Технология • 08 Ақпан, 2021

Цифрлы трансформацияның мүмкіндігі мол

347 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірыңғай экономикалық кеңістік құру мен ынтымақтастығын дамытудың күн тәртібіне мүше елдердің басшылары 2016 жылы қол қойған болатын. Бүгінде әлемдік экономикадағы заманауи қарқынды үдерістер одаққа мүше елдердің ықпалдастық аясын кеңейту мәселесінде цифрлық мүмкіндіктердің жаһандық тренд ретінде өзекті болып отырғанын көрсетеді. Осы орайда Digital Almaty форумы аясында үкімет басшылары цифрлы трансформациядағы таяу келешек мүмкіндіктері аясындағы маңызды қадамдармен бөлісті.

Цифрлы трансформацияның мүмкіндігі мол

 

Ендігі кезекте ЕАЭО-ға мүше елдердің экономикасын цифрлан­дыру  – 2025 жылға дейінгі күн тәр­тібінде тұрған маңызды мәселенің бірі. Цифрлы трансформация – са­палы, революциялық өзге­рістер­дің көрінісі, бұл тек жеке­леген цифр­лы түрлендіру­лер ғана емес, соны­мен қатар прин­ципті түрде де экономика құ­ры­лымының өзгеруі, күнде­лікті өмір, іскерлік орта және мем­ле­кеттік басқару, сонымен қа­тар цифрлы үрдістерді бірікті­ретін кеңістік, өзара іс-қимыл құ­рал­­дары, ақпараттық ресурстар, реттеу нормалары, ұйымдастыру тетік­тері негізінде жалғасын табатын болады.

Форум қатысушыларына бейнеконференция арқылы үндеу жариялаған Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев бү­гін­де Қа­зақстанда мемлекеттік қызметтің 90 пайыздан астамы электронды форматта екендігін жеткізді. Дағдарыс кезінде 6,5 млн-ға жуық азамат цифр­лы жүйе­лер арқылы мемлекеттің қол­дау­ына ие болған. Ал сымсыз интернетті пайдаланушылардың саны 15 млн-нан асады. Осы форумда болашақтың заманауи технологиялар мен инновацияларда екенін жақсы түсінеміз деп атап өткен Президент бұл бағытта бәсекелестіктің жоғары екендігін атап өтті.

«Сарапшылардың пікірі бо­йынша, 2021 жылы сымсыз желі­лердің, ықшам есептеу жүйе­лерінің жасанды интеллектін да­мы­туға бағытталған техни­ка­лық, технологиялық және бағдар­ла­малық шешімдер нарығы 35 пайызға өсіп, шамамен 12 млрд долларды құрайтын болады. Ал 2025 жылға қарай 5G технологиясы кәсіпорындарға өз деректерінің 70 пайызына дейін жиынтықты өңдеуді жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда тәсілдерді үйлестіру мен осы саладағы қызметтің жалпы үйлесімі қажет» деп атап өткен Президент осы орайда Назарбаев Университеті негізінде Нұр-Сұлтанда Дүние­жүзілік банкпен бірлесіп жасанды интеллектің ұлттық кластері құрылатынын жеткізді. Осы орайда Деректерді өңдеу орталықтары құрылып, 500 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланғанын, ЕАЭО және өңір бойынша әріптестерді шақыру көзделіп отырғанын жеткізген Президент салада блокчейн енгізіліп, салық органдары Ресеймен цифрландыру бойын­ша өзара іс-қимылды жолға қойға­нын да атап өтті. Сонымен бірге «Дәрі-дәрмектерді таратудың ұлт­тық жүйесі, құжаттар базасын электронды форматта заңды түрде тану енгізіліп, мемлекеттік қыз­меттер проактивтілік, ком­по­зиттілік қағидатын ескере отырып, яғни азаматтардың проб­лемаларын бір мезгілде шеше оты­рып жұмыс істейтін болады. «Тиім­ділік Ұлттық ақпараттық жүйе­­лердің үйлесімділігіне, көр­шілер арасындағы ақпараттың үздік­сіз ағымына байланысты. Бірақ интеграция қосымша дамуды қажет етеді. IT адамзат қауіп­сіздігі мен дамуын ескере отырып, құқықтық шеңберде дамуы қажет. Жаңа технологияларға бай­ла­нысты жұмыс күшінің бір бөлі­гін босату күрделі мәселе, шеші­мі әлі табылған жоқ. Бірақ мен жаңа технологиялар адамзатты кеңіс­тіктен айырмайтынына сенемін», делінген Президенттің форум қа­ты­сушыларына жол­даған үндеуінде.

Дүниежүзілік экономикалық форумның президенті Берге Бренде осы орайда цифрлы ынты­мақ­­тас­тықтың артықшылық еместігін алға тартып, ендігі кезекте цифрлы инфрақұрылымға инвес­тиция салу­дың маңызды екенін жеткізді. Биыл Еуропа мен Ор­талық Азия елдерінде эконо­микалық өсім 3 пайызды құрай­тын болады. Экономикалық өсім бизнес пен үкімет бірлесе жұмыс істеген жағдайда ғана тұрақ­ты болмақ. Цифрлы байланыс дәулетті елдерге тән құбы­лыс емес, бұл міндетті шарт. Ин­тер­нетсіз экономикада да өсім болмайды. Пандемия кезінде әлемде цифрлы теңсіздіктің орын алып отырғанын жеткізген Б.Бренденің айтуынша, қазір әлемде 3,6 млрд адам интернетке қол жеткізе алмай, офлайн режімінде отыр.

