Руханият • 11 Ақпан, 2021

Батыр атағына лайық бозым еді

142 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Таңертеңмен алдыма келетін бір бума газеттің арасынан әуелі «Egemen Qazaqstan» газетін қараймын. Өткен санын (29 қаңтар, 2021 жыл) қолыма алғаным сол, газеттің бірінші бетінің үстіңгі жағында жарияланған көне сурет көзіме оттай басылды.

Батыр атағына лайық бозым еді

Өйткені ол сурет – бір жылдары қолыма қалам алдырған хас батыр, Екінші дүниежүзілік соғыста бір өзі 300-ге жуық аса фашистің көзін жойған Ыбырайым Сүлейменовтің бейнесі еді. Суреттің қасындағы «Өшпес ерлік. 6-7-беттер» деп жазылған сілтемені көргенімде, бірден «Кім жазды екен? Авторы кім болды екен?» деген ой келді. Себебі майдан даласындағы мерген­дігімен аты шыққан батыр қа­зақ жайлы бұрынғы өткен белгілі жа­зу­­шылар мен журналистерден кейін сиректеу жазыла бастаған. Сөйтсем, үлкен газеттің екі бетін алып жатқан мақала авторы – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, қаламгер-публицист Мұхтар Құл-Мұхаммед екен. Оқып отырып, мергендігімен көзге түсе тұра ерлігі еленбей қалған батырымыз Ы.Сүлей­менов туралы еліміздің саяси эли­тасы мен зиялы қауымы арасында білім-білігімен беделге ие болған танымал тұлғаның қалам тартқанына қуандым.

Олай дейтінім, кезінде аттары аңыз­­ға айналған батырларымыз Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қош­­­қарбаев пен Қасым Қайсеновке Кеңес Ода­ғы­ның Батыры атағы қаса­қана беріл­ме­гендіктен, жанашыр жұр­тының ықы­ласы­мен, ел басқарған беделді аза­мат­­тардың ықпалымен сол атақ көп ке­­шіксе де, өз иелерін тапқан болатын.

Бейбіт өмірде аты-жөні құралайды көзге атқан мерген аңшы ретінде та­ныл­ған Ыбырайым жай жатқан еліне қасқырша шапқан неміс фашистерін «қақ жүректің тұсы деп, өлер жерің осы» деп, майдан даласында дәлдеп атып, аты аңызға айналды. Арнайы шы­ға­рылған әскери үгіт-насихат пла­кат­тарына суреттері басылды. Ол туралы дерек пен дәйек жеткілікті. Ыбырайым мерген қанша фашисті жер жастандырғанын жауынгерлік кітапшасына жазып отырған. Ал Невель қаласын азат ету үшін бол­ған соңғы қанды шайқас кезінде жай­ратқан жауының саны жазылмай қалғанын ескерсек, қазақтың бір мергені 300-ден астам фашистің көзін жойған болып шықпай ма?! Бірақ бақталастық пен бақастық, қысастық пен қызғаныш деген «қызыл ит» қызыл әскерлердің жоғары шенді ко­ман­дирлерінің арасында да болған. Сондай салқындықтың салдарынан Ыбырайым Сүлейменовтің «Қызыл Жұлдыз» бен Ленин ордендерін ғана қанағат тұтуына тура келген.

Жамбылдықтардың Ыбырайым Сүлей­менов ерлігін білмейтіні жоқ десе де болады. Өйткені бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласындағы бір көшеге Ыбы­райым батырдың аты Невель түбін­де қаза тапқан сонау қаһарлы соғыс жылдары-ақ беріл­ген. Аңызға айналған мергеннің аға­­йындары осы көшенің бойын­да тұр­ды. Менің қалам­герлік еңбек жо­лым­ның көп бө­лігі осы Ы.Сүлей­ме­нов көшесінің бойында орналасқан облыстық «Ақ жол» (бұрынғы «Еңбек туы»), об­лыстық телерадио хабарларын тарату компаниясының ғи­ма­раттарында өтті. Жұмыстан шар­шап, ой сергіткіміз келгенде бір топ журналист осы кө­ше­­нің бойын­да­ғы аллеяны аралап, оның орта­сын­­дағы субұрқақтардың қасын­да­ғы орындықтарға келіп аяқ суы­тып, батыр туралы әңгімелерге ден қою­шы едік. Қазіргі қызмет орным «Жамбыл облысының мемлекеттік архиві» мекемесі де осы Ыбырайым Сүлейменов көшесінің бойында. Меке­ме­нің дәл қасына батырдың ескерт­­кіш мүсіні орнатылған. Жұмы­сым­ның жаны болған соң, сол жерге жиі барып, өткен-кеткен тарихи жайттарды ой елегінен өткізіп тұрамын. Ондайда санамды «Батыр атағын бая­ғы­да алуға лайық бо­зым­ға неге орден ғана берілді?» деген сауал мазалайды.

