Қаулыға сәйкес Атырау қаласында эпидемиялық ахуал толық тұрақталғанға дейін карантиндік шектеу іс-шаралары сақталады. Әсіресе көпшілік мерекелік, ойын-сауық, көпшілік мәдени, спорттық, білім беру саласында, көрмелерді, корпоративті, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ отбасылық банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алулар, оның ішінде үйде және жаппай адамдар жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге тыйым салынып отыр. Сондай-ақ қаладағы ойын-сауық нысандарының, банкет залдарының, түнгі клубтардың, караоке, компьютерлік және ойын клубтарының, кальян, букмекерлік кеңселердің қызметін, меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі балалар мекемелерінің (кезекші топтарды қоспағанда), мәдени нысандардың, жеке, топтық дайындықтарды қоса алғанда кинотеатрлардың, театрлардың қызметі тоқтатылды.
Мұндай шектеу шараларын күшейтуге не себеп болды? Әрине, алдымен бұл мейрамханалар мен дәмханалардың шектеуді сақтамауына қатысты болып отыр. Өйткені Атырауда осы саладағы кәсіпкерлік нысандары карантин талабын жиі бұзады. Мәселен, үш күнде 20-ға жуық кәсіпкерлік нысаны иелері бұл талапты сақтамайтыны анықталды. Мұндай дерек Атырау қалалық полиция басқармасы мен қалалық әкімдік қызметкерлерінен құралған мониторингтік топтың жүргізген рейді кезінде анық байқалды.
– Атырау қаласында 29 қаңтарда кешкі сағат 21:40-та Chechil Pub бары, ал сағат 22:45 шамасында Vivaldi, сағат 23:30-да Urban мейрамханасы жұмыс істеп тұрғаны белгілі болды. Аталған мейрамханалардың әрқайсысының ішінде шамамен 30-ға жуық адам болған. Карантиндік шектеу талабын «Эльдорадо» мейрамханасы мен «Керуен» тойханасы да бұзған. Соңғысында 20-ға жуық адамның қатысумен туған күн кеші өткен. Сондай-ақ «Морокко» мейрамханасында 50-ден астам адамға қызмет көрсетілген, – деп ақпарат таратты облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Ал 30 қаңтарда «Рыба моей мечты» караоке, «Лото» ойын-сауық клубы, «Тофу», «Родем», «Аспандияр» мейрамханалары шектеулі уақыттан кейін жұмыс істегені белгілі болды. Бұған дейін «Рыба моей мечты» клубы мен «Тофу» мейрамханасы карантин режімін бірнеше рет бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған еді. «Аспандияр» мейрамханасында да туған күн кеші өтіпті. Осындай дерек 31 қаңтарда да анықталды. Жексенбі күні «Маша и Медведь», «Кәусар», «Сұлтан Холл» мейрамханаларында 40-50-ға адамға дейін қатысқан туған күн кеші тойланыпты. Жұмыскер кентінде орналасқан «Керемет» моншасы да келушілерге қызмет көрсетеді екен. Сондай-ақ 31 қаңтарда «Персона А», «Белучи» киім дүкендері шектеуге қарамастан жұмыс істеп тұрған.
Карантиндік шектеу талаптарын бұзуға байланысты анықталған деректерге қатысты жинақталған іс-құжаттар Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасына жолданды. Алайда карантин талабын бір емес, бірнеше рет бұзған мейрамханалар мен клубтар жұмысын әлі жалғастырып келеді. Неге?
Атырау облысы