Тарих • 05 Ақпан, 2021

Тауық жылғы ашаршылық

1804 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті...»

Тауық жылғы ашаршылық

 

Сол зұлматтың кесірінен қырылып қал­мағанда, халқы­мыздың саны қазіргіден әлде­неше есе көп болар еді. Тари­хымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиіс­ті тарихи құжаттарды, жи­налған мәліметтерді аса мұ­қият зерделеу керек. Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мем­лекет тарапынан баға беріл­гені жөн. Біз бұл күрделі мәсе­леге ұстамдылықпен жә­не жауапкершілікпен қара­уы­­мыз қажет. Жалпы, тарихи зерттеулерді ұраншыл­дық пен даңғазасыз, таза ғы­лыми ұстаныммен жүргіз­ген дұрыс» деген еді.

Осы орайда айтпағымыз, 1931-1932 жылдары болған ақ мешін жылғы алапат аштық жайлы көп жазылып жүр. Ал Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы атап өткен 1921 – тауық жылы басталған аштық жайлы айтыла бермейді. Мем­лекет басшысының аталмыш оқиғаны атап өтуі – ұлт тарихындағы ақтаңдықтарды ұрпақ жадында жаңғыртып, қазақ қоғамы алдында ал­ғаш­қы аштықтың тарихи ма­ңызын ашып көрсету екені анық.

1

Кеңес өкіметі орнап, Қазақ АКСР-і құрылған кезде болған бұл 1921-1922 жыл­дардағы ашаршылық Қазақ­станның Орынбор, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Бөкей гу­бер­­ния­­лары мен Адай уе­зін де шарпып, халықтың үш­­тен бір бөлігі қырғынға ұшы­рап, ашыққандар тамақ іздеп шет жаққа қарай бос­ты. Сол кезде Ресейде Волга бо­йындағы халық та ашар­шылық дәмін татып жатқан болатын. Еділ жағасындағы жерлерде, нақтылай айтқанда, Екатеринбург, Пермь, Пенза губерниялары мен Дон облыстары және Украинаның бірнеше аудандарындағы халық та зор аштық апатына ұшырады (Асылбек Ғ. Қазақ Республикасындағы аштықтың ауданы // Қызыл Қазақстан. – 1922. – № 4 14-б).

Республикамыздың батыс өңірінде мұндай нәубеттің орын алуына қызылдар мен ақтар арасындағы соғыс та ке­сірін тигізді. Ерсілі-қарсылы жүйт­кіген ақ пен қызылдың әскерлері жұрттың қолында бар шөп пен азықты тартып алып, халыққа қиянат жасады. Қарсыласқандарды атып тастау оқиғалары жиіледі (Қазақ Респуб­ликасында аш­тық ауданы // Қызыл Қазақ­стан, 1922. №7-8. 17-б).

Еліміздің батыс өңіріндегі аштық туралы ВЦИК-тің Түркістан жөніндегі арнайы комис­сиясының мүшесі Са­фа­ровтың сол кездегі қазақт­ың жағдайын баяндап, 1921 жылы тамыз айында Ленинге жазған хатында: «...қазақтарда ішер ас, киер киім жоқтықтан, үсті-басы лыпасыз қалған әйел­дер жұрт көзіне түспей жасырынып жүр,­ адамдар аштан өлмеу үшін иттің етін жеп, балаларын сатуға мәжбүр болуда. Жер­­гі­лікті басшының бәрі орыстар. Олар шови­нистік пиғылмен уланған, баяғы отарлау ісін жалғастырушылар, – дейді (Жеңіс Мар­данұлы. Шежіре. Ертіс – Баянаула өңірі. – Павлодар. «Дауа», 1995. 1-кітап. 52-б).

