Спорт • 10 Ақпан, 2021

Диас жеңіске жетті, ал Рыбакина мен Бублик ұтылды

122 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Мельбурнде өтіп жатқан Аустралияның ашық біріншілігінің екінші кезеңі басталып, Қазақстанның үш теннисшісі өз өнерлерін ортаға салды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Диас жеңіске жетті, ал Рыбакина мен Бублик ұтылды

Алғашқы болып кортқа Зарина Диас (әлемнің 83 ракеткасы) шықты. Ол америкалық Бернарда Перамен (66) шеберлік байқасты. АҚШ-тың аруы тұсаукесер кездесуінде әлемдік рейтингтің бұрынғы көшбасшысы, германиялық Анжелик Керберді қапы қалдырып, бұл турнирге тамаша бабында келгенін аңғартқан еді. Десек те біздің Заринаның да тегеуіріні күшті болды. Екі сағаттан аса уақытқан созылған бәсекеде жерлесіміз 6:4, 3:6, 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Көп ұзамай Елена Рыбакина (17) италиялық Фиона Ферромен (53) кездесті. Иә, отандасымыздың WTA тізімінде өзінен әлдеқайда төмен тұрған ойыншыны еш қиналамай ұтатынына күмән келтірмегеніміз рас. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмады. Екі сеттік сайыс Ферроның пайдасына шешілді – 6:4, 6:4.

Өкінішке қарай, Александр Бублик те (45) ел сенімін ақтай алмады. 3 сағат 05 минутке созылған сайыста ол сербиялық Душан Лайовичке (27) жол берді – 4:6, 6:7, 6:4, 3:6.  

Ертең Юлия Путинцева (33) бельгиялық Элисон Ван Эйтванкке (57) қарсы ойнайды. Ал үшінші кезеңде Зарина Диас кезінде Уимблдон мен Ролан Гарроста топ жарып, әлемнің бірінші ракеткасы атанған испаниялық Гарбинье Мугурусамен (32) шеберлік байқасады.