Саясат • 04 Ақпан, 2021

Аурудың алдын алу қиындап тұр

300 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан COVID-19 індетінің таралуы бойынша жалпы әлемдік рейтингте 221 елдің ішінде 109-орында тұр. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов айтты.

Аурудың алдын алу қиындап тұр

«Еуропа мен Азияның кей­бір елдерінде коронавирус ин­фек­циясының өсімі бұрынғыдай жалғасып отыр. Бүгінде әлемнің 221 елінде 104 375 866 жағдай тіркелген. Аурудың өсімі 0,4-ті құрайды. 2 262 093 адам қайтыс болды. Өлім көрсеткіші 2,2 пайызды құрап отыр. COVID-19 бойынша жалпы әлемдік рейтингте Қазақстан 221 елдің ішінде 109 орында тұр. «Қазіргі таңда Қазақстан – «сары аймақта». Жал­пы, қараша айынан бері елі­мізде сырқаттанушылық деңгейі артып келеді. Қараша айымен салыс­тырғанда желтоқсанда өсім көр­сеткіші 1,2%-ды құрады. Мұн­дай өсу деңгейі қаңтарда да сақталды. Желтоқсанмен салыс­тырғанда сырқаттанушылық көр­сеткіші қаңтарда 1,4 есеге өскен», деді Е.Қиясов.

Денсаулық сақтау вице-ми­нистрі Ажар Ғиният еліміздің қай өңірлерінде аурудың асқынуы байқалатынын мәлімдеді.

«Сырқаттанушылықтың ай­тар­лықтай өсуі Ақмола, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстарында және Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында байқалады. Қазіргі уақытта 27 900 пациент емделуді жалғастыруда, оның ішінде амбулаториялық емделуде 22 112 адам, ал станционарлық емделуде 5 788 науқас жатыр. Коронавирус инфекциясынан емдеу үшін стационарлар 20 990 төсектік орынмен қамтылған. Республика бо­йынша инфекциялық керуеттердің қамтылу көрсеткіші 28%-ды құрайды. Инфекциялық стационарларда реанимациялық көмек көрсету үшін 1 884 орын дайын тұр. Қажет болған жағдайда қосымша 31 мыңға жуық төсектік орын ашу мүмкіндігіміз бар», деді А.Ғиният.

Оның айтуынша, коро­на­ви­русқа шалдыққан 310 адамның жағдайы ауыр. Осы жылдың басынан бері республика бойын­ша денсаулық жағдайы ауыр п­ациенттердің саны едәуір төмен­дегені байқалады. Сонымен қатар жекелеген өңірлерде ауыр науқастардың саны алдыңғы аймен салыстырғанда ұлғайып барады. Олар – Атырау, Қарағанды, Павлодар облыстары, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары.
3 ақпандағы жағдай бойынша республикада коронавирус
инфек­циясы бар, жағдайы ауыр нау­қас­тардың саны – 310 адам. Жағ­дайы өте ауыры – 57. Жасанды тыныс алу аппаратында 52 па­циент бар.

Пациенттердің 64 пайызы – коронавирустың оң диагно­зы бар науқастар. Тәулігіне реани­мацияға 30-дан 50-ге дейін нау­қас түседі. Реанимация бөлім­ше­сіндегі ауруларды талдау пациенттердің 70 пайыз­ға жуығында қант диабеті, арте­риялық гипертензия, өкпенің обс­труктивтік ауруы, семіздік, бауыр циррозы, онкологиялық аурулар, жүрек-қан тамырлары жүйесінің созылмалы аурулары бар екенін көрсетіп отыр.

«Осы пациенттердің 66 пайызы алғашқы тәулікте ауыр күйде түсіп жатыр. Бұл көбінесе үйде өз бетінше емделу әрекетінен кейін медициналық көмекке кеш жүгінуді білдіретінін айта кету керек. Учаскелерде індет жұқтырған симп­томсыз, жеңіл нысаны бар науқас­тарды амбулаториялық бақы­лаудың чек-парақтары, індет жұқтырған баланың жағдайын бақылау бойынша ата-аналарға арналған чек-парақтар жүргізілуге тиіс», деді А.Ғиният.

Оның айтуынша, вакцина­лау жүргізер алдында дене қызуын өлшеу, эпидемиялық анам­незді жинау, сатурацияны, жүрек жиырылуының жиілігін, арте­риялық қысымды өлшеу, тыныс алу және жүрек-қан тамыр жүйесін аускультациялау және жұт­қыншақты тексеру арқылы дәрі­гердің міндетті тексеруі жүргізі­леді. Егер температура 37°C-тан асса, вакциналау кейінге қалды­рылады.

«Қазіргі таңда вакциналау – алдын алудың жалғыз тиімді құралы. Бүгінгі таңда бұл – иммун­дық-профилактикамен басқа­ры­латын инфекциядан, соның ішінде коронавирус инфекциясынан сақтайтын баламалы шара. Вакциналау сырқаттанушылықты төмендетуге және коронавирус инфекциясы бар пациенттердің жағдайын жеңілдетуге және тиісінше одан болатын өлімді төмендетуге мүмкіндік береді», деді А.Ғиният.