Оқиға • 04 Ақпан, 2021

Ақ халаттыларға арналды

305 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордамызда демалыс күндері COVID-19 індетімен күресте алдыңғы шепте жүрген ақ халатты абзал жандарға арнап М.Әуезовтің «Абай–Тоғжан» музыкалық драмасының қойылымы көрсетілді. Мұндай игі шараны Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры» ұйымдастырды.

Ақ халаттыларға арналды

Салтанатты кеш барысында театр директорының орынбасары Алмас Шоман музыкалық қойылымға келген медицина қызметкерлеріне ұжым атынан алғысын білдірді.

 – Жазушы М.Әуезовтің «Абай–Тоғжан» музыкалық драмасы бүгін медицина саласының қызметкерлеріне арнайы сахналанды. Қазіргі пандемия жағдайында ауыр індетпен күресіп жатқан дәрігерлердің еңбегі орасан екені бәрімізге мәлім. Біздің әртістеріміздің сіздерге арналған қошеметі мен құрметін қабыл алыңыздар, – деді ол.

Қойылымды тамашалауға 50-ге жуық медицина қызметкері жиналды. Атап айтсақ, Нұр-Сұлтан қаласының №4, №7, №9 қалалық емханаларынан және Ұлттық нейрохирургия орталығы мен Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығынан келді.

– Бүгінгі қойылымдағы актерлердің шеберлігі мен музыкалық ас­паптардың жанды дыбыстары жанымызды жадыратпай қоймады. Біз өте қуаныштымыз. Театр ұжымы бізге осындай керемет көңіл күй сыйлады, шаттана отырып тамашаладық. Сол үшін алғысымды білдіремін. Коро­на­вирустың емі табылып, тезірек бүкіл әлем пандемияның құрсауынан шықса екен деймін. Еліміз аман болсын, – деді №4 қалалық емхананың дәрігері Арайлым Сейданова. Ал №9 қалалық емхананың мейірбикесі Назерке Бердалиева қойылымның жоғары деңгейле өткенін атап өтіп, ақ халатты абзал жандардың еңбегін ерекше бағалап, құрметпен қараған театр ұжымына алғысын білдірді.

«Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы – қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының бозбала кезінен кө­рініс беріп, алғашқы махаббатын сипаттайтын сахналық туынды. Спектакльдің инс­ценировка авторы Мирас Әбіл, ре­жиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, қоюшы-режиссері Алма Сырбаева, композиторы Бауыржан Ақтаев, балетмейстері Шы­рын Мұстафина, хормейстері Ғалым­жан Берекешев.