ЕЭК коллегиясының төрағасы Т.Саркисянның айтуынша, ЕАЭО жаһандық экономикадағы позициясын алдағы онжылдықтарға айқындай отырып, цифрлы күн тәртібінің басым бағыттарына сәйкес цифрлы бастамаларды әзір­леу мен іске асырудың бірлескен тәсілдерін жаңартып, күшей­туі тиіс. Ол нарықтағы бәсе­ке­­лес­тіктің күшеюі жағдай­ында үшін­ші ел­дермен және ин­теграция­лық бір­лестіктермен сауда-эконо­мика­лық қаты­нас­тарды кеңей­ту жөнін­дегі жұмысты күшейтумен қатар Еуро­одақпен, Оңтүстік-Шығыс Азия мемле­кеттері қауым­дастығымен, әлем­нің неғұрлым сер­пінді эконо­ми­ка­ларын біріктіретін өңірлік әріп­­тестік диалогтары бойынша жү­йе­лі жұмыс керектігін алға тартты.

Ал Қазақстан Үкіметінің басшысы А.Маминнің айтуынша, экономиканың барлық саласын цифрландыру қарқыны жеделдеді. «Экономика мен халық өмірінің барлық саласын цифрландыру қарқынын бұрын-соңды болмаған жеделдету пандемияның аса маңызды трендтерінің бірі болды. Цифрлы технологияларды кеңінен енгізу әлеуметтік шектеулер, өндірістік үдерістер мен көлік ағындары кідірістерінің артуы жағдайында жеке секторды биз­несті жүргізуге бейімдеудің негізгі тетіктерінің бірі болды. Мем­ле­кеттік институттардың цифр­лы шешімдерді жедел енгізуі физи­калық қатысудың шектеулі мүм­кіндігі жағдайында халықты мем­­лекеттік қызметтермен қам­тамасыз ету қажеттілігіне жа­уап болды. Жұмыс пен оқытудың қашықтағы форматтарының кеңінен таралуы қоғам функцияларын тұрақ­тан­дыруға септесті және халықтың табысы мен өмір сүру сапасы деңгейінің құлдырауына жол бермеді. Нәтижесінде, біз цифр­лы экономика көлемінің бұрын-соңды болмаған өсімінің куәгері болдық», деді А.Мамин.

Gartner мәліметі бойынша, 2020 жылы IT-технологияға шы­ғын­дар көлемі 3,9 трлн АҚШ дол­ларынан асқан. 2023 жылға қарай күрт жыл­дам­датылған дина­ми­каны ескере отырып, көрсет­кіш 623,3 млрд дол­ларға жетеді. Со­нымен қатар, әлемдегі цифрлан­дыру қарқы­ны біркелкі болмаған­дықтан, бұл БҰҰ мен ДЭФ-тің дамыған және дамушы елдер ара­сындағы «тех­но­логиялық алшақ­тық­тың» туындауына алаңдау­шылықты күшейтті.

А.Ма­мин­нің айтуынша, бай­ла­ныстар­ды жолға қою ЕАЭО тауар­лары мен қызметтерінің сырт­қы нарық­тарға шығуына және эко­но­ми­ка­ларды құнды қалыптас­ты­­ру­дың халықаралық өндіріс­тік тіз­бек­теріне интеграциялануын кү­шей­туге жағдай жасайды. Қа­зіргі дағ­дарыс аясында қа­лып­тасқан және күшейіп жатқан тренд­тер, оның ішінде ондаған жыл­ бойы қалып­тасқан өнді­рістік және көлік тізбек­терінің ығы­суы мен жойылуы, жаппай цифрландыруға баса назар аудару, капитал мен өткізу нарықтары үшін бәсекелестікті күшейту қысқа мерзімді жұмыс емес екенін түсіну керек. Бұл жаһандық нарық­та көптеген жылға алдын ала жағдай тудырып, жаңа эко­номикалық шынайылық негізінің бір бөлігіне айналады.

Форум аясында ERG кеңесінің төрағасы А.Машкевич 2025 жылға қарай цифрландыруға 2 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салу ниеті бар екенін жеткізді. 

– Цифрлы платформа одақ шеңберінде тауарлардың, көрсе­тілетін қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің бірыңғай нарығын қалыптастыруға кедергі келті­ретін тосқауылдарды жоюға ықпал етеді. Бұл ұлттық мүдде­лерді ескере отырып және біздің ақ­параттық жүйелерімізді біріктіре отырып құрылуы тиіс. Тек осылай ғана біз экономикамызды бірге дамыта аламыз, – деді өз сөзінде Ресей үкіметінің басшысы М.Мишустин. Оның айтуынша, цифрлы платформаны құру және үлкен деректер экономикасының артықшылықтарын алу үшін бірқатар мәселені шешу қажет. Ең алдымен, бұл құқықтық мәсе­лелер, одақтағы маңызды элек­трондық құжат айналымының ас­пек­тілері, дербес деректермен алмасу және оларды қорғау.

Беларусь Премьер-ми­нистрі Р.Го­ловченконың ай­туын­ша, ЕАЭО-дағы азамат­тар мен бизнес­тің бірыңғай сәйкестен­дір­гіштері, деректерді қорғау, элек­тронды цифр­лы қолтаңбаны өзара тану және цифр­лы инфра­құ­рылым сияқ­ты бес жаһандық мәселе шешіл­­мей, цифрлы жобаларды іске асыру мүмкін емес.

 

АЛМАТЫ