Әлем • 10 Ақпан, 2021

Кедей елдердегі технологиялық дилемма

130 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» басылымы төменде жариялаған мақалалар топтамасында коронавирус дағдарысымен күрес мәселелері сөз болады.

Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Ангела Меркель, Сенегал президенті Маки Салл, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева, Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишель, Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйеннің авторлығымен шыққан «Жаһанды қалпына келтірудегі көпжақты әріптестік» атты мақалада дағдарыспен күрестегі маңызды мәселелер сөз болады.

Мақалада пандемиядан кейінгі әлемді қалпына келтіру үшін жаһандық әріптестік қажет екені айтылады. Сондай-ақ әлем көшбасшыларының ортақ мәмілеге келуінің маңызына тоқталған.

Гарвард университетінің Джон Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебінің халықаралық саяси экономика профессоры Дани Родрик өз мақаласында Африкадағы және кедей елдердегі технологиялық дилемма жөнінде ой қозғайды. Автордың айтуынша, аз жұмыс күшін қажет ететін, бірақ көп өнім шығаратын заманауи технологиялар табысы төмен елдерге тиімсіз болып отыр.

Айта кетейік, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялау Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

Кедей елдердегі технологиялық дилемма

КЭМБРИДЖ. Экономикалық даму жыл сайын көбейетін жұмыс күші үшін өнімді жұмыс орнын құруға негізделген. Әдетте, мұндай қадам кедей елдерде индустрияландыруға серпін береді. Зауыттарда жұмыс істеу керемет болмауы мүмкін, бірақ бұл фермерлердің жұмысшыға айналуына жол ашады. Осылайша, экономика мен қоғам да өзгереді.

Африкадағы және әлемнің басқа түкпіріндегі табысы төмен көптеген ел болашақта осын­дай жолмен жүруден үміт­тенеді. Ешкім олардан Қытай­дың немесе Шығыс Азия «жол­ба­рыс­тарының» жетістігін қайталауды күтпейді. Бірақ әлемдік деңгейге сай индустрияландыру мен инте­грация арқылы жедел эконо­ми­калық өсу­ге қол жеткізу керек. Сондай-ақ коронавирус панде­миясынан кейінгі жағдайды қал­пына кел­ті­руі қажет. Бұдан бөлек, Афри­кадағы жастарға арналған жұ­мыс орындарын көптеп ашу да маңызға ие.

Пандемияға дейін Африка ел­дері индустрияландыру бойынша біраз жетістікке жетті. Эфио­пия қытайлық және еуропалық ин­весторлардың көмегімен экс­портқа бағытталған тігін және аяқ киім секторын құрды. Танзания ішкі және аймақтық нарықтарға қыз­мет етуге бағытталған ресурс­тарды көп қажет ететін өн­діріс саласын жандандырды. Жа­­қын­да жүргізілген зерттеулер­ге сүйенсек, құрлықтағы индус­­-
трия­­ландыруды ерте тоқ­тату ай­мақ­тағы экономиканы 2000 жылдардағы деңгейге түсіруі немесе тұралатуы мүмкін.

Дегенмен, Африкадағы өнді­ріс­ті жандандыруда бірқа­тар қиын­дық бар. Индустрия­лан­дыру­дың тамыры тереңге кетсе де, заманауи өнімге негізделген өнді­рістік салаларда құрылған жұмыс орындары аз.

Расында, ресми түрде ашылған жаңа жұмыс орындарының саны тоқтап тұр. Өйткені жұмыспен қамту негізінен шағын, бейресми кәсіпкерлер есебінен өсті. Бұл жағдайдың Шығыс Азиядағы Тайвань (1960-1970 жылдары) немесе Вьетнам (жақында) секілді жедел индустрияланған елдерден айырмашылығы өте үлкен. Себебі аталған мемлекеттерде өндірістік саладағы жұмыс орындары ресми кәсіпорындар есебінен көбейген-ді.

