Теннис • 04 Ақпан, 2021

Үлгі алар, үйренер тұстарымыз көп немесе үлкен теннисте қазақ қыз-жігіттері неге аз?

217 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Таяуда «Egemen Qazaqstan» газетінде «Джокович Федерерден оза ала ма?» (29.01.21) атты мақала жарық көрді. Сол мақалада біз әр жылдары әлемнің бірінші ракеткасы деген мәртебелі атаққа ие болған санаулы ғана саңлақтар жайында біраз мағлұмат бердік. Бүгінгі тақырып – әйелдер теннисі. Осы спорт түрі тарихында WTA рейтингі бойынша көш бастау бақыты кімдерге бұйырды екен? Енді осы сауалға тұщымды жауап беруге тырысайық.

Үлгі алар, үйренер тұстарымыз көп немесе үлкен теннисте қазақ қыз-жігіттері неге аз?

 

Әйелдер арасында Штеффи Граф­тың алдына түсетін ешкім жоқ. 1982-1999 жылдар аралығында атой салған Гер­ма­нияның Мангейм қаласының тумасы «Үлкен дулыға» турнирлерінің барлығында бас жүлдені олжалады. Тарқатып айтсақ, Уимблдонда – жеті, Ролан Гарроста – алты, АҚШ-тың ашық біріншілігінде – бес және Аустра­лияның ашық біріншілігінде – төрт рет топ жарды. Барлығы 107 тур­нирде дара шықты. Граф бақандай 377 апта бойы WTA тізімінде көш бас­тады. Яғни сол кездері Жер-жаһанда не­міс теннисшісімен теңесе алатын ойыншылар кемде-кем еді. Тіптен, Штеффидің басты бәсекелестерінің бірі саналған испаниялық Аранча Сан­чес-Викарионың: «Оны енді ешкім тоқ­тата алмайды. Мен Жаратушыдан бір-ақ нәрсе сұраймын – Штеффи тезірек күйеу­ге шығып, үлкен спорттан қол үзсе екен. Біздің бақ жұлдызымыз сон­да ғана жарқарай жанады», деп жы­ларман болғанына миллиондаған жан­күйер куә. Иә, бұл – рас сөз. Неміс тен­нисшісі өз дәуірінің ең мықты ойын­шыларының барлығын сыпыра ұтты. Оған тек Мартина Навратилова ғана лайықты қарсылық көрсете алды. Екі мықты 18 мәрте кездесіп, әрқайсысы тоғыз реттен жеңіске жеткен екен.

Кезінде Штеффи Графтың өзін қай­мықтырған Мартина Навратилова жа­йында да ұзақ әңгімелеуге болады. Ол 332 апта бойы ешкімге есе жіберген жоқ. Чехословакияның астанасы – Пра­гада туып-өскен Мартина кейіннен АҚШ-қа қоныс аударды. Спорттық карьерасын 1975 жылы бастаған ол 2006 жылы кортпен қош айтысты. 30 жылдан аса уақыт аралығында Навратилова Уимблдонды – тоғыз, АҚШ-тың ашық біріншілігін – төрт, Аустралияның ашық біріншілігін – үш және Ролан Гарросты екі рет ұтты. Барлығы 167 турнирде қарсылас шақ келтірмеді. Америкалық теннисші 50 жасқа келгенде ғана үлкен спортпен қош айтысатынын ресми түрде жария етті.

Қазіргі кезде өрелі өнерімен кө­рер­мендерді қуантып жүрген Се­ре­на Уильямс 319 апта ең биік тұғыр­дан түскен жоқ. Кезінде оның да таң­­дай қағарлықтай табыстарға қол жет­­кізгені жанкүйерлердің жадында. Жеке­леген сайыстарда АҚШ-тың Ми­­чиган штатының тумасы Аустра­лия­­ның ашық біріншілігі мен Уимбл­дон­да – жеті реттен, АҚШ-тың ашық бірін­­шілігінде – алты және Ролан Гар­роста үш рет жеңімпаз атанды. Бар­лығы – 23. Сонымен қатар Серена өзінің туған әпкесі Винус Уильямспен бірге жұптық бәсекелерде де «Үлкен дулыға» турнирлерінің барлығын ұтты. Бұл күндері жасы 40-қа таяп қалған америкалық ойыншы әлі де бабында деуге болады.

