Бүгінде ішкі істер органдары көрсететін 40 қызметтің 38-і (95%) автоматтандырылған. 2020 жылы ішкі істер органдары 8 млн. 937 мың мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның ішінде 8,5 млн-нан астам қызметті азаматтар egov.kz порталы арқылы, сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталықтарында электронды түрде алды, тек полиция бөлімшелеріне жүгінген кезде ғана 387,5 мың қызмет қағаз түрінде көрсетілген. Осының ішінде автокөлікті тіркеу (2 млн. 366 мың), жеке басты куәландыратын құжаттарды беру (2 млн 253 мың) және жүргізуші куәліктерін беру (986 мың), сондай-ақ азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу (2 млн 067 мың) ең көп сұранысқа ие қызметтер болып саналады.
Ведомство басшысы атап өткендей, цифрландыру жұмыс тиімділігін арттырады, процестерді жеңілдетеді және азаматтарға мемлекеттік қызметтерді ұсыну мерзімдерін қысқартады, сондай-ақ қызметкерлердің халықпен тікелей байланысын болдырмайды және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ІІМ-нің Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы ең басты ұстанымы – қызметтерді автоматтандыру, жеделділігін арттыру, ашықтығын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықты азайту болып табылатынын атап өтті.
– Бүгінде біздің барлық әрекетіміз мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған. Ең бастысы, адамдар оларды үйден немесе кеңседен шықпай-ақ тез және ешқандай әуреге түспей ала алады. Сонымен қатар, шешім қабылдаудың әрбір кезеңінде уақытылы және объективті орындалуын қадағалау керек, – деп атап өтті ведомство басшысы.
Бұдан басқа, цифрландыру қызметтерді біртұтас көрсетуге мүмкіндік береді, яғни бір өтініш бойынша бірден өзара байланысты бірнеше қызметтерді алуға болады (барлығы тоғыз қызмет түрі, олардың жетеуі 2020 жылы енгізілген). Осылайша, еңбек мигранттарына азаматтардың үй шаруашылығында жұмыс істеуіне рұқсат берумен қатар (“еңбек патенті” деп аталатын), оларға ЖСН және уақытша тұруға рұқсат рәсімделеді. Бұрын бұл қызметтердің әрқайсысы бөлек көрсетілетін.
Есептер мен мәліметтерді автоматтандыру, әртүрлі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін ықпалдастыру ведомство көрсететін бірқатар қызметтерді жоюға мүмкіндік берді. Мысалы, 2019 жылғы 1 қарашадан бастап тұрғылықты жерінен мекенжай анықтамасын беру жойылды (жыл сайын 10 млн-ға дейін берілді), 2020 жылдың қаңтар айында елде уақытша болатын шетелдіктерді тіркеу тоқтатылды (жыл сайын 1,2-1,6 млн). Енді бұл мәліметтерді мемлекеттік органдар тікелей ақпараттық жүйелерден, ал азаматтар смартфондардағы мобильді қосымшалар арқылы алады.
Полицияның тіркеу-емтихан бөліністері қысқартылды, енді автокөліктерді есептен шығару және тіркеу, мемлекеттік нөмір белгісін таңдау және дайын құжаттарды жеткізуге тапсырыс беру қашықтықтан жүзеге асырылады, ІІМ базалары бойынша барлық тексерулер автоматтандырылған. Ішкі істер органдары жүйесінде мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін оңайлату, олардың сапасы мен халыққа қолжетімділігін арттыру, әкімшілік кедергілер мен сыбайлас жемқорлықты туғызатын жағдайларды болдырмау жөніндегі жұмыстар жалғаса береді.