Аймақтар • 05 Ақпан, 2021

Жұмысшы – сұранысы жоғары мамандық

1075 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жалпы, мамандық таңдаудың өзі әрі қиын, әрі қызық мәселе. Мектепте оқып жүрген әрбір баланың бір салаға деген қызығушылығы болады. Бірақ өсе келе оған айналасындағы жағдайлар да әсер етпей қоймайды.

Жұмысшы – сұранысы жоғары мамандық

Мәселен, бүгінде алдыңғы аға буынның көпшілігі жастарды кінәлай сөйлейді. Бәрінің бірден әкім, прокурор сияқты лауазымды орынға барғысы келеді дегенін де жиі естиміз. Бірақ бүгін ғана қолына диплом алған жасты ешкім де жайлы орынға жайғастыра салмасы анық. Алайда мамандық таңдау әр адамның өз еркі. Қо­ғамда көп ретте жастардың жұ­мысшы мамандықтарына жиі бара бермейтіні айтылады. Еліміз бүгінгідей кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп отырғанда, бір жағынан жұмысшы мамандығында оқы­ған жастың кейіннен кәсіп ашып, істің көзін табуына да мүм­кіндігі бар. Әрі бала күнінен шаруашылыққа бейім жастың өсе келе жұмысшы мамандығын да таңдайтыны сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағ­дайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Өнім­ділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын және техно­ло­гиялық сипатын арттыру» керектігін айтқан болатын. Мұ­ның бәрі де жұмысшы маман­дығына байланысты. Бұл ретте мемлекет тарапынан да аталған мамандық иелерін даярлауға жіті көңіл бөлінуде. Мәселен, Жамбыл облыстық білім бас­қармасына қарасты №9 Меркі колледжі бүгінде 7 мамандық, 11 біліктілік бойынша жұмысшы мамандар даярлап келеді. Атал­ған мекеме 1953 жылы №102 Ауыл шаруашылығын ме­­ха­низациялау училищесі болып ашылған. Содан бері түр­лі қиын-қыстау кезеңді бас­тан кешірген оқу орнында қа­зіргі кезде «Тамақтандыруды ұйым­дастыру», «Электр газымен дәнекерлеуші», «Есептеу тех­никасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Ферма шаруа­шылығы», «Токарьлық іс және ме­талл өңдеу» және өзге де маман­дықтар бойынша 601 жас білім алуда. «Колледжде жалпы штаттық кесте бойынша 125 қыз­меткер жұмыс атқарады. Олар­дың ішіндегі 92 қызметкер оқы­тушылар мен өндірістік оқыту шеберлері. Педагог кадрлардың 49-ы жоғары білімді мамандар», дейді аталған колледж директоры Ғалымжан Мамырбаев.

Әлемдік тәжірибеге сай, бү­гінде кәсіптік білім беруді дамыту, білім беруді дүниежүзілік стандарттарға сәйкестендіру өте маңызды мәселе болып отыр. Сол сияқты, инновациялық экономиканы қалыптастыру да үлкен міндеттің бірі. Аталған мақсатта №9 Меркі колледжіне «Жас маман» жобасы аясында 313 144 200 теңге бөлініп, оған қажетті бар­лық заттар алынған. Оның ішінде 2 трактор, дәнекерлеу аппараты, комбайн, КамАЗ және өзге де жұмысшы мамандығына керекті техникалар бар. Бұл күнде атал­ған колледж түлектерінің алды өз кәсібін ашып, аудан эконо­микасының дамуына үлес қосып келеді.

«Worldskills Zhambyl – 2018» байқауында «Аспаздық ісі» құзыреттілігі бойынша жүл­дегер атанған Әділет Аманжол қазіргі кезде ауданда «Донер» жеке кәсіпкерлігін ашып, түрлі тағам түрлерін сатумен айна­лысады екен. Сол сияқты, «Worldskills Zhambyl – 2018» бай­қауында «Автокөлікті жөн­деу, пайдалану және қызмет көр­сету құзыреттілігі» бойынша жүлде алған Олжас Мәркім де Меркі ауданында автомобиль жөндеу орталығын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Сондай-ақ әр кезеңде түрлі байқауларға қа­тысып, жүлдегер атанып, же­тістікке жетіп жүрген жастар баршылық.

Қазіргі кезде №9 Меркі кол­леджін­де жаңа алынған шет­ел­дік және отандық техникалар ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамуы мақсатында пайдаланылуда.

«Ал сапалы құрал-жабдықтар студенттердің техникалық және кәсіптік мамандықтарға деген қызығушылығын арттыруда. Орта буын жұмысшы мамандарын сапалы бәсекеге қабілетті етіп дайындау мақсатында «Ди­зельді қозғалтқыштарды жөн­деу және қызмет көрсету», «Же­ңіл автокөлікті жөндеу және қыз­мет көрсету», «Дәнекерлеу тех­нологиялары» құзыреттілік орталықтары ашылды. Сонымен қатар колледжде мамандықты оқытуға арналған 14 оқу кабинеті, 5 шеберхана, 4 зертхана бар. Өндірістік оқу шеберханалары мен оқу кабинеттері заман талабына сай жабдықталды», дейді Ғ.Мамырбаев.

Сонымен қатар Меркі ауда­нының әкімі Мейірхан Өмірбеков колледжге 200 гектар жер беріп, қолдау көрсетіп отыр екен. Мұн­дағы мақсат – жастарды жұмыс­шы мамандығына баулу, техникалармен сол жерге егін егіп, өнім алу болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, жастарды оқытудан бөлек, бәрін тәжірибе жүзінде көрсету. Ал техникалық және кәсіптік білім беру бойынша маман дайындау сапасын арттыру да негізгі мәселенің бірі. Бұл ретте колледж Түркия мемлекетінде, Чехия Республикасының Прага қаласында және Малайзия елінде орналасқан бірқатар техникалық және кәсіптік оқу орындарымен тәжірибе алмасуда.

 

Жамбыл облысы,

Меркі ауданы