Деректерді сөйлетсек, мұндай парадокс арта түседі. Тафтс уни­вер­­ситетінің зерттеушісі Марга­рет Макмиллан, Халық­аралық азық-түлік саясатын зерттеу инс­титутының қызметкерлері Синшен Диао мен Миа Эллиспен бірлесіп жүргізген зерттеуімізде үлкен және шағын кәсі­п­орындар жұмысында таңғаларлық дихо­томияға кезіктік. Эфио­пияда да, Танзанияда да ірі фир­ма­лар­дағы өнімділік өте жоғары. Бірақ ондағы жұмыс орындары айтар­лықтай кеңейтіле бермейді. Ал шағын бизнес кәсіпкерлері көп адам­ға жұмыс бергенімен, оларда өнімділіктің артқаны байқал­майды. Нәтижесінде, жұмыс орын­­дары көптеп ашылса да, өнім­ділік, негізінен, өндірістің аз саласына жүктелген.

Әдетте бұл дихотомияны еш­кім ескере бермейді. Жұмыс орын­дарының аз құрылуы биз­неске қолайсыз жағдаймен түсін­дірілуі мүмкін. Бірақ кәсіп­орын­дардағы өнімділіктің көбеюі себебін көрсете алмайды. Әдетте, Африкада өнімділікке шаққанда жалақы жоғары деп саналады. Бірақ Танзанияда да, Эфиопияда да жалақы қорларының жалпы көлемі тауарға қосылған баға­ның үлесінен едәуір төмен еке­нін байқаймыз. Ендеше, еңбек шы­ғындарының шектеулі болуы мүмкін емес. Сонымен қа­тар кәсіпорындардың құрылу, күй­реу, кеңею процесінің баяу жү­руі экономикаға араласудың баға­сы қымбат екенімен тікелей байланысты.

Бұл парадоксты түсінуге мы­на ерекшелік көмектеседі. Ірі өндірістік фирмалар көп капитал­ды қажет етеді. Эфиопия мен Танзания секілді табысы төмен елдерде жұмысшылар көп. Ал капитал (машиналар мен жабдықтар) аз, демек қымбат. Стандартты экономикалық теория мұндай жағдайда өндіріс көп еңбекті қа­жет ететін әдістерге қарай ауы­сады деп болжайды.

Біліктілігі төмен жұмыс­шы­лар көптеп саналатын (бұған бі­лікті жұмыс күшін қосыңыз) мемлекеттерде кәсіпорындардың капи­талды артығымен пайда­лануы қисынсыз көрінуі мүм­кін. Бірақ олардың таңдау мүм­кін­дігі қан­шалықты екені белгі­сіз. Өндіріс технологиялары уақыт өткен сайын біртіндеп тозып, шеберлікті қажет етеді. Осы­лайша, экономи­касы дамыған ел­дер­мен бәсекелесу қиындай тү­седі. 1950 немесе 1960 жыл­­дар­дағы технологиялар көп жұ­мысшыны қажет етуі мүмкін. Де­­ген­мен, африкалық кәсіпорын­дар­дың әлемдік нарықта бәсе­ке­лес атануына көмектесе алмайды. Бүгінде әлемде қолданылып жүр­ген озық технологиялар білік­сіз жұмысшылар үшін тиімді емес.

Бұл Африка экономикасын екі­ұдай жағдайда қалдырады. Құр­­­лықтағы өндірістік кәсіп­орын­дар неғұрлым өнімді және бәс­е­­кеге қабілетті болуына мүм­кін­дік мол. Екінші жағынан, жұ­мыс орнын көптеп ашуға жағдай да жа­салған. Алайда екеуін де бір уа­қытта қамтып, жасау өте қиын. Тіпті мүмкін емес сияқты кө­рінеді.

 

Дани РОДРИК,

Гарвард университеті Джон Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебінің халықаралық саяси экономика профессоры

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org