Спорт • 11 Ақпан, 2021

Ел айбынын асырған Азиада

679 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихындағы ең елеулі оқиғалардың бірі әрі біргейі – 2011 жылдың 30 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында қазіргі Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында VII қысқы Азия ойындарының дүркіреп өтуі. Тіптен, оны тарихи оқиға деп бағаласа да еш артықтығы жоқ. Себебі, дәл осындай ірі әрі кешенді жарыс Ұлы дала аумағында бұрын-соңды өтпеген еді. Ал сары құрлықтың саңлақтары бас қосқан айтулы спорттық шараның аса жоғары деңгейде ұйымдастырылуы Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы беделі мен мәртебесін күрт арттырды.

Ел айбынын асырған Азиада

 

VII қысқы Азия ойындарын Қазақстанның қабылдайтыны 2006 жылдың 5 қаңтарында белгілі болды. Сол кезде Кувейтте құрлықтық Олимпиада кеңесінің кезекті сессиясы өтіп, айтулы ұйым мүшелерінің дені біздің елдің кандидатурасын қолдады. Екіжақты келісімге қол қойылып, қажетті құжаттар қолға тиген сәттен ұйымдастыру комитеті дайындық жұмыстарына қызу кірісті. Алғашында Азиаданың ас­танасы ретінде Алматы қала­сы бекітілсе, 2007 жылдың 29 қа­занында кейбір спорт түрлері бо­йынша сайыстар елордада өтетін болып белгіленді. Нәтижесінде, қысқа ғана мерзім аралығында Астанада «Алау» мен «Сарыарқа» деп аталатын заман талабына сай керемет кешендер салынып, «Қазақстан» спорт сарайы күрделі жөндеуден өтті. 2009 жылдың жазында 30 200 кө­рер­менге есептелген «Астана Аре­на» стадионы пайдалануға бе­рілді. Алматы қаласы мен облы­сы аумағында «Сұңқар» халық­аралық шаңғы трамп­линдері кешені мен «Алатау» шаңғы-биатлон стадионы бой көтер­ді. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы мен «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты мен «Табаған» спорттық-сауықтыру кешені қайта жөнделіп, толықтай жабдықталды. «Ал­ма­ты» халықаралық әуежайы жаң­­ғыртудан өтті.

Алқызыл алау Азияның Олим­пиялық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан Әл-Кувейт қаласында тұтанды. VI қысқы ойындарын қабылдаған Қытайдың Чанчунь қаласы ар­қы­­лы ол 2011 жыл­­дың 3 қаң­тар­­ында Алма­ты­ға жеткізілді. Ала­тау баурайынан бас­тау ал­ған эстафета қала көше­лерімен жүріп өткен­нен соң төрт аптаға жуық уақыт ара­лығында республи­камыз­дың барлық өңірін қам­тыды. Қа­зақстанның көптеген азматтары осы тарихи сәттің куәсі болды. Түрлі салада қызмет етіп, елі­міздің дамуы мен өркендеуіне елеу­лі еңбек сіңірген мыңнан аса адам алқызыл алауды ұстап жүгі­ру құрметіне бөленді. Осы шара­ға орай ақын Шөмішбай Сариев­тің сөзіне белгілі сазгер Ерұлан Қанапиянов әсем ән жазды. Оны Қазақ­станның халық әр­тіс­тері  Әлі­бек Дінішев пен Роза Рым­баева нақышына келтіріп орындады.

Жарыстың өзіне келер бол­сақ, байрақты бәсекеде 26 мем­ле­­кет­тің өкілдері бақ сынады. Олар – Ауғанстан, Бахрейн, БАӘ, Гонконг, Иордания, Иран, Жа­пония, Қатар, Кувейт, Қазақ­стан, Қырғызстан, Қытай, Ливан, Ма­лайзия, Моңғолия, Непал, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Па­лес­тина, Сингапур, Тәжікстан, Таи­ланд, Тайпей, Солтүстік Ко­рея, Үндістан және Филиппин. 1134 атлет спорттың 11 түрі бо­йынша 69 жүлде жиынтығын са­рапқа салды. Бәсекелер әдет­те­гідей биатлон, коньки, мәнер­леп сырғанау, фристайл, тау шаң­ғысы, шайбалы хоккей (ерлер мен әйелдер), шаңғы, шаңғымен трам­плиннен секіру және шорт-трек­тен өтті. Сонымен қатар Азиада тарихында алғаш рет шаңғымен бағдарлау және доп­ты хоккейден бәсекелер ұйым­дастырылды.

