Руханият • 10 Ақпан, 2021

Қоңыр Иштванның мұраты

561 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Егер мен інім Пиштаның, яғни доктор Мандоки Қоңыр Иштванның ғылыми шығармашылығы туралы келістіре баяндай алмасам, ғафу өтінем. Сондай-ақ айтқандарым кейде мақтану болып көрінсе, айыпқа бұйырмассыздар. Себебі айтайын дегенім, өзімді дәріптеу де емес, бар болғаны, Қоңырмен бірге өткізген шақтарда есте қалған оқиғаларды ретімен баяндау ғана.

Қоңыр Иштванның мұраты

Ең әуелі, екеуміз де мадиярлардың ұлттық бірегейлігін жоғалту кезеңінде шеттетіліп, қағажау көргендер қатарында болдық. Пишта ініме де тап жауының өкілі екендігіне байланысты оқуын жалғастыруына жол берілмеді. Оның отбасы да зардап шекті. Бірде оның туған қаласы Карцагқа келгенімізде, анасы бізді күтіп құрақ ұшты. Пишта «қаладағы бас көшеде өз иелері тұрып жатқан жалғыз үйдің түрі мынау – күйреген, коммунизм Құманияны да дәл осылай тас-талқан етті», – деп күрсінді.

Балалық шағымда әулетіміздің бытырап жан-жаққа шашырағанының куәсі болдым. Трансильваниядан Будапештке дейін, Будапештен Ванкуверге, тіпті Мельбурнға дейін шашылдық һәм күйредік. Ұлы атамның Иранда қолданған қылышын тауып алдым дегенімде, бай-кулақтарды тәркілеу науқанында белсенділер бірінші дүниежүзілік соғыста әкесінің асынған қаруын алып кеткендігін айтқан Пишта терең күрсінді.

Әкем маған Калотасег ауылы тұрғындары өздерін татартекті, яғни түркітекті екендерін білетінін айтатын. Ауызекі әңгіме мен дәстүрлі түсінікке қарағанда, олар Түркиядан басқа аймақта тұратын түрік халқына жататындығын, сондықтан да сойымыз Kelemen, латынша Clemens-тен тумағандығын оңай түсіндім. Өйткені қалыптасқан түсініктегі Юлий есімін Дьюла немесе Иенөні Евген деуі ешбір қисынсыз, тек латыншаға зорлықпен жақындату екен. Яғни сойымыздың мағынасы түрікше екен.

Мандоки Иштван, яғни еркелетіп Пишта деп атайтын інім де ата-бабаларының сойы 1700-ші жылдардың басында өзгеше болғандығын іздеп тапты, зерттеушілік қарымының айғағы ретінде өзіне екінші есім ретінде – Қоңыр деп қосып алды.

Пишта Кунмадараштағы кеңес казармаларындағы әскерлерден татар және қазақ тілін үйренді. Ал мен болсам, бір жарым бөлмелі пәтерімізге түрік, тіпті моңғол, жапон және қытай студенттерін, немесе түрік босқындарын шақыратынмын. Солардан тіл үйрендім. Есесіне Пишта дарынды түркітанушыға айналды, ал мен болсам отағалықты ертерек таңдадым. Ол бізбен бірге тұрған кезде, кешкі уақытта менің ұлдарыма ерекше жігермен ертегі айтып беруші еді.

Өзінің жаңа ғылыми тұжырымдары туралы алдымен маған айтатын. Мысалы, Карпат қойнауын жаулап алған мадияр тайпалары атауларының башқұрттар арасында кездесетіндігі туралы тұжырымның ешбір негізсіз екендігін айтты. Сол сияқты оның аузынан құман балаларының санамақ өлеңдерін де естідім. Ол менің әйеліме қазақ ою-өрнектері туралы әңгімелеп, оның сондай үлгілерге қызығушылығын оятты. Жаңа қызметіме байланысты 1983 жылы отбасымыз Секешфехерварға көшкен кезде де біздің жаңа пәтеріміздің терезесі қазақтың оюлы өрнектерімен сәнделді. Пишта Онайшамен отау көтергенде қайын жұрты қыздарына жасау ретінде берген киіз үй Мажарстанға келген алғашқы түркілік құндылық ретінде тарихта қалды.

