Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 102 операторына Ш.Уәлиханов көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің тұрғыны шағым түсірген. Ол көршісінің пәтерін жалдаушылар түнгі тыныштықты бұзғаны туралы хабарлапты.
«Атырау қаласындағы №2 учаскелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторлары түнгі сағат 02:52-де жалдамалы пәтерді алған жеңіл жүрістегі қыздардың адамдарды қабылдағанын анықтады. Мұнда Түркістан қаласынан келген 2 азаматша жезөкшелікпен айналысқан. Оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 437-бабымен (Түнгі тыныштықты бұзу) хаттамалар толтырылды» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Ал баспанасын жалға берген 48 жастағы тұрғынға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 450-бабымен (Көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсыну) 218 775 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.