сынап көрмек болып, әкеммен бірге Орынбор қаласына, мұғалімдер мектебіне келдік. Бірақ біз қабылдау емтиханынан әлдеқайда ерте келіппіз. Әкем күтуге шамасы келмей, маған бар-жоғы 3 сом қаражатын қалдырып, кейін кетті. Мен әрине, емтиханнан өте алмай, құлап қалдым. Өйткені ол мектепке түсу үшін ық­палды адамның кепілхаты, қол­дауы керек еді. Сонымен, елге қайтатын қаражат жоқ, Орын­бордағы кірпіш зауытына әк түсі­руші болып жұмысқа кірдім. Ең­бек­ақым күніне 1 сом болды. Кейін күніне 70 тиын еңбекақыға кірпіш қалаушы болып қара күзге дейін еңбек еттім. Сөйтіп, күзде Орал қаласына оралып, қалалық училищеге қатынап, оқушы бо­лып қабылдандым. Алайда мате­риалдық қиындықтарға байланыс­ты ол жерде бір қыстан ары қарай оқи алмадым.

1908 жылы Орал төменгі ауыл шаруашылық училищесіне интернатта жатып оқушы атандым. Осы училищенің қабырғасында фельдшерлік мамандыққа даярландым. Сөйтіп 1909 жылдың күзінде Воронеж фельдшерлік-медициналық мектебінің сынақ емтиханынан өттім. Бұл курсты стипендия алып оқып, 1914 жылы маусым айында бітіріп шықтым. Оқып жүріп, каникул кезінде отбасыма көмектесу үшін түрлі жалдамалы жұмыстар атқардым.

Фельдмектеп курсын тәмам­даған соң сол 1914 жылы мені Жымпиты уезінің Қаратөбе ауылына фельдшер қызметіне жіберді. Мен Камен (қазіргі Тасқала – Қ.Қ.) болысы Чернояров хуторында жалшылықта жүрген отбасымды өзіммен бірге Қаратөбеге көшіріп алдым. Осы Қаратөбе кентінде учаскелік фельдшер болып, 1919 жылдың соңына дейін үздіксіз қызмет еттім. Осы ауданның 4 болысына дәрігерлік көмек көрсетіп, Жымпиты уезінде болған барлық оба және тырысқақ індетін жоюға атсалыстым.

«Алашорда үкіметі» Қызыл­қоғаға кеткен соң мен бір жолдасыммен – қазіргі РКП(б) мүшесі Сағындықовпен бірге Қаратөбе кентінде кеңес ұйымдастырдық, оған көптеген милиция қызмет­ке­рін жинадық, сөйтіп, ақтар армия­сынан бөлініп қалған казак бөлімдерін, шағын топтарды тұт­қындап, қарусыздандырып, Қызыл Армияға тапсырып отырдық.

Қаратөбеге әскери комиссар Кулинич бастаған 5 бригаданың 26 кавалериялық полкі мен 211 Курск полкі келген кезде мені жергілікті төңкеріс комитетінің (ревком) мүшесі әрі хатшысы етіп бекітті. Осы жерде 1920 жыл­дың 26 қаңтарына дейін қыз­мет етіп, уездің ревкомының ша­қы­руымен Жымпиты уездік ден­саулық сақтау комитетінің алқа мүшесі болып бекітілдім. Әрі бөрт­пе сүзек барагында фельдшер қыз­метін қоса атқардым. Одан кейін уездік денсаулық сақтау бөлі­мінің меңгерушісі қызметіне тағайындалып, 1921 жылдың маусым айына дейін жұмыс істедім. Сол жылы қыркүйек айында Қара­төбе дәрігерлік бөлімінің мең­герушісі болдым.

1920 жылы 18 мамырда Ресей Коммунистік Партиясы (большевик) қатарына өттім. 1921 жы­лы қайта сайлау өткенге дейін уез­дік атқару комитеті прези­диум мүшесі, уездік РКП (б) президиум мүшесі, РКСМ (комсомол) Ұйымдастыру бюросының мү­шесі, уездік кәсіподақ бюросы мүшесі болдым. 1921 жылдың қыркүйегінен 1922 жылдың мамырына дейін №2 Қаратөбе комсомол ұясының хатшысы болдым. 1922 жылдың мамыр-қыркүйек аралығында уездік РКП(б) комитетінің шақыруымен қайта сайлауды өткізу үшін уездік партия комитеті ұйымдастыру бюросының меңгерушісі болып тағайындалып, соңынан Орал қаласына ауыстырылдым. Қазіргі уақытта 6-уездік съезд сайлауы бойынша Орал уездік басқарма бөлімінің меңгерушісімін. Өзге партияда болған емеспін, Қызыл Армия қатарында қызмет еткен жоқпын. Осы күні Уезатком президиумының мүшесі, РКП (б) уездік комитетінің мүшесі, губатком мүшесімін.

Осы орайда айта кетейін, мен өзімді медицина қызметінде, яғни өз мамандығым бойынша жұмыс істегенде пайдалырақ болар едім деп санаймын, өйткені ауылдық жерде жасаған 9 жылдық тәжірибем бар ғой. Орал уездік басқарма бөлімінің меңгерушісі Б.Әбдірахманов».

Алматы қаласында тұратын белгілі тарихшы Алмас Жүнісбай Бейсенғали Әбдірахмановтың Қазақстандағы тұңғыш меди­ци­налық институтты ұйымдас­тырушылардың бірі болғандығын жазады. Қалай болғанда да қара­табан кедей шаруа арасынан шы­ғып, білімі мен еңбегі арқа­сында үлкен тұлғаға айналған, қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген жерлесіміздің өмір жолын бүгінгі ұрпақ біліп жүруге, ұмытпауға тиіс.

 

Батыс Қазақстан облысы