Пишта түркі жұрттарын еркін аралаған кезеңдерін мен жіті бақыладым, оның қиялына елтідім. Содан кейін өзіме беймәлім түркі әлемі туралы көбірек білу үшін кітаптар мен журналдар оқуға барынша тырысып бақтым. Алғаш рет қол жеткізген сондай құндылықтың бірі – National Geographic журналының 1954 жылдың қараша айындағы санындағы Милтон Дж.Кларктың жазбасы еді. Автор мұнда қазақтардың Баркөл және Үрімжі аймағынан екі лекпен қалай қашып, бас сауғалап, Тибет қыраттарын көктей өтіп, шалғайдағы Кашмирге қияметпен жеткенін баяндайды. Қытай коммунистік режімі түркі халықтарының, соның ішінде қазақтардың ерік бостандығына нұқсан келтіргеннен кейін, 1950 жылдың көктемінде Жанымхан мен бас қолбасшы Оспан батыр бастаған қазақтардың бостандық жолындағы күресін қытайлықтар қарумен аяусыз басып жаншиды. Сол кезде жаншылған халық Дәлелхан Жанымханұлы және Сұлтаншәріп Зуқаұлы, Калибектер басқаруымен қыспақтан қашып құтылуға әрекет жасайды. Оның аяғы ұзақ уақытқа созылған босу мен күреске ұласты. Бұл мақаладан алатын ғибрат ерекше болды: коммунистік қуғын-сүргіннен арылуға болатынына көзім жетті. Қазақ бауырлардың ерлік әрекеті ерекше ой салды, жүрегіме үміт ұялатты.

Мандоки Қоңыр Иштван жоғалуға айналған дәстүрлерді қайта тірілте отырып азаттығымызды қалпына келтіруге болатындығына, яғни өзімізді жоғалтпайтындығымызға бек сенді. Сондықтан ол жүрген-тұрған жерінде түркі халықтарының жастарынан өздерінің тілдері мен әдет-ғұрыптарын дәріптеуді, дамытуды талап етті, карекетке шақырды. Бұл пайымы өз тілінен және отбасы құндылықтарынан айырылған қалалық жастарға оғаш көрінетіндей еді. Бүгінде бәріміз оған рахмет айтамыз. Себебі Қоңыр азаттық алар уақыттың пісіп жетіліп келе жатқанын алдын ала болжай біледі. Қысымға қарсы күресуге қабілеті бар күштер белгі бере бастады. Кеңес Одағындағы осы жайтқа Орталық Азияға келгенде өзім де көз жеткіздім. Бірде көрші үстелдегі орыстардың әңгімесін елеместен, «Олар бізді барынша төменшіктетпек, бірақ дегендері бола қоймас!» деген кесімін айтқан түрікмен жігітінің бет-әлпетін ешқашан ұмытпаймын…

Қоңырмен достығымыздың ең бақытты кезеңі Түркияда бірге өткізген шақ еді. Бізбен бірге мұраттас, Алтайтану институтының қызметкері, моңғолтанушы Беше Лайош болды. Аттила патшаның үш қабатты табыты туралы гот Иорданның дерегін солақай зерттеушілердің жоққа шығаруының ешбір негізсіз екендігін, бұл отырықшы халықтардың ғана өркениетті жетістіктері емес, мұндай жерлеу үрдісі көшпелілерде де кең таралғандығын моңғол ертегілері желісінің негізінде дәлелдеген осы Лайош болатын. Оның арамыздан ерте кетуі, екеумізге қатты батқан еді, әсіресе Қоңыр қанаты қайырылғандай күй кешті.

Үйіміздің бақшасында атақты Кобзош Киш Тамаштың түрік қонақтарымыздың алдында түрікше ән салғанына бірге куә болдық. Пишта екеуміз бір-біріміздің көзімізге қарап, қуанышты бөлісіп, шаттандық.

Тағы бір есте қаларлық сапарымыз Болгарияда жалғасты. Естеріңізге сала кетейін, коммунистер еркіндік пен халықтық құндылықтарды ғана емес, дінді де аяусыз қудалайтын. Соның бір мысалын тұздық үшін ғана келтірсем, Чаушеску заманында Румыниядағы реформат шіркеуінің ондаған мың дана Тәурат кітабын дәретхана қағаздарын жасауға жіберілгені 1986 жылы көктемде белгілі болды. Содан бұрынырақта, Румыния арқылы Болгариядағы Қырымнан қашқан татар (ноғай) диаспорасы арасына сапар шеккенімізде жол-жөнекей Трансильваниядағы бауырластарға Тәурат, татарларға Құран кітаптарын жеткізіп тұрдық.

