21 Сәуір, 2010

ИННОВАЦИЯ БІЛІКТІЛІКТІ ТАЛАП ЕТЕДІ

501 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Алматыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Ө.Жолдасбеков атын­да­ғы студенттер сарайында бірінші ин­новациялық конвент өткізілді. Алматы қаласындағы инновация­лық жұмысты одан әрі жандан­ды­ру­ға бағытталған форумға Пре­мьер-Министрдің орынбасары, Индус­трия және жаңа техноло­гия­лар ми­нистрі Әсет Исекешев, Ал­маты қа­ла­сының әкімі Ахметжан Есімов қа­тысып, сөз сөйледі. Мем­лекет бас­шысы қазақстандық­тар­ға арна­ған биылғы Жолдауында “инно­ва­циялар ғана еңбек өнім­ді­лігінің шұғыл артуына жеткізеді” деп атап айтқан болатын. Соған орай, Елба­сы тапсырмасымен Үкі­мет жедел  индустриялық-иннова­ция­лық да­мудың мемлекеттік бағ­дарламасын және индустриялан­ды­ру картасын әзірлегендігі бел­гілі. Инновациялық жобаларға қол­дау, бұл бағыттағы іс-шара­лар­ды дәйектілікпен жүзеге асы­ру бағытында ілгерілеушілік бай­қалуда. Мәселен, Алматы қа­ласы әкімі жанынан биылғы жыл­дан бастап “Инновация және ғы­лы­ми технологиялар жөніндегі ғы­лы­ми кеңес” құрылды. Сөз реті кел­генде атап айтарлығы, құрамына белгілі ғалымдар, жоғары оқу орын­дары жетекшілері, білікті ма­мандар ен­ген ғылыми кеңес инно­вациялық жобаларды өнді­ріс­ке енгізуге ық­пал етіп, білім, ғылым саласында өз ұсы­ныс­тарын дайын­дай­ды. Со­нымен қатар, үздік инно­вациялық жо­ба­лар­дың өндіріске енуі­не мүдделілік біл­дір­ді. Оңтүстік ас­та­нада өт­кен ал­ғаш­қы инновациялық кон­вент­те Алматы қа­ласының әкімі Ах­метжан Есімов ғы­лыми ізденіс­тер­дің көкжиегін кеңей­ту­дің ұтым­ды әдістері мен жолдары жөнінде өз ойын ортаға салды. Қала әкі­мі­нің ұсынысы бойынша келе­шек­те Инновациялық кон­вент Алматыда жыл сайын өт­кізілетін болады. Сон­дай-ақ, бұл конвент ғалымдар мен бизнес өкілдеріне арналған диалогтік алаңға қызмет етіп, онда ең үздік инновациялық жобалар, қызмет­тердің көшбас­шылары ірік­телінетін болады. Ең бастысы, ең таңдаулы әрі ең үздік жобаларға Алматы қаласы әкімінің үш түрлі но­минация бойынша сыйлығы та­ғайын­далды. Премьер-Министрдің орын­ба­сары – Индустрия мен жаңа тех­нология министрі Әсет Исекешев жи­налғандарға биылғы 2010 жыл­дан бастап инновациялық техно­ло­гиямен енгізілген тәжірибелік-конс­трукторлық жұмыстар арнау­лы гранттарға ұсынылатындығын ха­барлады. Келешекте Үкімет грант­­та­рының саны ұлғая түспек. Ал, енді мұның өзі университет ғылы­мына тың серпін беретіндігі, сон­дай-ақ студент-жастардың на­за­рын маңызды жобаларға ауда­ру­ға игі ық­пал ететіндігі сөзсіз. Оның үстіне ғалымдар мен жаңа­лық ашушы­лар­ға қажетті қыз­мет­тің бәрін ың­ғай­лы негізде ұсынуы үшін мемлекет техно­парк­тердің шы­ғындарын жабуға арнап мил­лиондаған теңге қа­ражат бөлуде. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ректоры Бақытжан Жұмағұлов өз кезегінде Алматы қаласында инновацияны енгізу үшін ең басты фактор бар екендігін де тілге тиек етті. Әрине, мұнда индустрия­ландыруға тікелей жауап беретін және бизнеспен өзара қарым-қа­тынас механизмі бар қала әкім­ді­гінің мүдделілігін атап айтқан жөн. “Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда ғылыми ұйымдардың бизнеспен тікелей байланысы, қарым-қатысы жоқ. Ал, енді бүкіл әлемде инно­ва­циялық сұранысты мемлекет пен ірі корпорациялар қалып­тас­тырады. Бізде даму институттары құрылған, алайда, өкінішке орай, инновацияға сұраныс жоқ. Сон­дықтан да алдағы уақыттағы біздің міндетіміз осы механизмнің, яғни тетіктің ауқымды түрдегі қозға­лысқа енуіне қол жеткізу”, деді Бақытжан Жұмағұлов. Алматыдағы алғашқы иннова­ция­лық конвентте ортаға салынған мәселелер арасында оқытушы­лар­дың кәсіби біліктілігін арттыру және оларды қайтадан дайын­дау­дан өткізу қажеттілігі де назардан тыс қалмады. Ең өзекті мәселе – жоғары оқу орындарындағы оқу бағдарламаларының халықаралық стандарттарға  және бүгінгі күннің жоғары талабына сәйкес келуінде болса керек. Мемлекет басшы­сы­ның биылғы Жолдауында атап көр­сетілгендей, тек қана жоғары білім деңгейі және инновацияны енгізу негізінде ғана экономиканы құрылымдық қайта құруға, отан­дық индустрияны модерниза­ция­лау және мемлекетіміздің қарқын­ды  дамуына қолайлы жағдай жа­сауға болады. Көпшілік тұжырымы осы. Бақыт БАЛҒАРИНА. АЛМАТЫ.