Бүгінде жалға берілетін және несиелік тұрғын үй құрылысына, қайталама нарықтан пәтер сатып алуға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жеткілікті қаражат бөлінген. Яғни бәрі де ойдағыдай іске асатын болса, жыл аяғында үй кезегінде тұрған 2 900 адам баспанамен қамтамасыз етілуі тиіс.
Ал былтыр Қарағанды облысы бойынша кезекте тұрған 1 528 адам пәтерге ие болды. Оның ішінде коммуналдық тұрғын үй қорынан 897 адам үй алса, ипотекалық несиелеу бағдарламасы бойынша 102 тұрғын баспаналы болды. Сонымен қатар «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ желісі бойынша несиелік тұрғын үй қорынан 124 пәтер иесін тапса, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 365 адам және демеушілер есебінен 40 тұрғын қоныс тойын тойлады.
Облыста құрылыс және тұрғын үймен қамтамасыз ету – жергілікті әкімдер жұмысының басты көрсеткіші болатын түрі бар. Сол себепті «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламаларының дер кезінде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету атқарушы билік өкілдерінен бірінші кезекте сұралады. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта тұрғын үй кезегінде тұрғандардың тізіміне түгендеу жүргізу де қатаң бақылауға алынған.
Бұл турасында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек былай дейді: «Құрылыс және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері – өңірлердегі әкімдер жұмысының басым бағыты. Саладағы мемлекеттік бағдарламалардың мезгілінде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету қатаң бақылауда болады. Тұрғын үй кезегінде тұрғандардың тізіміне ауық-ауық түгендеу жүргізіп отыру қажет. Жаңа тұрғын үйлер салу құрылыс индустриясын дамытуды талап етеді. Бұл үшін жергілікті өндірушілерге қолдау көрсету қажет».
Айта кететін бір жайт, тұрғын үй және басқа да құрылыстар кеншілер астанасында ғана емес, шағын қалалар мен аудан орталықтарында да қарқын ала бастады. Мысалы Қарағандыға серіктес қала Абайда бүгінде 160 пәтерлік жалға берілетін және несие түріндегі екі үйдің құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде. Сонымен бірге, өткен ғасырдың 90-шы жылдары құрылысы аяқталмай қалған 70 пәтерлі үйді қалпына келтіру жоспарға алынған.
– Бүгінде біз Абай қаласында ғана емес, Топар кентінде де тұрғын үйлер салып жатырмыз, – дейді Абай ауданының әкімі Бауыржан Асанов. – Таяуда 18 пәтерлік үйді жалға береміз деген жоспар бар. Ол жерде Кеңес Одағының құлдырауынан бері құрылыс жүргізілген емес. Жыл қорытындысы бойынша 248 адамды тұрғын үймен қамтамасыз ететін боламыз.
Сондай-ақ биыл Қарқаралыда 18 пәтерлі алты үй салу жоспарланған. Қарқаралы ауданының әкімі Елдар Дүйсетаев «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 18 пәтерлі алты тұрғын үйдің пайдалануға берілетінін айтады. Яғни жоспар жүзеге асқанда, 100-ден астам отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі.
Құрылыс саласындағы мұндай оң өзгерістер Шет ауданында да байқалады. Мысалы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өткен жылы Ақадыр кентінде басталған 12 пәтерлі екі үйдің құрылысы биыл аяқталуы тиіс.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов өңірде өткен жылдан бері «Шаңырақ» қанатқақты жобасы бойынша тұрғын үй қарыздарын берудің басталғанын мәлім етті. Өз кезегінде бұл құрылыс жұмыстары жан-жақты қарқын алған Қарағанды облысы бойынша да «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты болмақ.
Қарағанды облысы