Азия ойындарының ашылу салтанаты «Астана Аренада» өтті. Байрақты бәсекенің тұсау­ын Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кесті. Қар барысы дүбірлі доданың бой­тұмары болып бекітілді. Азиа­даның ұраны – «Мақсаты бірдің – рухы бір!». Елорда төрінде мә­нер­леп сырғанау, ерлер арасында шайбалы хоккей, коньки спорты және шорт-тректен, Ал­матыда биатлон, шаңғы, тау шаңғысы, шаңғымен бағдарлау, шаңғымен трамплиннен секіру, допты хоккей және әйелдер арасында шайбалы хоккейден сайыс­тар ұйымдастырылды. Ал жабылу салтанаты Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті.

1

1

1

1

Жарыстың жалпы командалық есебінде Қазақстан құрамасы қарсылас шақ келтірмей, өз тарихында тұңғыш рет бірінші орынды иеленді. Жерлестеріміз 70 жүлдеге қол жеткізді. Тарқатып айтсақ, 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медальды олжаладық. Жалпы, осы жарыста Қазақстанның намысын 169 спортшы қорғағанын да айта кетуге тиіспіз. Олар барлық спорт түрі бойынша сайысқа түсті. Екінші орында – Жапония. Күншығыс елінің өрендері 13 алтын, 24 күміс және 17 қоланы еншіледі. Үшінші сатыға Оңтүстік Корея жайғасты. Олар 13 алтын, 12 күміс және 13 қоланы қоржынға салды. Төртінші орынға Қытай табан тіреді. Аспанасты елінің өкілдері 11 алтын, 10 күміс және 14 қоланы иемденді. Сондай-ақ тағы төрт мемлекеттің сайыпқырандарына жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырды. Олар – Моңғолия (1 күміс+4 қола), Иран (1 күміс+2 қола), Қырғыстан (1 қола) және Солтүстік Корея (1 қола).

Қазақстанның ұлттық құ­ра­ма командасы сапында өнер көрсеткен спортшылар арасын­дағы нағыз мық­тылар (кестеде – Ғ.С.) Азия ойындарында жеңіс тұғырының ең биік саты­сына көтеріліп, жергілікті жан­күйерлерді қуаныш пен шат­тыққа бөледі.

Қазақстандық спортшылардың қоржыны күміс пен қолаға да толы болды. Олжаға кенелген оғы­лан­дарымыздың арасында шаң­ғымен трамплиннен секіруші Радик Жапаров, фристайлшы Жі­бек Арапбаева және шорт-трек­­тің хас шеберлері Абзал Әж­ғалиев, Айдар Бекжанов, Артур Сұлтанғалиев, Нұрберген Жұма­ғазиев сынды қазақтың ұл-қыздары да айшықты өнерлерімен көзге түсіп, сан мың жанкүйердің көзайымына айналды.

Шайбалы хоккейден еліміз­дің ерлер командасы сапында қан­дастарымыздың ара­сынан жалғыз Талғат Жай­лауов ойнаса, әйелдер сайысын­да Айжан Раушанова мен Ғалия Нұрғалиеваның өнеріне тән­ті болдық. Ал бендишілер бәсе­ке­сінде Қазақстан құрамасының жейдесін киіп, мұз айдынына шыққан 18 ойыншының тең жар­тысының өзіміздің қаракөздер еді. Соған қатты қуандық. Әсі­ресе, Рауан Исалиев пен Ескен­дір Нұғымановтың асқан шебер­лігіне сүйсіндік. Олар қарсы­лас­тар қақпасына толассыз гол соғып, «Медеуге» жиналған көрер­мендердің қошеметіне бөленді.

Алаш топырағында өткен Азиа­да бірқатар өреніміз үшін ірі жеңістер мен қомақты табыс­тардың алтын бастауы болғаны анық. Мәселен, елордадағы «Са­ры­арқа» спорт кешенінде мәнер­леп сырғанаудан өткен жа­рыс­та 18 жастағы Денис Тен тең­дес­­сіз деп танылды. Бұл бәсе­кеде ол Жапонияның қос мық­ты­сы – Такахито Мура мен Та­цу­ки Матида, Қытайдың сайып­қыран­дары – Сун Нань мен У Цзялян және өзбекстандық өрен Ми­ша Гені артқа тастап, бас жүл­дені қанжығасына байлады. Уақыт оза дара талантымен дараланған Денис Сочи Олим­пиа­дасының қола медалін мойнына іліп, әлем чемпионатында екі рет жүлделі орынды иеленді. Дү­ние­жүзілік Универсиада мен «Төрт құрлықтың біріншілігінде» Тен алтын тұғырдан қол бұлғады.