ХІХ ғасырдың ортасында орыстандырудың ең соңғы әрекеті тың игеруге дейінгі барлық зардаптарға қарамастан, ұлтты біріктірудің қуатты құралы қазақ тілінің күшейетіндігіне сендік. Өз ана тілін білмейтіндерді, тіпті сөйлемейтіндерді әрдайым сынайтын Иштван қазақ тілінің қуаты мен өміршеңдігіне бір мысқал да шәк келтірмеді. Ол ХІХ ғасырдағы Уәлиханов, Алтынсарин, Абай сияқты ұлыларды тудырған халықтың қуатты ұлтқа айналып, нығаятынына нық сенді. Біз, Мажарстан өз тарихымызда ұлттың әдеби тілі дегеніміз азаттықтың ең басты алғышарты екендігін бастан кешірген жұртпыз, ал дәл осы мәселені ХІХ-ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ» газеті бетінде ұран етуі кездейсоқтық емес дейтін Пишта.

… Біраз уақыт өткен кезде – 1992 жылы елдің алғашқы тәуелсіз Үкіметінің премьер-министрі мені Мажарстанның жаңа Сыртқы істер министрлігіне жауапты қызметке шақырды. Менің негізгі мамандығым дәрігер болғандықтан, бұл міндетті неге маған жүктеп отырғандығының себебін сұрадым. Сол кезде ол Кеңес Одағының ыдыраудың алдында тұрғандығын, ертең осындай жағдай орын алғанда осы империя құрамындағы мадиярларға туыс деп саналатын елдермен Мәскеуді айналып өтіп, тікелей байланыс орнату үшін дайындық жасау қажет деді. Бұл іспен кеңестік көзқарастан ада, жаңаша ойлайтын, «қалтасында қызыл кітапшасы жоқ» адамдар ғана айналысуы жарасымды деді. Менің түркі жұрттарына етене қызығушылық танытатынымды, шетке кеткен, мажарстандық атақты шығыстанушы Германиус Дьюла мен Анкара университетінің профессоры, түркітанушы Рашоньи Ласлолармен етене қарым-қатынаста екендігімді білетін болып шықты. Келісімімді бердім. Яғни Пиштамен ұзақ жылдар армандаған мұратымыздың шеті қылаң бергеніне көзім жетті. Мен Сыртқы істер министрлігінде қызметке кіріскенде бірден Мажарстан үкіметі жақын арада тікелей дипломатиялық байланыс орнату мүмкіндігін ең алдымен тәуелсіз Қазақстаннан бастауы, онда Мажарстан Елшілігін ашу қажет екендігін көлденең тарттым. Кеңес Одағы ыдырай салысымен пайда болған дербес елдердің арасынан, Мажарстан бірінші болып Қазақстанның тәуелсіздігін таныды. Біз азат қазақ мемлекетінің болашағына сендік, бұл қадамымыз соған деген шынайы ілтипатымыз іспетті.

Толықмәнді еркіндікке 1990 жылы бет бұрған Мажарстанның алғашқы Үкіметі менің ұсынысым бойынша Орталық Азия бойынша кеңесші тартты. Сөйтіп, ол 1993 жылдың қаңтарында  Қазақстанның Сыртқы істер министрлігімен байланыс орнатты. Бұрындары консулдық байланыстар жолға қойылған-ды, себебі Теңізде еңбек ететін бірнеше мың мажарстандық мәселесімен айналысатын консулдық 1986 жылдан бері Құлсарыда жұмыс істеп келген еді. Кешікпей Мажарстан Үкімет басы Анталл Иожеф Қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты, премьері Сергей Терещенконы ресми сапармен келіп қайтуға шақырды. Сегед университетінің профессоры түркітанушы Торма Иожефті дипломатиялық жұмысқа шақырдым. Қазақстан Парламентіне барып, парламентаралық қатынастардың негізін қалап қайтқан ол Мажарстан Республикасының Алматыдағы алғашқы елшісі болып тағайындалып, бауырластық байланыстарды одан әрі дамытуға аянбай атсалысты.

Екіжақты қарым-қатынастарды жолға қоюда 1993 жылдың сәуірінде жасаған менің ресми сапарым шешуші қадам болды. Мажарстан Сыртқы істер министрлігінің саяси мемлекеттік хатшысы, әрі Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары ретінде бір топ мадияр дипломаттары мен бірнеше (ауыл шаруашылығы, қорғаныс, индустрия және сауда, мәдениет және білім, көлік, сондай-ақ телекоммуникация және сушаруашылығы) министрліктің жетекшілерінен, бірқатар іскерлер мен ірі мердігерлерден тұратын үлкен делегацияны басқарып бардым. Мәдениет пен білім саласындағы келісім жобасын Пишта ертеректе өз қолымен хатқа түсіріп, дайындап та қойған еді.