Тарихи деректерге жүгінсек, 1943 жылғы маусым айында армия генералы А.Еременконың қо­лын­ан «Қызыл Жұлдыз» орденіне ие болып, қол сағат таққан Ыбырайымды шілде айында Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады. 289 жауды жер жас­тандырған мергенге бұл атақ өте ла­йықты еді. Бірақ 3-ші ек­пін­ді армия әскері кеңесінің бұл ұсы­нысын Калинин майданының бас­­шылары қолдамай, «Ленин ор­де­ніне ғана лайық» деп, мергеннің жа­уынгерлік ерліктері жазылған құ­жат­ты Мәскеуге жіберді. Сол құжат бойынша Ыбырайым Сүлей­ме­новке 1944 жылдың 4 маусымында КСРО Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Ленин ордені берілді.

Ал Батыр атағы неге берілмеді? Қа­зақ жауынгеріне Батыр атағын алу үшін 300-ге жуық фашистің көзін жою аздық етті ме? Мүмкін Бас штабтың ішіне бүккен басқа да себептері болған шығар? Бұл сауалдарға осы күнге де­йін жауап жоқ. Ал құралайды көзге атқан Ыбырайым Сүлейменов болса, өкінішке қарай, Ленин орденін де қолына ұстап, кеудесіне тағып үл­гер­ме­ді. Ол 1943 жылы 15 қазанда Невель қаласын фашистерден азат ету жо­лындағы шайқаста асқан ерлікпен қаза тапты.

Ыбырайым Отанын, елін сүйетін, адамдарды ұлтына, нәсіліне қарап бөл­мей­тін, аузын ашса, жүрегі көрінетін на­ғыз ақкөңіл батырдың өзі болатын.

– Жолдас аға сержант (ол кезде әлі старшина дәрежесін алмаған – К.С.) Ыбырайым Сүлейменов! Сіз қалай мерген болдыңыз? – деген сауалға:

– Қалай мерген болдың дейсің бе? Мен соғысты Мәскеу түбінде бас­тадым. Сол жерде жүріп фашис­тер атып өлтірген колхозшылар мен олар­дың әйелдерін, балаларын көрдім. Кол­хоз­шылардың үйлеріне кіріп, жағ­дайын сұрағанымда, олар өздерін гит­лершіл жендеттердің қалай азаптап, қорлағанын жылап отырып айтып берді. Әр үйдің қайғысы мен қасіретін көру маған оңай тиген жоқ. Сондықтан өзімді түк болмағандай, ештеңе көрмегендей сезіне алмаймын. Өйткені Мәскеу түбіндегі колхозшы әйелдің еңірегенде етегі толған көз жасы әлі күнге дейін санамда жаңғырып тұр. Оны көру маған өте ауыр болды. Міне, сол күндері мен өзіме мерген болуға, колхозшы орыс әйелінің кегін қай­таруға ант бердім, – дейді екен.

Көкейіміздегі өкінішті ойлардың астында қалып, сөніп бара жатқан үміт оты Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Өшпес ерлік» мақаласынан кейін қайтадан лап ете түскендей болды.

Ал түйін – біреу. Ол – Ыбырайым Сүлейменовтей сайыпқыранның Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерен ерлігі ескеріліп, майдан даласында аңызға айналған атына сай даңққа бөленсе деген ой.

Ыбырайым, Мырзаби,

Жау қыруға тоймаған.

Кезенгенге боп қырғи,

Көрінгенді қоймаған.

Кеңес етіп соны ылғи,

Күндіз-түні ойланам.

Сол батырлық болып күй,

Өлеңімді қозғаған, –

деп жырлаған Жамбыл атамыздың аруағы мен жолбарысы жебеп, Құдай қолдасын!

 

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Жамбыл облысының мемлекеттік архиві» КММ директоры,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы

 

ТАРАЗ