Аймақтар • 10 Ақпан, 2021

Жуалы ауданы инвестиция тарту бойынша соңғы орында тұр

318 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында аудан әкімдерінің халыққа есеп беру кездесулері жалғасуда. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебековтің есепті жиынына қатысып, жергілікті тұрғындардың талап-тілегін тыңдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жуалы ауданы инвестиция тарту бойынша соңғы орында тұр

Нарбай Ергебеков өз сөзінде мемлекеттік бағдарламалардың орындалу жайына тоқталды. Одан бөлек, қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беру жөніндегі облыстық конкурстық комиссияның қарауына 44 жоба жолданған. Нәтижесінде, аудандағы екі кәсіпкер аталған грантқа ие болып, өз кәсібін бастаған. Сондай-ақ ауданның төрт шағын несие ұйымы арқылы 3491 адам жалпы көлемі 2,7 миллиард теңгеге жуық несиеге қол жеткізген. Аудан әкімінің айтуынша, ауданның аграрлық секторында да өсу үрдісі байқалады. Білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларында да оң көрсеткіштер бар.

Кездесуде бірқатар аудан тұрғыны көкейде жүрген мәселелерін көтерді. «Мен Жуалыда көптеген мәселелер бар екенін білемін. Сіздер өз сұрақтарыңызды ашық қоя беріңіздер, біз олардың шешу жолдарын қарастыратын боламыз», деп Бердібек Сапарбаев қатысушыларды ашық диалогқа шақырды. «Қазіргі уақытта Жуалы ауданы өз әлеуетін толық пайдаланып отырған жоқ. Инвестиция тарту көрсеткіші бойынша соңғы орыннан көрінуі соның дәлелі. Өткен жылы кәсіпкерлік саласындағы жобаларға ешқандай сұраныс болмады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысты  көрсеткіш те аса жоғары емес, өсім тек бір пайызды ғана құрайды. Ауданда 500 кәсіпкер тіркелсе, іс жүзінде оның 16-сы ғана жұмыс істеуде», деді облыс әкімі. Жуалылықтар көтерген кейбір мәселелерге Бердібек Сапарбаевтың өзі түсініктеме берді. «Біз әлеуметтік желілерді қадағалап, әрбір аудан бойынша мониторинг жүргіземіз. Жуалы ауданында денсаулық сақтау мен білім беру саласында көптеген мәселелер кездеседі. Тұрғындардың сұрақтарына жауаптар әрдайым уақытылы беріле бермейді, сондықтан наразылық туындайды. Сонымен қатар Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына үнемі назар аудартып келеді. Яғни, жергілікті атқарушы органдар халықтың барлық өтініштеріне дер кезінде жауап қайтаруға міндетті. Аянбай жұмыс істеңіздер, халыққа мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін түсіндіріп, қолдау шаралары және субсидиялар туралы жеткізу қажет.

Егер шаруаларға жайылым жеткіліксіз болса, бұл мақсатқа орман қорының жерлерін тарту қажет, осылайша егіс алқаптарын да ұлғайтуға болады. Тұқым сапасын арттыру, тыңайтқыштарды қолдану, заманауи технологияларды енгізу жөніндегі жұмыстарды жандандыру маңызды. Бүгінде біз шаруаларға суармалы жерлердің көлемін арттыру үшін жаңбырлатып суару қондырғыларын сатып алуға, ұңғымалар салуға көмектесудеміз. Бұдан басқа, ұсақ шаруашылықтарды ірілендіруге назар аударған абзал. Бұл оларға ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға мүмкіндік береді. Адамдарға пайда табатын жолды көрсете білген жөн. Олай болмаған жағдайда аудан экономикасы төмен деңгейде қала береді. Біз бір кездері бүкіл Одаққа танымал болған Жуалының картоп өндірісін қайта ұлғайту міндетін қойып отырмыз. Сондай-ақ сүтті қайта өңдеуге көңіл бөлу керек», деді Бердібек Сапарбаев.