Азия ойындарында екі мәрте алтын алқа тағынған 19 жастағы Юлия Галышеваның да уақыт озған сайын шеберлігі шыңдала түсті. Фристайл спортын серік еткен сұлу 2018 жылы Пхенчхан Олимпиадасында қолаға қол соз­са, 2019 жылы АҚШ-тың Парк-Сити қаласында әлем чемпионы атанды. Одан бөлек, Юлия тағы екі бірдей дүниежүзілік додада жүлдегерлер санатына қосылды.

Түрлі дүбірлі додаларға үз­діксіз қатысып жүргендеріне қарамастан 23 жастағы конькиші Денис Кузин мен 24 жастағы шаңғышы Алексей Полторанин сол кезге дейін тек құрлықтық деңгейдегі жарыстар мен әлем кубогының кезеңдік сайыстарында ғана жүлде алып жүрген. Азиададан кейін қос жерлесіміздің жұлдызы жарқырай жанды. Денис 2013 жылы Сочиде әлем чемпионы атанса, дәл сол жылы Алексей Валь-ди-Фьеммедегі додада қос қоланы еншіледі.  

Шорт-тректен өткен жарыс­та Азиаданың қола медалін мо­йындарына ілген 17 жастағы Айдар Бекжанов, 18 жастағы Абзал Әжғалиев және 20 жастағы Нұрберген Жұмағазиев 2014 жылы Сочиде алауы тұтанған Олим­пия ойындарында бесінші орын алып, барша қазақстандық жан­күйерлерді қуантты. Сондай-ақ олардың әрқайсысы әлем кубо­гының кезеңдік сайыстарын­да түрлі-түсті медальдардың біра­зын иеленді. Жоғарыда есімдері аталған қандастарымыз шорт-тректің де қазақтың оң жамбасына келетін спорт түрі екенін тайға таңба басқандай етіп дәледеді.

19 жасында Азия ойындарына қатысып, шаңғышылардың 4х5 шақырымдық эстафетасында қоланы қоржынға салған Анастасия Слонова арада төрт жыл өткеннен соң Дүниежүзілік Универсиадада 2 алтын мен 2 күміс медальды олжалады. Допты хоккейден Қазақстан құрамасы 2012-2015 жылдар аралығында өткен төрт бірдей әлем чемпио­натында қола жүлдегер атанды. Сол жарыстарда команда капи­таны Рауан Исалиев жасын­дай жарқырады. Ескендір Нұғы­манов пен Ілияс Қарекешов сынды қандастарымыз да дүние­жү­зілік додада үшінші орынға табан тіреді. 2018 жылы Хабаров­скіде өткен жарыста жер­лес­теріміз төртінші сатыда қалып қойғанымен, 6 кездесуде қар­сы­ластар қақпасын 21 мәрте дәл көздеген Рауан чем­­пионат­тың ең мерген шабуыл­шысына тие­сілі арнайы сыйлық­ты иеленді. Міне, осылай тізбек­тей берсек, Қазақ­станда өткен Азиада көптеген дарынды жас­тарымыздың үлкен аре­наға шығуына даңғыл жол ашқанын аң­ғарамыз.

Міне, содан бері 10 жыл зуыл­дап өте шықты. Шыны керек, аса жоғары деңгейде ұйым­дас­ты­рылған сол дүбірлі доданың әсерінен әлі де арыла алмай жүр­ген жайымыз бар. Ең бастысы, сол кездері заман талабына сай салынып, ең соңғы үлгідегі құрал­дармен жабдықталған спорттық нысандар Азиададан кейін де есігін айқара ашып, ел игілігі үшін дамылсыз жұмыс істеп тұр. Сол кешендерде түрлі спорттық жа­рыстар мен оқу-жаттығу жиын­дарын өткізуге қолайлы жағ­дайдың барлығы жасалған. Ал олай болса, осы нысандарда шың­далып шыққан өрендеріміз ел спортының ертеңін де жарқын ете­тініне кәміл сенеміз.