Музей директоры Рашида Харипованың айтуынша, тандыр нан пісіретін пештің түтін жүретін арнасында бүтін күйінде жатқан екен. Қыштан жасалған ыдыстың пішіні цилиндрге ұқсайды. Түбі сақина тәріздес альбарелло сарғыш топырақ түстес сырмен сырланыпты. Биіктігі – 16,5, ернеуінің диаметрі – 7,5, түбінің диаметрі – 5,7 см. Ыдыстың сырты оюлы композициямен көркемделіп, жоғары жағына төрт жапырақты гүлді фриз жүргізіліпті. Жоғарғы бөлігі тік сызықтармен бірнеше секторға бөлініп, 20 трапециядан тұрады. Сондай-ақ шырша тәріздес өрнегі де бар.
– Альбарелло – орта ғасырлар мен қайта өрлеу дәуірінде кең таралған дәріханалық ыдыстың бір түрі. Бұл ыдыс медицинада көп қолданылатын жақпа майлар, шөптер мен түрлі дәрі-дәрмекті сақтауға арналған. Оны итальяндық технологиямен Италия мен Испанияның, Франция мен Голландияның қалаларында жасаған. Ұлы Жібек жолы бойындағы Сарайшыққа альбарелло Қырымнан әкелінген болуы мүмкін. Өйткені сол кезеңде Қырым жағалауында Генуя колониялары болғаны мәлім, – дейді Рашида Харипова.
Бұл ыдыстың Сарайшық қалашығында жасалуы мүмкін бе? Бұл үшін тарихи қалашықтан табылған альбареллоға ғылыми зерттеу жүргізілуі керек-ақ.
Атырау облысы