Тәуелсіздікті қорғауға, сақтауға елім, жерім дейтін, әрбір азаматтың үлес қосуы – міндет. Осы орайда ғылыми, әдеби, мәдени, тарихи тұрғыдан дәлелді айтары бар ел азаматтарының пікіріне мән беріп, көршілес елдерге де құлаққағыс жасап отырсақ, құба-құп болар еді.
Аталған мақала арқылы ұлтымыздың өткеніне тәуелсіз көзқараспен қарайтын ғалымдарымыз бен тарихшыларымызға бұл бағытта ауқымды жұмыс істеу тапсырылды.
Қырық жыл мектеп басшысы болып істеген тәжірибемде осы тақырыпқа қатысты басымнан өткен бір-екі оқиға есіме түсіп отыр. Осыдан он шақты жыл бұрын Ресейдің Самара қаласында үлкен конференция ұйымдастырылды. Соған мектептегі екі мұғаліммен бірге арнайы шақыртумен қатыстым. Сол жиында бір келеңсіз жағдайға тап болдық. Конференцияның кешкі отырысында соңғы сөз осы елдегі бір университеттің ректорына берілді. Ол конференцияның тақырыбынан ауытқып, Қазақстандағы орыс этносын құтқару керектігі туралы өтірікті шындай етіп, біраз сөз сөйледі. Тек модератордың мазасызданып, Қазақстаннан делегаттар келіп отырғанын ескерткеннен кейін барып сөзін аяқтады.
Келісім бойынша сөз маған да берілуі керек еді. Модератордың маған қарап, «сіз сөйлейсіз бе?» деген сұрағына орай: «Әрине, сөйлеймін. Жаңа ғана жүздеген адамның көзінше менің еліме айтылған жалған кінәні арқалап Қазақстанға кете алмаймын», дедім. Мен мінберге жеткенше модератор мен басшылық ететін мектеп, менің Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі екенім туралы, біздің шақырылуымыз кездейсоқ еместігі, халықаралық сарапшылардың қорытындысымен мектептің «брендтік» деңгейге жеткені, жақында Самара, Тольятти қалаларынан 20 мектеп басшысының Орал қаласындағы біздің мектеп-интернатта болып, өз көздерімен көріп, жетістіктерін бағалап кеткендері жайында айтып, бізді қостайтындай ишарат білдірді. Осылайша залда отырған адамдарды оң нотаға даярлағандай болды.
«Құрметті әріптестер, Ресейде Жириновский жалғыз деп ойлаушы едім, алайда екінші «Жириновскийді» Самарадан кездестіріп отырмын», деп әрі қарай еліміз туралы айтылған айыптаулардың жалғандығын, бұған дейін сөйлеген ректордың сөзі халықтар арасындағы достыққа іріткі салу әрекеті екенін жеткіздім. Дәлелді ойларымды сабырмен айтып шықтым. Конференция жұмысына қатысып отырғандардың көбісі мені қолдайтындарын сезіндім. Әр сөзімді нық айтып, қызараңдап отырған әлгі ректорды бір сәт көзден таса қылмадым. Сөзімді аяқтағанымда залда отырғандар қол шапалақтап, қолдау білдірді.
Сол сәтте өзімді ел намысын қорғауда жеңіске жеткен адамдай сезіндім. Таныс әріптестерім келіп, ректордың жалған сөзіне көңіл аудармауды сұрап жатты. Сол сыйластық күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Осылайша Мемлекет басшысының «Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді» дегенін өмірде кездесіп жататын түрлі жағдайларда Отанымызды әртүрлі әдіспен қорғауға дайын болуымыз керек деп түсінемін. Ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен мыңдаған жыл бойы қорғап келген кең-байтақ жерімізді көзіміздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Халқымыздың намысына тиетін арандатушылықтарға жауабымыз әрқашан дайын болуы қажет деп ойлаймын. «Аққа Құдай жақ», дегендей, халқымыз өзінің бауырмалдығының, қайырымдылығының, кең пейілділігінің арқасында тарихта талай этностың алғысына бөленгені ақиқат.
Мемлекеттік тіл – тәуелсіздіктің бір нышаны! Президент мақаласында мемлекет тілдің әлі күнге төрге шыға алмай отырғанына алаңдайтынын айрықша атап өтті. Қазақ тілін әлі жетік меңгермеген отандастарымызға үндеу тастады. Осы орайда Кеңес Одағы кезінде Орал қаласында жалғыз қазақ мектебінің болғаны белгілі. Сол кезде ата-аналар қазақ мектептерін ашу жөнінде талай талап-арыз бергендері есімізде. Қаланың бірден мектеп ашатын мүмкіндігі болмады. 1989 жылы Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының басшысы Қ.Юсипов мектеп директорларынан қазақ сыныптарын ашуды қайта-қайта талап еткенмен, білім ошақтарындан жағдай бола қойған жоқ. Ата-аналар балаларын орыс мектебіне қазақ тілін үйренбейді деп бергілері келмеді. Қазақ тіліндегі жеке мектеп ашуды талап етті.
Сол тұста біздің №20 мектепте оқушылар үш ауысыммен оқитындықтан, 1990 жылы 1 қыркүйекте Батыс Қазақстан Ауыл шаруашылығы институтының ректоры С.Джубаевпен келісіп, осы институттың екі аудиториясында қазақ сыныптарын аштық. Осы мектепте К.Кенжалиева мен Д.Ақболатова есімді ұстаздар болды. Мұғалімдер ата-аналардың қалауымен конкурс арқылы қабылданды. Оқушылардың білім сапасын бақылауда ұстап, қолдан келген көмегімізді аяған жоқпыз.
Сонау 90-жылдары облысымызда барлық құрылыс тоқтап тұрған тұста менің Орал қаласы мәслихатының депутаты ретіндегі ұсынысымның негізінде №30 мектептің әсем ғимараты салына бастады. Мектеп құрылысы жүріп жатқан кезде институт қабырғасындағы сыныптар уақытша балабақша ғимаратына, кейін құрылыс аяқталған соң М.Ғабдукенқызы басқарған және оның қалыптасуына еңбегі сіңген №30 мектепке ауысты. Бұл игі ісіміз ата-аналар тарапынан ризашылық тауып, қазақ тілін дамытуға аз да болса үлес қосқанымызды мақтан тұттық. Елбасымыз тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап ана тілімізді дамытуға баса мән беріп, қолайлы жағдайлар жасалып, тиісті заң шығарылып, қазақ мектептері көптеп ашылды. Орал қаласының өзінде қазақтілді мектептердің үлесі арта түсті.
Дегенмен, Президент өз мақаласында мемлекеттік тілдің әлі де болса шешімін таппаған мәселелеріне алаңдайтынын жеткізді. Шынында бұл мәселенің шешімін табу елін сыйлайтын, өзін елдің патриоты деп есептейтін әрбір қазақстандыққа қатысты деп ойлаймын. Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Президентіміздің мақаласында жазылған өте өзекті жер мен тіл туралы мәселелерді шешудегі ұсыныстарын қолдай отырып, көпжылдық тәжірибемнің кейбір кезеңдерін еске түсіріп, мүмкін жастарымыздың бір кәдесіне жарап қалар деген үмітпен өз ойларымды назарларыңызға ұсындым.
Асқар АҚЫШЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері