Руханият • 09 Ақпан, 2021

Дала сазы тарихтан сыр шертеді

431 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Былтыр күрделі жөндеуден өтіп, жыл аяғында ғана жұмысын қайта бастаған Арқалықтағы Дала өлкесі тарихы музейінде «Тобыл-Торғай әуені» атты антологиялық жинақтың тұсаукесері өтті. Алғысөзін белгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов жазған жаңа кітаптың таныстырылымына індетке байланысты шектеу талаптарына сәйкес санау­лы ғана адам қатысты. Жиынды қала әкімінің орынбасары Түбекбай Ғапсалықұлы ашып, антология авторлары мен музей ұжымын құттықтады. Қостанайдан осы шараға арнайы келген облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов жинақтың Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының негізінде қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде жарық көріп отырғанын атап өтті.

Дала сазы тарихтан сыр шертеді

 

– Аталған мақалада Тұңғыш Президент қазақ әдебиетінің ата қоры, асыл қазынасы – дала фольклоры мен халқымыздың рухани өмірінің өзегі, жан азы­ғы болған дәстүрлі ән мен кү­йі­міз жайлы құнды пікірлер айт­қан еді. Елбасы мақаласы жа­рық көргеннен бері Ар­қалық қаласындағы Да­ла өлкесі тарихы мұражайы ұл­ты­мыздың фольклоры мен дәс­түрлі музыка өнеріне байланыс­ты бірқатар жұмысты қолға алып, игі істерді атқарып келеді. Оның бір мысалы – 2019 жылы жарық көрген «Ескі сөз – ел мұ­расы» атты фольклор жинағы. Міне, бүгін сол жұмысымыз жал­ғасын тауып, ертеде осы өңірде өткен әнші-күйшілердің мұрасы жинақталып, «Тобыл-Торғай әуені» деген атпен баспа бетін көріп отыр. Бұл кейінгі жылдары қолға алынған «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының аясындағы «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобасының үдесінен де шы­ғып тұрған музейдегі сал­мақ­ты еңбектеріміздің бірі, – деді бас­қарма басшысы.

Жоба авторы Батырлан Сағын­таевтың сөзінше, Тобыл-Торғай өңіріндегі ән мен күй, жыршылар мақамы мен бақсы сарындары секілді музыка үлгілері ең алғаш ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында жазылып алына бастаған. «Бұл ретте белгілі этнограф С.Рыбаковтың еңбегі ескерілуі тиіс. Этнограф ғалым ретінде бірнеше экспедицияға қа­тысқан Рыбаков 1902-1908 жылдары Торғай облысында әкімшілік қызметте жүріп, жүзден аса музыка туындысын нотаға түсіреді. Бірақ, өкінішке қарай, Рыбаков нотаға түсірген ән-күйлер әлі күнге табылмай отыр. Есесіне
А.Затаевичтің еңбектерінде То­был-Торғай өңі­­рінің музыкалық мұ­­расы бір­шама жақсы қамтылған. Мәселен, Затаевич еңбегінің «Кус­танайская губерния» бөлі­мінде 130, «Тургайский уезд» бөлімінде 63 ән-күй берілген. Қазақ зерттеушілерінен Т.Бек­хожи­наның «Қазақтың 200 әні» кітабында Тобыл-Торғай ай­мағынан жазылып алынған оннан аса музыкалық шығарма басылып шықты. Н.Наушабаев, Қ.Қанжығалин секілді өнер­паз­дардың әуендері жеке жинақ­тарда жарық көрді. Музыка антологиясындағы шығармалар негізінен осы жинақтардан алын­ды. Мұның сыртында, музыка мамандарының, кітапқа енген өнерпаздарымыздың ұрпақ­тарының қолындағы аудиожазбаларды да пайдаға асырдық. Кітапқа 90 нота енгізілді. Бұ­лар­дың барлығы авторлық шығар­малар», деді жоба авторы.