Сол сияқты мына бір деректе: «Тамақ іздеп рес­пуб­ликадан тысқары ай­мақ­­тарға босқандардың жағ­дайы да күннен күнге ауыр­лай түсті. Қол жайып,­ қайыр тілеген ауыл балалары Ақтөбе қаласында үй­рен­шікті көрініске айнал­ды. Аштан қырылған сәби­лердің мүрделері далада, қа­­ла көшелерінде шашылып жат­ты», делінсе (АОММ. Р-3-қ.,­­ 1-т. 615-іс. 16-п), алаш­­та­ну­шы-ғалым Тұрсын Жұрт­бай «Әуезов және Алаш» ат­ты еңбегінде: «Ит пен мы­сықты ұрлап, сойып жеу, шын мәнінде, індетке айналды. Осынау «бір кесім ет үшін» бірінің жағасын бірі жыртқандар жыртылып айырылады. Қу құлқыны үшін бір хайуанның соңынан бірнеше адам жүгі­ріп ба­ра жатады. Қалайда тірі қалу­дың қа­мын жасап, жансе­білдікпен жанталасқан әл­­гі адамның өмірге құштар­лығын түсіну үшін оның қуып жүрген хайуанды ұста­ған кезін­дегі қуанышын көр­сеңіз ғой, аштықтың қасі­ретті сайқымазағын сонда түсінесіз. Жол жиегінде өліп жатқан, өліп бара жат­қан адамдарға әлгі «жансе­білдердің» өзі қарауға қор­қады, өйткені келесі сәтте оның өзі де соның кебін құшуы мүмкін. Иә, ол да ғажап емес… Сотта бірде тұ­рақты түрде адамның етімен қоректенген үш адамның ісі қаралып жатса, келесіде адам­ның етін пұттап сат­қанға үкім шығарып жатты. Міне, дәл осындай көрі­ністен мағлұмат берген Орал губерниясындағы Елек аудан­дық аштарға көмек коми­тетінің 1922 жылғы 14 қаңтарындағы есебінде: «Кешке жақын көшеге шығу қорқынышты, адамдарды, әсіресе, толық адамдарды аң сияқты аулауға шығатындар бар. Аштар өлгендердің етін жеп жатыр»деп жазған екен.

Халықтың басына түскен бұл нәубетке күйінген қа­зақ зиялылары – Ахмет Бай­тұрсынұлы мен Мұхтар Әуезов дабыл қаққан. Нәтижесінде, 1921 жылы 10 желтоқ­сан күні осы аштық мәселесі бойынша қазақтың оқығандары бас қосқан. Олар – Жан­гелдин, Әуезов, Алманов, Асыл­бе­­ков, Кенжин, Байтұр­сы­нұлы, Байділдин, Төле­пов, Жа­манмұрынов, Сары­мол­даев, Авдеев, Найман­баев, Нұр­маханбетов, Игі­ліков, Қар­жасов, Тұнғаншин, Бір­жаров, Оразбаева, Сама­тов, т.б.

Жиынды Әліби Жан­гелдин басқарып, күн тәр­тібіне қырда аштыққа ұшы­рағандарға көмек көрсетуді ұйымдастыру және қазақ қызметкерлерін осы жұмысқа тарту туралы екі мәселе қойылған. Нәтижесінде, аш­тықтан аман оңтүстік өңір­дің тұрғындарынан ашық­қандарға көмек ретінде 2 млн пұт астық жібертуге қол жет­кізген.

Тіпті кейбір алаш қайрат­керлері үкіметке қарап отырмай, халықты аштықтан құт­қару үшін өз­дері білек сыбанып кіріскен. Осы тұс­та Жүсіпбек Аймауытов бас болып, М.Дулатов, Қ.Сәт­паевтар Семей өңірінен мың­даған сиыр жинап, Торғайға жаяу-жалпы ай­дап келген. Елге тегін таратып берген. Сөйтіп, елді аштық­тан аман алып қалғаны жайлы білеміз.

Қазақ Орталық Атқа­ру Коми­тетінің ресми анық­тамасы бойынша 1921-1922 жылғы нәубеттің салдарынан 1,5 миллион қазақ аштан қырылған десе, сол тұста­ғы Орта Азияның сая­­си­ жетек­шілерінің бірі Г.Саро­диев 1921 жылы 21 сәуірде жазған мәлі­метінде: «Қазақ даласында 1 млн ас­там қазақ большевиктік гугеноттардың құрбандығы болды» депті.

Осы аштық туралы Гер­манияда жарық көрген «Форум» журналында 1 млн қазақ­тың аштықтан опат болғаны жайлы дерек бар («Форум» журналы, Мюнхен, № 4. 1983 ж).

1922 жылы аштыққа ұшыра­ған адамдар саны:

қаңтарда – 1 554 197,

ақпанда – 1 625 387,

наурызда – 1 719 234,

сәуірде – 2 286 486,

мамырда – 2 093 403,

маусымда – 2 019 475-ке жеткен екен (Отчет СТО КАССР за апрель-сентябрь 1922 г. Орын­бор, 1922, 234-235 беттер).

Алаштанушы Тұрсын Жұртбай 1921-22 жылдардағы аштық жайлы Ақынжан Иген­баев ат­ты зерттеушінің назарына ілін­ген «Аштарға кө­мек­ комиссиясының жұ­мыс қорытындысы» атты құжат­ты жариялап жүр. Осында келтірілген деректе: Қазақ автономиялы республикасының бес губерниясында 1 миллион 559 мың адам аштан өлген дейді. Айдалада қаңғып, жетім қалған балалардың саны: 1921 жылдың 1-31желтоқсан аралығында – 286-ға, 1922 жыл­дың қаңтар-наурыз аралығында – 741-ге жеткен депті.