Аймақтар • 08 Ақпан, 2021

63 адам әкімшілік жауапқа тартылды

292 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан азаматы бола тұра шетел азаматтығын ресімдеп алып, қос елдің арасында еркін сайрандап жүргісі келетіндер Қостанай облысында да азаймай тұр. Облыстық көші-қон қызметінің мәліметінше, былтыр өзге елдің азаматтығын қабылдағанымен, әлі күнге дейін Қазақстан Республикасының төлқұжатымен жүрген 63 адам әкімшілік жауапқа тартылған.

63 адам әкімшілік жауапқа тартылды

Өзге елдің азаматтығын ала тұра, мұнысын ресми орындардан ұзақ уақыт бойы жасырып келген тұрғындар да жетерлік. Өткен жылы дәл осындай үш азамат елден аластатылып, 5 жыл мер­зім­ге Қазақстанға қайтып оралу құ­қығынан айырылды.

– Заң орындарының қатаң талап қойғанына қарамастан, екінші елдің азаматтығын қабылдап «екі жеп, биге шыққысы» келетіндердің қатары тыйылар емес. Көбі шекараның екі бетінде де еркін жүргісі келеді. Екі елден бірдей зейнетақы алып отырғандар да табылады. Олар ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылуда. Ел Конституциясының 10-бабы мен «Азаматтық туралы» заңның 3-бабына сәйкес, Қазақстан азаматына басқа мемлекеттің азаматтығын қосарлап алуға тыйым салынады. Шет мемлекеттің азаматтығын қа­был­даған адам өзге азаматтықа ие болған күннен кейін отыз күн ішінде міндетті түрде бізге хабарласып, Қазақстан Республикасының паспорты мен жеке куәлігін қайтарып беруі керек. Бұлай болмаған жағ­дай­да Қазақстан паспортын заңсыз пайдаланғаны үшін 100 ай­лық есеп­тік көрсеткіш мөлшерінде, сон­дай-ақ шетел азаматтығын алғаны тура­лы заңда белгіленген мерзім ішін­де хабарламағаны үшін 200 ай­лық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Тіпті әкімшілік тәртіппен шекарадан шығарылып жіберілуі де мүмкін, – дейді облыстық Полиция департаменті көші-қон басқармасының басшысы Қайрат Дүтпаев.

Қос паспортпен жүрген азаматтарды бұрын анықтау қиын болғанымен, кейінгі жылдары жүзеге асырылған цифрландырудың нәтижесінде бұл бағыттағы жұмыстар да едәуір ілге­рілей бастаған.

Басқарма басшысының айтуынша, мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан қандай да бір азаматтың қос төлқұжатпен жүргені анықталған жағдайда, бұл ақпарат жедел түрде облыстың көші-қон қызметіне жіберіледі. Ресми орындардың мұн­дай ынтымақтастығы заңды бел­ден басқандардың жолын кесуге айтар­лық­т­ай септігін тигізіп отыр.

 – Зейнетақы төлемдерін жүзеге асыратын мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстаннан бір, шетелден екі зейнетақы алып отырған азаматтар бар. Олардың дені осыдан 10-15 жыл бұрын шетел азаматын қабылдап, кейін райынан қайтып Қазақстанда қалып қойған егде жастағы адамдар. Мысалы, былтыр Рудный қаласында Ресей азаматтығын алған 5 адам анықталып, барлығы әкімшілік жауапқа тартылды. Мұндай азаматтар екі елден зейнетақы алып отырғанына қарамастан, көбіне қулыққа басып заң талаптарынан хабарсыз адамның кейпіне еніп, жазадан жалтарып кетуге тырысады. Бірақ заң – жалпыға ортақ, – дейді Қ.Дүтпаев.

 

Қостанай облысы