Тарих • 10 Ақпан, 2021

Бозбала Мұқағали

762 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Марат Тоқсанбаев деген көптен таныс ағамыз бар. Мәкең 1991 жылы алғаш рет Еңбек министрлігі ашылып, оның жанынан көші-қон бөлімі құрылғанда осында қызмет істеуге өзі сұранып барған адам.

Бозбала Мұқағали

Ол тұста бұл саланы бас­қарып отырған министр Саят Бейсенов: «Сенің қаның бар ма? Мұндай жерде тек қаны бар адам ғана жұмыс істейді», деп қатты ескертіпті. Сөйтіп Марат Есімқұлұлы көші-қон саласында тапжылмай ширек ғасырдан астам уақыт еңбек етіп, екі жыл бұрын зейнетке шықты.

Ал мына сіздер көріп отыр­ған фото-жәдігер Марат ағаның жеке архивінен алынды. Фотодағы екі адамның бірі, яғни сол жақта тұрған – Есімқұл Тоқсанбаев, жо­ға­рыда айтып өткен Ма­рат аға­ның әкесі. Оның қа­сын­дағы – басында сұр қал­пағы бар, көйлегінің ке­ңір­дек түймесіне дейін әдіп­теп салған, үстінде Кеңес дә­уірінде көпшілік жаппай тұтынған мақталы күпәйке киген адам атақты ақын – Мұқағали Мақатаев.

Есімқұл мен Мұқағали түйдей құрдас әрі бір класта оқыпты. Орта мектепті бітір­ген соң екі дос оқу-тоқу іздеп, елден ұзап кетпей Қарасаз ауыл­дық кеңесіне хатшы-қос­шы болып нәпақасын тауып жүрген.

Бірде ауылға орыс фотограф келіп, жұртты сатырлатып суретке түсірген. Ел қа­тарлы сурет алдырайық десе екі доста ақша жоқ. Со­­сын қайтеді? Тоқсанбай қария­ның қорасында тұрған бір ешкіні жетелеп шығып, болмашы теңгеге сатады да, осы суретті алғызады. Бұл 1948 жылдың көктемі екен. Мұқағали ақының бозбала шақтағы мөлдір бейнесі үшін сатылған ешкіде арман жоқ шығар... Марат айтады:

– Бұл фотоны бала күнімде көріп жүрдім. Бертінде жоға­лып кетті.

 – Қалай тауып алдыңыз?

 – 1999 жылы көші-қон агенттігі елордаға қоныс аудар­­ды. Осы көшпен бірге мен де келдім. Мұндағы жұрт қазақ салты бойынша апта сайын «ерулік» шайға шақы­рады. Бірде кезекті шақыр­ған үйге кіріп барсам, есік көзіндегі аяқкиім шешетін жерге газет төсеп қойыпты. Қа­расам, әлгі газет бетінде мы­на фото тұр. Көзіме оттай ба­­сылды. Газетті жерден жұ­лып алып, қойныма сүңгіттім.

 – Газеттің аты есіңізде бар ма?

 – Есімде қалмапты. Бұ­рынғы Торғай облысына қа­расты аудандардың бірінің басылымы екені анық.

Бұл сурет осылай табыл­ған екен. Содан Мәкең газет­тегі фотоны өңдеп, кө­бейтіп, бір данасын ауыл­дағы әкесі Есімқұлға жібереді. Жа­рықтық жүрегі жарылардай қуанып: «1976 жылы қаңтар айында жан досым Мұқағали ауырып, Алматыда ауруханада жатыр дегенді естіп, сорпа-суымды әзірлеп жеттім. Дерт меңдеп жұқарып қалған екен, мені көріп көзіне жас алды. Қимай қоштастық. Көктем шыға «қайтыс болды» деген хабар келді. Мына суретті көріп өлгенім тірілгендей қуа­нып отырмын» депті. Есім­құл атамыз да ұзақ жасап, өткен жылы шілде айында 89 жасында бақиға аттанды.