Аймақтар • 10 Ақпан, 2021

Атадан қалған адал ас

422 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы «Атадан қалған адал ас» атты жаңа этнографиялық онлайн-жобасы аясында ұлттық тағамдардың көне рецептері мен оларды әзірлеудің алғашқы әдістерін жаңғыртуды қолға алды.

Атадан қалған адал ас

Аталған музей директорының орынба­сары Дәурен Жүсіпов көне тағамдар ха­лық мұрасы болғандықтан, ескіден келе жат­қан рецептер туралы мағлұматтарды терең­детудің маңызды шаруа екенін айтады.

– Жоба идеясына біздің елордалық әріп­тесіміз, Ұлттық музей жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының материалдық емес мәдени мұра бөлімінің басшысы Әйгерім Мұсағажинованың еңбегі игі ықпалын тигізді. Ол өзінің ғылыми еңбектерінде қазақ рецептерінің 200-ден астам ұмытылған түрін жинап, аймақтарға, соның ішінде Осакаров және Қарқаралы аудандарына экспедициялар ұйымдастырды, – дейді ол.

Мұражай қызметкерлері көне рецепт негізінде қазақтың ұлттық тағамының бі­рі әсіпті әзірлеуді жаңғыртты. Негізінде бұл тағамды әзірлеудің бірнеше әдісі бар екен және ол аймақтарда әртүрлі аталатын көрі­неді. Кейбір жерде оны шұжық деп те атайды. Әдетте бұл тағам қой сойылған күні дайындалады. Алдымен малдың ішегі айналдырылып, ол мұқият жуылып, тазартылады. Ет пен бауыр ет тартқыштан өтіп, дәмдеуіштер қосылғаннан кейін, оған тартылған күріш салынады. Содан кейін аз мөлшерде су құйылып, өнім мұқият араластырылады. Дайындалған тағам ішекке толтырылады да, екі жағынан түйіліп байланады. Ауа шығару үшін әсіп бірнеше жерден инемен тесіледі екен. Сонан соң оны су құйылған қазанға салып, 50-60 минуттай қайнатады. Дастархан басында әсіпті жапырақтап турап, ыстық немесе салқындатылған күйінде береді.

Тарихи-өлкетану мұражайының қызмет­кері Нарша Еркінқызы әр айдың соңында көне рецепт негізінде «тірілген» тағамдар бойынша бейне ролик түсіруді жоспарлап отыр­ғандарын айтады. Бұдан бөлек, алдағы Наурыз мейрамында «Атадан қалған адал ас» жобасы аясында мерекелік тағамдарды таныстыру іс-шарасы да жоспарда бар екен.

 

Қарағанды облысы