Медицина • 11 Ақпан, 2021

Тәуекелі төмен аймаққа ауысты

121 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Эпидемиялық жағдай матрицасына сәйкес Қазақстан орташа қауіпті аймақтан тәуекелі төмен аймаққа ауысты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті.

Тәуекелі төмен аймаққа ауысты

 

Елімізде 10 ақ­пандағы жағ­дай бойынша жалпы 198 086 нау­қас COVID-19 індетін жұқ­тыр­­ған. Бүгінде инфекциялық төсек орындарының 26 пайызында нау­қ­ас бар, реанимациялық орын­дардың 18 пайызында пациент жа­тыр.

«Осы аптада эпидемиялық жағ­­дай­дың матрицасы бойынша Қазақстан орташа қауіпті аймақ­тан тәуекелі төмен аймаққа өтті. 3 өңір – Ақмола, Пав­лодар облыс­тары және Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл аймақта» тұр. «Сары ай­мақта» – 3 өңір – Батыс Қазақ­стан, Қостанай, Солтүстік Қазақ­стан облыс­тары бар. Қалған 11 өңір – «жасыл аймақта. Шекара маңы аудандар­ында эпидемиялық жағ­дайдың тұрақтануына байланысты 2021 жылғы 2 ақпаннан бас­тап ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуы­на жол бермеу жөніндегі ведом­ство­аралық комис­сияның шеші­мімен Қазақстан Мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібіне бірқатар жеңілдіктер енгізілді», деді министр.

Қазақстан азаматтары үшін, сонымен бірге шетелдіктер мен аза­маттығы жоқ адамдар үшін де шекараны кесіп өту жиілігі 3 есеге ұлғайтылды. Ерек­ше жағдайларда: емделуге, оқуға бару, қызметпен, отбасы мүше­лерін жерлеу­ге баруға, отбасындағы жағ­дайы ауыр нау­қас­­қа күтім жасау, жолаушы тасымалы, ха­­лық­аралық тасымал үшін шектеу жоқ. Қазақстан Үкіметінің шешімі бо­йын­­ша тікелей әуе қатынасы қай­та қал­пы­на келген (тұрақты, тұ­рақты емес чар­­терлік рейстер) мемлекеттерге шетел­дік­тердің шы­ғуына, Қазақстан аумағына кіруіне, транзитпен өтуіне рұқсат етіледі.

Сонымен қатар министр «As­hyq» қосымшасы 13 мыңнан астам бизнес субъектісінің қыз­метін қайта қалпына келтіруге көмектесетінін атап өтті.

«Коронавирус пандемиясы бас­тал­ғаннан бері бүкіл әлемдегі биз­нес­тің жұмысына шектеу қойылды, кәсіп­керлерге табыс кірмей қалды. Бұл біз­дің елге де қатысты. 13 мыңнан астам бизнес субъектісі әлі күнге дейін қыз­метін қайта бастай алмай отыр. «Ата­мекен» ҰКП-ның қатысуымен биз­нес қауымдастық Оңтүстік-Шығыс Азия ел­дерінің (Гонконг, Сингапур, Малайзия) тәжірибесін ескере отырып, «АSHYQ» жобасын іске асыруды ұсынды», деді А.Цой.

«Ashyq» мобильді қосым­шасын «Атамекен» ҰКП, Цифр­лық даму, инновациялар жә­не аэроғарыш өнеркәсібі министр­лігі және Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің тапсырысы бойынша отандық IT-компания әзірлеген. Бүгінде қанатқақты режімде «АSHYQ» қосымшасы Алматы, Нұр-Сұлтан жә­не Қарағанды қалаларында қызмет көр­сетуге рұқсат етілген нысандарда (фит­нес-орталық, спа-орталық, бас­сейн, монша, кинотеатрлар) іске қосыл­ды. Қазір 40 нысан «Ashyq» пилоты­на ерікті түрде қатысуда. «Ashyq» мо­бильді қосымшасы QR-код арқылы және Денсаулық сақтау министрлігінің ортақ базасымен интеграциялау арқы­лы келушінің мәртебесін, оның вирус тасымалдаушысы емес екенін анық­тауға мүмкіндік бе­реді. Сондай-ақ нысан­дардың келушілерді қабылдауға әзір­лігін және олардың санитарлық талап­тарға сәйкестігін көрсетеді.

