Аймақтар • 06 Ақпан, 2021

Медицина саласындағы материалдық-техникалық базаны жаңартуға 6 млрд теңге бөлінеді

229 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Instagram» желісінде тікелей эфирде тұрғындармен жүздесіп, әлеуметтік саладағы мәселелерді талқылады. Әдеттегідей, шаһар басшысы алдымен эпидемиологиялық ахуалды баяндап өтті. 

Медицина саласындағы материалдық-техникалық базаны жаңартуға 6 млрд теңге бөлінеді

Өткен тәулікте шаһарда COVID-19 инфекциясын жұқтырған 9 жағдай тіркелді. Бүгінде қалада 1 060 төсек - орын бар (жұқпалы - 560, карантиндік - 500), оның 896 төсек-орны бос. Жұқпалы және карантиндік ауруханаларда 164 науқас ем қабылдауда.

Шымкент қаласында пандемияға қарсы СПУТНИК V вакцинациясын салу 1-ші ақпаннан басталды. Қалаға 1000 доза вакцина жеткізілді.

Қала әкімінің бұл жолғы эфирі денсаулық сақтау саласындағы мәселелерге арналды. Мұрат Дүйсенбекұлы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, саладағы жоспарлардан хабардар етті.

Шымкент қаласында бүгінде халыққа 123 денсаулық сақтау мекемесі қызмет көрсетеді. Оның ішінде 36 - мемлекеттік мекеме, 87 - жекеменшік мекеме. Осыдан 2-3 жыл бұрын жекеменшік клиникалар бар-жоғы 30 шақты болатын. 2019 жылы тұрғындар медициналық көмекті тек 1 бағдарлама арқылы алатын. Ол - тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакеті. Алайда бұл бағдарлама аясында барлық медициналық көмек қол жетімді емес-тін. Мысалы, күрделі операциялар, қымбат тұратын диагностикалық зерттеулер, МРТ КТ және кейбір сирек кездесетін зерттеулер, т.б.

2020 жылы күрделі қайта жөндеу жұмыстарына 6,1 млрд. теңге бөлінді.

Медициналық құрал-жабдықтардың 40 %-ы ескірген еді. 2020 жылы материалды- техникалық базаға 6 млрд. теңге қаралып, көптеген құрал жабдықтар алынды. Нәтижесінде 80 %-н астамы жаңартылды. 2020 жылы жаз айларында "Асар" шағынауданында модульді орталық ашылды. Қайтпас -1, Таскен, Нұртас шағынаудандарында қызмет көрсететін «Атамекен» емханасы соғылды, онда бір ауысымда 250 адам қабылдайды.

Қала әкімінің айтуынша, 2021 жылы бұл бағытқа тағы да 6 млрд. теңге бөлінеді.

Биыл инвесторлар көмегімен қаланың №9, №11, №12 емхана және 400 орындық балалар және ересектер оңалту орталығын ашу жоспарлануда.

Шымкент қаласында әр 15 минутта 1 бала туылады. Өткен жылы 30 мыңнан астам бала дүниеге келді. Осыған байланысты қосымша 200 орындық босану үйін соғу жоспарлануда.

Сондай-ақ, шаhар басшысы медицина саласын ақпараттандыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығының алдын алу бағытында атқарылатын жоспарларды баяндады.

Эфир соңында қала әкімі әдеттегідей тұрғындарды сақтық шараларына мән беруді, әлі де босаңсуға болмайтынын атап өтті.