Аймақтар • 08 Ақпан, 2021

Петропавлда қазақстандық ноутбук пен планшет шығарылады

201 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздегі тарихы терең, ең көне зауыттардың бірі - С.М. Киров атындағы зауыт ZIKComputers маркасымен компьютерлік техника шығара бастады. Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

Петропавлда қазақстандық ноутбук пен планшет шығарылады

Тұтынушыларға отандық Zik компьютерлерінің 7 түрі ұсынылды. Оларды қазірдің өзінде kaspi.kz және ForteMarket арқылы сатып алуға болады. Жақын арада отандық компьютерлерді, сондай-ақ «Қазпоштаның» барлық бөлімшелерінен ала аласыздар.

Зауыттың инженерлік әлеуеті зор және мамандарының деңгейі жоғары. Өнім сапасына ерекше назар аударылады. Мемлекеттің қолдауымен 2018-2020 жылдар ішінде кәсіпорында жаңғырту жүргізілді. Дәлдік сыныбы бес, көпқабатты баспа платаларын өндіруге және SMD-монтаждауға арналған жабдық алынды. Бұл зауытқа электронды өнеркәсіпті, соның ішінде ZIKComputers шығаруды дамыту үшін қуатты база құруға мүмкіндік берді. Өндірісті қолдау үшін 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

ZIKcomputers желісінің өндірістік қуаты - жылына 100 000 бірлік компьютерлік техника.

Компьютерлік техниканы дайындауға арналған компоненттерді серіктестері - электроника, компьютерлік техника және серверлік жабдықтар өндірісінде 30 жылдық тәжірибесі бар Great Wall компаниясы жеткізеді. ZIK  брендімен шығарылған әрбір өнім Windows 10 Pro лицензиялық операциялық жүйесімен жабдықталады және шетелдік аналогтардан еш айырмашылығы жоқ. Ал бағасы арзандау.

Кеңес заманында зауыт "Победа", "Рекорд", "Қазақстан" радиоқабылдағыштарын, "Есіл" РПУ және басқа да қызықты электр аспаптарын шығарды. Және ол өнімдер жоғары сұранысқа ие болды.