Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Атырау қаласында тұратын 1949 жылғы азаматшадан арыз түсіпті.
«Оның арызында көрсетілгендей, қайтыс болған күйеуінің атындағы «Lexus LX» маркалы көлігін өз атына қайта ресімдегісі келген. Алайда, полиция қызметкерлері көлік құжатын ресімдеу кезінде Қызылорда облысында 2013 жылы дәл осындай үлгідегі автокөліктің тіркелгенін анықтады. Сондай-ақ автокөліктің шанағы мен қозғалтқышындағы нөмірлері бірдей болып шықты. Азаматшаның айтуынша, күйеуі бұл автокөлікті 2006 жылы Алматы қаласынан сенімхат арқылы сатып алып, тұрғылықты мекен-жайы бойынша Атырау қаласында өз атына рәсімдеген. Қазір екінші автокөлік Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынына тиесілі екені белгілі болды» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.