«QR-код тек бизнес субъек­ті­леріне беріледі. Келуші «Ashyq» мобильді қо­сым­шасын өз телефонына жүктеп, теле­фон нөмірі бойынша авторизация­лаудан өтуі және мекеменің QR-кодын ска­­нерлеуі қажет. Түстерге бөлу әлеуметтік желілерде талқы­лан­ғандай, адамдардың жеке өмірін бақы­лауға арналмаған. Бұл науқасты анықтайды немесе адамның каран­тиндегі пациент­пен жақын байла­нысы бары-жо­ғын көрсетеді. «Аshyq» мобильді қосымшасын әркім өз ер­кі­мен қолданады және ол қауіпсіз орта қа­лып­тастыруға, келушілерді вирус жұқтыру, індеттің таралу қау­пінен қорғауға ба­ғыт­талған, сон­дай-ақ бизнеске карантин кезінде қызметін жалғастыруға мүм­кіндік береді», деп түсіндірді А.Цой.

Жиын барысында ведомство басшысы вакциналауға да тоқталып, 10 ақпандағы жағдай бойынша 13 301 медицина қыз­меткері екпе алғанын айтты.

«Мемлекет басшысының тап­сырмасымен Қазақстанда 1 ақ­панда Ресейде шығарылған «Спут­ник V» вакцинасымен КВИ-ге қарсы вакциналау басталды. Вакциналау барлық өңірде жү­руде, 778 егу пункті ашыл­ды, олардың 166-сы қазір іске қо­сылды, барлығы тоңа­зытқыш­пен қамтамасыз етілген. 9 мың­нан астам медицина қызметкері оқы­тылды», деді министр.

Вакциналауды бірінші болып ин­фекциялық стационар, жедел меди­ци­налық көмек, сондай-ақ КВИ-мен сырқаттанудың жоғары қаупі бар басқа да бейіндегі медицина қызметкерлері алады. Одан кейін қатарға педагог, күш құрылымдарының қызметкерлері қосылады. Вакцинаның қорғау әсері бірінші дозадан соң 12-14 күннен кейін байқалады, бірақ толық иммунитет қалыптасу үшін екі доза қажет, ек­пені араға 21 күн салып қайталау ұсы­нылады. Толық курстан кейін 1,5 ай ішін­де ағзада иммундық реакция пайда бо­лады, осыған байланысты егілген адам­дар профилактика шараларын сақ­тауы қажет.

«Вакциналау жоспары бір­неше рет ай­тылды. Қазақстанда Қарағанды фарма­цевтикалық кешені шығаратын «Спут­ник V» вакцинасын жеткізу және пай­далану жоспарлануда. Қазірдің өзінде 90 мың доза көлемінде бірінші пар­тияның өндірісі басталды, ол Бірыңғай дис­трибьютордың қоймаларына және одан әрі өңірлерге ақпан айының соңы­на қарай жөнелтіледі. Шілде айына дейін өндіріс көлемі 2 млн дозаға жете­ді», деді министр.

Денсаулық сақтау министрі Алек­сей Цой вакциналаудың маңызына тоқ­талып, оның 400 жылдан астам уақыт бойы адамзатты шешек, оба сияқ­ты қауіпті, өлімге әкелетін аурулардан қорғап келгенін айтты.

«Соңғы 30 жылда эпиде­миялық паро­титпен сырқаттану­шылықтың 870 еседен артық төмендегені, халық ара­сында «В» вирустық гепатитімен сырқат­танудың 150 есеге, көкжөтелмен сыр­қаттанудың 7,3 есеге төмен­дегені байқалды. Қазіргі уақытта полиомиелит, дифтерия, сіреспе, қызамық сияқты инфекциялар ұмы­тылған. Сондай-ақ халық ара­сында «коронавирус инфек­ция­сымен ауырып шыққан дұрыс» деген пікір бар, бірақ оның им­мундық жүйеге және созыл­­малы аурулардың өршуіне әсер ететін, «ковидтан кейінгі» асқы­нулар болатынын, өкпе, бауыр, жүрек сияқты өмірлік ма­ңыз­ды ағзалардың функция­сы бұзы­латынын еске салғым ке­леді. Қалпына келу про­цесі өте қиын. Көп жылдық тәжірибе көр­сеткен­дей, вакциналау – әлем­де ауру­­лар­дың таралуының алдын алудың барын­ша тиімді құ­рал­дарының бірі», деді А.Цой.