Жаңа жинақта ХІХ-ХХ ғасыр­­ларда өмір сүрген, өңірге белгілі дәстүрлі ән-күй өнері өкілдерінің, олардың ішінде бүгінде есімдері ел жадынан өше бастаған Қапақ сал, Сәт Есенбайұлы, Құтжан Қанжығалин сынды өнерпаздар да бар, 90-нан астам туындысы мәтінімен қоса әуені нота тіліне түсіріліп, әрқайсысына жеке арнайы ғылыми түсініктеме бе­рілген. Сонымен қатар Тілеп Ас­пантайұлы, Баубек Есіргепұлы, Арық бақсы, Зәкәрия Кәрібаев, Хамидолла Шәткенов, Қазбек Әбенов сынды есімдері Торғай өңіріне мәшһүр дәстүрлі қылқобыз орындаушылары туралы кең мағлұмат алуға болады. Мысалы, атақты Қойлыбай бақсының батасын алған Тілеп бақсының өмірі мен қобызшылық өнері туралы тың деректер оқырман санасына сәуле түсірері хақ. Құрастырушы Тілептің «Алламжар» деген күйі болғандығы туралы дерек бар екенін тілге тиек ете келіп, оның бақсылық, қобызшылық өнерін жалғастырған ұрпақтары жа­йында: «Тілептен кейін оның қо­бызын ұстаған баласы Байтөлес Тобыл бойындағы Бағыланды жәрмеңкесінде күй тартысқа тү­сіп, осы «Алламжар» күйін орын­дап байрақты бәйгесін жеңіп ал­ған. Байтөлестен кейін қобызды Тілептің інісі Байғабылдан тара­ған Райымбек бақсы ұстаған. Райым­бек өмірден өткен соң ағасы Халық қобызды жасырып тастаған. Кейін қобызды осы әулеттің жиеншары Жұбатқан алған. Қазір Тілептен қалған қо­быз Жұбатқан әулетінде сақ­таулы тұр», деп тарқатады. Ел ішінде Баубек бақсы аталып кеткен Баубек Есіргепұлы туралы деректердің де ғылыми маңызы салмақты. Жинақта Баубектен қалған «Сарын», «Аққу», «Қоңыржай» сынды қо­быз күйлері, Баубектің күйлерін жет­кі­зуші Қазбек Әбенов туралы да сөз болады. Б. Сағынтаев: «Қазбектің бел баласы, өзі де музыка маманы Бораш ағамызбен сөйлескенімізде, Баубектің сарынын Қазбектің дамытып тартып, толық күй формасына жеткізгенін айтқан еді. Бораш ағамыз әкесінің Баубек күйі деп «Қоңыржайды» ғана орындап, кей ретте Баубектің күйі деп орындалып жүрген «Аққу» күйін Қазбек мұрасының қатарында атаған болатын. Бір қызығы осы «Қоңыржай» мен «Аққу» күйлерінің орындалу ма­шығы ұқсас келеді», деп топшылай келіп, «...Біздің білеріміз Баубек атына телініп орындалатын бұл күйлер Тобыл-Торғай топыра­ғында ғана емес, жалпы қазақ даласында туған қобыз күйлерінің көрнек­тілерінің санатынан екені анық», деген тоқтамға келе­ді. Жалпы, құрастырушы өз түсінік­темелерінде көптеген еңбекке сілтеме жасап, әр ойын ғылыми тұрғыдан негіздеп отырады.

Антологиядағы Ахмет Байтұр­сынұлы Семей өңірінде жүргенде жаздырып алып, кейін Затаевичке тапсырған «Кәмшат бөрік» әні­нің тарихы да таңғаларлық. Құ­растырушы «Қазақтың 1000 әні» жинағына халық әні ретінде енген «Кәмшат бөріктің» авторы – Байқадам Қаралдин деген пайым­дау жасап, оған негіз болатын де­ректерді келтіреді.

Тұсаукесер рәсімінде жинаққа енген Қапақ салдың «Кекілік» күйі орындалды. Бұл күй бұрын-соңды еш жерде жарық көрмеген. Көнеден жеткен күмбірлі сазды орындаған Әділ Ахан алдымен жиналғандарға «Кекіліктің» шығу тарихын баяндап берді.

– Қапақ салдың шыққан тегі Ар­ғынның Мерген деп аталатын руы. Қапекеңе туыс Мырзағали Өтегенов деген білікті азамат Қостанайдың Меңдіғара ауда­нындағы «Заря» атты колхозды бас­қарып тұрған шағында 1937 жыл­дың зұлматына ілігіп, халық жауы деген жаламен атылып кетеді. Мырзағали ұсталғаннан кейін оның Халық атты ұлын Қос­танайдағы балалар үйіне тапсыр­ған. Мырзағалидің жары Ұлыш Торғайға барып, туыста­рын паналап, арада біршама уақыт өткізіп Қостанайға қайта кел­генінде баласын таба алмай қалады. Кейін 1970 жылдардың шама­сында Бидаш Қонарбаев есімді азамат осы балаға іздеу салып, Қарағанды облысында тұрып жатқан жерінен тауып алған. Халық Ұлыштың өз анасы екендігіне сеніңкіремей:  «Менің анам күй тартушы еді, сіз күй тарта аласыз ба?»  деп сұрақ қояды. Ұлыш күй тартқан кезде, Халық еңіреп жылап келіп: «Осы күйдің әуені үнемі менің құлағымда тұр­ды. Радиода күй тартылып жатса, тұра қалып тыңдаушы едім. Өйт­кені сәби шағымда әкем мен анам үйде отырған кезінде күй тартатыны есімде. Сонда осы күй­ді тартушы еді, сіздің менің анам екендігіңіз рас екен»,  деп анасын құшақтапты. Осылайша, бір күйдің арқасында тар заман талқысында ажырап кеткен ана мен бала қайта қауышып, Мырзағалидің ұлы Халық өз туыс­тарын тапқан екен. Сондағы Ұлыш тартқан күй Қапақ салдың «Кекілік» күйі деп айтылады, – деді күйші.

Жиын соңында музей басшысы Асхат Аманжолұлы мейман­дарға жаңа жинақтың бір-бір данасын ұстатты.

Тұсаукесерден кейін музейдің ұлттық саз аспаптары бөлімінде «Ғасырлар пернесі» атты көрменің таныстырылымы болды. Көрмеге мұражай қорындағы домбыра, шертер, қобыз, сыбызғы, сазсырнай, шаңқобыз, дабыл, шыңдауыл, асатаяқ, жетіген, т.б. ұлттық саз аспаптары қойылған. Мұның ішін­де халық ақыны Нұрхан Ахмет­бековтің домбырасы, айтыскер, жыршы Бақытжамал Оспанованың домбырасы, бел­гілі қобызшы, күйші Қазбек Әбе­новтің қобызы және еліміздегі ең алғашқы этнографиялық-фоль­клорлық «Шертер» көне ұлт-аспаптар ансамбліне тиесілі саз аспаптары бар.

 

Қостанай облысы,

Арқалық қаласы