– Біздің бастамамызды іске асыруға облыс әкімдігі қолдау білдірді. Ал шетелдік студенттер үшін ашылған курста қазақ, ағылшын, орыс, түрік және қытай тілін үйрету көзделіп отыр. Бұл бастамаға Каспий маңы елдеріндегі жоғары оқу орындарының мамандары да, атыраулық ерікті студенттер де атсалысады. Басты мақсат – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі деңгейіне көтеру тапсырмасына үлес қосу. Әсіресе шетелдік студенттердің қазақ тілін терең меңгеруіне жол ашылады, – дейді Саламат Идрисов.
Ректордың айтуынша, жеті жұрттың тілін меңгерген Алаш қайраткерінің есімін иеленген университетте 200-ден астам шетелдік студент оқиды. Олардың басым бөлігі – Ресей Федерациясындағы Астрахань облысының тұрғындары.
Ал облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаеваның пікірінше, әкімдік тарапынан қазақ тілінің халықаралық қатынас тілі ретінде кең қанат жаюына қолдау көрсетіледі. Өйткені мұндай бастама шетелде тұратын қандастарымыздың ана тілін меңгеруіне септігін тигізеді.
– Осыған байланысты облыстық тілдерді дамыту басқармасы аталған курста қолға алынған тәжірибе негізінде әдістемелік құралдар дайындауды көздеп отыр. Себебі мұндай талап Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасында айқын көрініс тапты, – дейді Әсия Қыстаубаева.
Атырау облысы