ХХ ғасырдың 1972-1989 жылдар аралығында өнер көрсеткен амери­­ка­лық Крис Эверт 260 апта бойы алдың­ғы лектен көрінсе, швейцариялық Мар­тина Хингис 209 апта шашасына шаң жұқтырмады. Ол өз мансабын 1994 жылы бастап, 2017 жылы аяқтады. 1989-2008 жылдары кортты шай­қаған АҚШ-тың тағы бір өкілі Моника Селеш 178 апта биік тұғыр­ды босатқан жоқ. Бір айта ке­тер­лігі, Навратилова мен Селеш социа­листік жүйені ұстанған мемлекеттерде туып-өсті. Нақтылап айтсақ, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, Мар­тина Чехословакияда туса, Моника – Югославияның тумасы. Алайда нағыз кемелденген кездерінде олар дәулеті тасыған өзге елдің – АҚШ-тың туы астында өнер көрсетуді құп көрді.

Үздіктер тізімінде жетінші, сегі­зін­ші және тоғызыншы орындарды бельгиялық Жюстин Энен (117 апта), америкалық Линдсей Дэвенпорт (98 апта) және даниялық поляк қызы Каролина Возняцки (71 апта) иеленуде. Бұл ойыншылар спорттық карьераларын аяқтаған. Енді олардың өз көрсеткіштерін жақсарта алмайтыны анық. Ал одан кейінгі сатыларға жайғасқан румыниялық Симона Ха­леп (64 апта), аустралиялық Эшли Бар­ти (57 апта), беларусьтік Виктория Азаренконың (51 апта) жоғарылауына тамаша мүмкіндік бар. Себебі бұлар­дың барлығы да дәп қазіргі кезде өрелі өнерлерімен көзге түсуде. Мәселен, 24 жастағы Барти бұл күндері әлемдік рейтингте көш бастап тұр. 29 жастағы Халеп екінші орынды олжаласа, 31 жастағы Азаренко 13-сатыға жайғасқан.

Сондай-ақ Амели Моресмо (Фран­ция, 35 апта), Анжелика Кербер (Герма­ния, 34 апта), Динара Сафина (Ресей, 26 апта), Наоми Осака (Жапония, 25 апта), Трейси Остин (АҚШ, 21 апта), Мария Шарапова (Ресей, 21 апта), Ким Клейстерс (Бельгия, 20 апта), Елена Иванович (Сербия, 18 апта), Джениффер Каприати (АҚШ, 17 апта), Ана Иванович (Сербия, 12 апта), Аранча Санчес-Викарио (Испания, 12 апта), Винус Уильямс (АҚШ, 11 апта), Каролина Плишкова (Чехия, 8 апта), Гарбинье Мугуруса (Испания, 4 апта) және Ивонн Гулагонг-Коули (Аустралия, 2 апта) сынды сұлулар әр жылдары әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Ондай бақ небәрі 27 теннис­шіге ғана бұйырған екен.

Қазақстанның теннисшілері арасында ең үздік көрсеткішке Елена Рыбакина қол жеткізді. Былтыр Аустра­лияның ашық біріншілігінде үшінші кезеңге дейін жеткен жерлесіміз әлем­нің 17-ракеткасы атанды. Өзге қыз­да­рымыздың ең үздік нәтижелері мы­надай: Ярослава Шведова – 25 орын (2012 жыл), Юлия Путинцева – 27 орын (2017 жыл), Зарина Диас – 31 орын (2015 жыл) және Галина Воскобоева – 42 орын (2012 жыл).

Ал әлемдік рейтингте жоғарылауына тамаша мүмкіндік берілетін «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстарда ең тәуір нәтиже көрсеткен ойыншылар – Шведова мен Путинцева. Ярослава Ролан Гаррос (2010, 2012 жылдары) пен Уимблдонда (2016 жыл) ширек финалға дейін жетсе, Юлия Ролан Гаррос (2016, 2018 жылдары) пен АҚШ-тың ашық біріншілігінде (2020 жыл) дәл сол межеден көрінді. Зарина Диас болса, 2014 және 2015 жылдары Уимблдонның төртінші кезеңінде күш сынасты.