Алматыда жүргізілген келіссөздер барысында біз екі тараптың қауіпсіздік саясаты саласындағы ынтымақтастықтың негізін және экономикалық дамудың басты  бағыттарын айқындадық, бірден жаңа мазмұндағы ғылыми және мәдени байланыстар орнатуға кірістік. Сапар барысында Мажарстан үкіметі шешімімен Мажарстан елшілігін Алматыда ашып қайттық. Қазақстан Орталық Еуропа аймағындағы елшілігін Будапеште ашу туралы шешім қабылдады. Оған Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Сәлім Құрманғожинді елші етіп тағайындады.

Соның алдында ғана Қазақстан Премьерінің Мажарстанға ресми сапары барысында Мажар-Қазақ экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы құрылды һәм ынтымақтастық туралы бірлескен меморандум дайындалған-тұғын. 1994 жылы желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Мажарстанға жасаған ресми сапарында бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. Әсіресе, екі ел арасындағы қосарланған салықты болдырмау, сондай-ақ инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімдерге қол жеткізілді.

Өкінішке қарай, Мажарстан премьері Антал Иожеф 1993 жылы қайтыс болды және оның партиясы 1994 жылы сайлауда жеңіліске ұшырады. Сөйтіп одан кейінгі кезеңде уағдаласқан мажар-қазақ байланыстары өз қарқынын баяулатып алды. Бірнеше жоғары деңгейдегі сапар екі тарапта да жүргізілді: 1997 жылы Мажарстан президенті Гөнц Арпад Қазақстанға ресми сапармен барды. Сол жылы Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы М.Оспанов Мажарстанда болды. Одан кейін екі ел арасында саябырсу байқалды. Тек, 1995 жылы ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған ұлық шараға қатысқанымды екшеп айтар едім.

Арада он бес жылдай тоқыраудан кейін екіжақты байланыс тың леппен қайта жылжыды, іркес-тіркес оқиғалар орын алып, қайта жаңғырғанына куә болдым. 2010 жылғы Мажарстан Үкіметінің «Шығысқа қарай ашылу» деп аталатын бағдарламасын жариялағанда қуанышымда шек болмады. Өйткені өтпелі кезеңнің бастапқы жылдарында осы бағдарламаны дайындауда бірнеше досымызбен бірге елеулі еңбек сіңірген едік. Пишта досым тірі болғанда екі ел арасындағы ресми және сан қилы байланыстардың жолға қойылып, дамып отырғанына жүрегі жарылардай шаттанып масаттанар еді. Өкініштісі, ол ортамызда жоқ…

Қазақстанның бұрынғы бас қаласына келген сайын қазақ жастарының Мандоки Қоңырдың аруағын қаншалықты құрметтейтінін көріп, таңдай қағамын. Ол көз жұмған соң Дағыстаннан – Махачкаладан Алматыға кездейсоқ жол тартпаған, ол Тәңірдің қалауы болғандығына қайран қалам. Қоңыр қаладағы зираттардың бірінде, таудың баурайында қазақтың ұлыларымен бірге мәңгілікке үнсіз жатыр. Қалада Мандоки Қоңыр есімімен аталатын мектеп пен орталықтағы оның атымен аталатын ұзын даңғыл – оның мұратының айғағы, өшпес сүрлеуі сияқты. Ал Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Халықаралық Түркі Академиясындағы оның кітапханасы Қоңырдың мұрасын болашаққа жалғайды.

Қоңырдың мұраттастары мен оны үлгі тұтқан жандар екіжақты байланысты гүлдендіру жолында қарекет жасап жатыр. Будапештте Астана көшесі, Абай ескерткіші, елдің көшпелілер мәдениетінің ескерткіштері мен алуан үлгілері кең таралып келеді. Әлемдегі ең ірі көшпелілер фестиваліне айналған Тұран Құрылтайына қазақтар ғана емес, ондаған туысқан жұрттың мыңдаған өкілі қонақ болып қайтады. Біз армандаған мұраттар осылайша өз ретімен жүзеге асуда.

 

Андраш КЕЛЕМЕН,

Мажарстанның көрнекті қоғам қайраткері

Мажар тілінен аударған Бабақұмар ҚИНАЯТ