Аймақтар • 09 Ақпан, 2021

Сотталғандар көше тазалайды

260 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырауда 70-ке жуық азамат сот белгілеген жазасын өтеу үшін қоғамдық жұмысқа тартылды. Олар көшелерді сыпырып, қала мен ауылдардың тазалығына үлес қосып жүр. Жазасын өтеушілердің арасында бұрын мемлекеттік қызметте болған шенеуніктер де бар.

Сотталғандар көше тазалайды

– Қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза сот үкімімен жергілікті атқару органдары бекіткен нысандарда жүзеге асырылады. Біздің мақсатымыз – сотталғандарды қоғамдық жұмысқа тарту арқылы тәр­биелеп, қылмыстың қайталануына жол бермеу. Өйткені қоғамдық жұмыстың тәрбиелік мәні тиімділігін дәлелдеді. Жазасын өтеуші азаматтар екінші рет шалыс баспауға тырысады, – дейді Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Манарбек Ғабдуллин.

Департамент бастығының айтуынша, жауапқа тартылғандар күніне 4-8 сағат­қа дейін жұмыс істейді. Алайда оларға еңбекақы төленбейді. Жазаға тартыл­ған­дардың көпшілігі – есірткіні пай­да­лан­ғандар, мас күйінде көлік жүргіз­гендер, ұрлық жасағандар. Қазір пробация қызметінің есебінде 1200 сотталушы тұр. Солар­дың бірі – Аман. Қылмысы үшін өкінгенімен, қоғамдық жұмысты атқарудан қашпайды.

– Қылмыс жасағаным үшін маған шартты жазамен қатар, қоғамдық жұ­мысты атқару міндеттелді. Көше тазалап жүргеніме өкінбеймін. Күніне 4 сағат Атырау қаласы­ның көшелерін қоқыстан тазартамын, – дейді жазасын өтеуші.

Көше тазалығына тартылғандардың арасында бұрын браконьерлікпен айналысып, істі болғандар да бар. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті пробация қыз­меті бөлімінің инспекторы Жарқынай Бақтиярова берген мәліметке сүйенсек, Исатай ауданындағы Жанбай ауылының 14 тұрғыны Қылмыстық Кодекстің 339-бабының 1-бөлігімен (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қау­пi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөлік­терімен немесе дериваттарымен заңсыз айна­лысу) сотталған екен.

– Мәжбүрлі еңбекке тартуды жергілікті атқарушы органдар  ұйымдастырады. Қазір Жанбай ауылының 14 тұрғыны күніне 4 сағат көше тазалайды, – дейді Ж.Бақтиярова.

 

Атырау облысы