
Ақтөбе қаласының 41-разъезд ауданында Ахмеджан Қойшығұлов атында көше бар. Ал оның қандай адам болғанын, қай дәуірде өмір сүргенін, елімізге сіңірген еңбегін көпшілік жұрт біле бермейді. Білмегендіктен де, кейінгі кездерде көшелерге кім-көрінгеннің есімі берілетін болды деп орынсыз кінәлап жатады. Егер алдын ала түсіндіру жұмыстары жүріп, көше атауы берілген тұлға туралы жан-жақты мағлұмат берілсе, өмірден өтіп кеткен адамды бұлай жаңсақ ғайбаттауға орын қалмас еді. Біз білетін және осы мақаланың арқауы болған Ахмеджан Қойшығұлұлы ірі тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері.
Ақтөбе қаласының 41-разъезд ауданында Ахмеджан Қойшығұлов атында көше бар. Ал оның қандай адам болғанын, қай дәуірде өмір сүргенін, елімізге сіңірген еңбегін көпшілік жұрт біле бермейді. Білмегендіктен де, кейінгі кездерде көшелерге кім-көрінгеннің есімі берілетін болды деп орынсыз кінәлап жатады. Егер алдын ала түсіндіру жұмыстары жүріп, көше атауы берілген тұлға туралы жан-жақты мағлұмат берілсе, өмірден өтіп кеткен адамды бұлай жаңсақ ғайбаттауға орын қалмас еді. Біз білетін және осы мақаланың арқауы болған Ахмеджан Қойшығұлұлы ірі тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері.

Бастау
Менің алдымда құжаттар жатыр. Бұларды оның жақын інісі, менің сыныптас досым, энергетика саласының белгілі маманы Сансызбай Қуатов еліміздің орталық мұрағаттарынан сұратып алдырған. Оның көпшілігі қайраткердің бір кезде өз қолымен толтырылған іс қағаздары. 1964 жылдың 2 қаңтарында орыс тілінде жазылған өмірбаянында ол мынадай деректер береді. «Мен, Қойшығұлов А.Қ. 1905 жылы Ақтөбе облысының Ойыл ауданында Ақшатау ауылдық кеңесінде Калинин ұжымшарында кедей-шаруаның отбасында дүниеге келіп, 1922 жылға дейін тұрдым. Әкем Қойшығұл Ажаипов ұста болды, 1945 жылы дүниеден өтті. Шешем 1951 жылы қайтыс болды. 1912 жылдан 1918 жылға дейін екі кластық орыс-қырғыз училищесінде, 1918 жылдан 1921 жылға дейін Орынбор қаласында мұғалімдер семинариясында оқыдым. Қазан төңкерісімен байланысты оқудың үшінші курсынан кеттім...
1922-1924 жылдар аралығында Орал қаласы, Қаратөбе, Ойыл кенттеріндегі байланыс жүйесінде пошталық-телеграфтық қызметкер болып жұмыс жасадым. 1924 жылдан 1927 жылға дейін Қызыл Армияда өз еркіммен қызмет етіп, Саратов қаласындағы атты әскер бөлімінде взвод командирі болдым.
Әскер қатарынан оралғаннан кейін, екі жыл сот-тергеу органдары жүйесінде жұмыс істедім. Маңызды істер бойынша тергеуші, ауданның прокуроры қызметтерін атқардым. 1929 жылдан 1938 жылға дейін еліміздің Ішкі істер министрлігінде жауапты қызметтерде істедім.
1938 жылдан 1939 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметінде, 1939-1940-жылдар аралығында Қазақ КСР-ының Автокөлік халық комиссариатын басқардым. 1940-1942-жылдары Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР-ы Мемлекеттік бақылау халық комиссары қызметтерінде жұмыс істедім.
1942 жылдан 1947 жылға дейін Қазақстан Орталық партия комитетінің қорғаныс өнеркәсібі бойынша хатшысына, мұнан кейін үшінші хатшысына сайланып, партияның басшылық қызметтерін жүргіздім.
1947-1950-жылдары Қызылорда облыстық атқару комитетінің төрағасы, одан кейін үш жыл Қазақ КСР Министрлер кеңесінің жанындағы су шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, 1954-жылдары еліміздің ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары лауазымдарын атқардым.
1955 жылдан 1961 жылға дейін Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы Қоныстанушыларды орналастыру және ұйымдастыру бас басқармасын басқарып, сол жылдың қараша айында одақтық маңызы бар зейнеткерлік демалысқа шықтым.
1922 жылдан 1932 жылға дейін комсомол мүшесі, 1932 жылдан КОКП мүшесімін, партиялық жазам жоқ.
Алған марапаттарым: екі «Қызыл жұлдыз», Еңбек Қызыл Ту, I дәрежелі Ұлы Отан соғысы және «Құрмет белгісі» ордендері. «Ұлы Отан соғысында сіңірген еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», басқа да бірнеше медалдар.
Үйленгенмін, әйелім, екі ұлым, бір қызым бар. Балаларым жоғары білімді, өз мамандықтары бойынша жұмыс істейді».
Міне, осыдан бір жылы кем, елу жыл бұрын, өз қолымен жазылған ресми құжаттан елі үшін қызмет еткен азаматтың бүкіл өмір жолы көрініп тұр. Біз сол өнегелі ғұмыр, үлкен еңбектің үш кезеңін ғана ой елегінен өткізбекпіз.
Мемуардағы мәлімет
Алдыңғы есімді бүгінде күллі әлем біледі. Ұлы Отан соғысының шешуші жылдарында аса оңтайлы қару жасаған және оны кейін жетілдірген маман. Сол есімі аңызға айналған атақты М.Т.Калашниковтың «Қару жасаушы-конструктордың жазбалары» деп аталған кітабы бар. 1992 жылы Мәскеудің Әскери баспасы Әскери мемуарлар сериясы бойынша шығарған (Калашников М.Т. Записки конструктора-оружейника / Литературная запись М.М.Малыгина. – М.:Воениздат, 1992. – 304, [28] с. – (Военные мемуары). – 50 000 экз. – ISBN 5-203-01290-3).
Осы көлемді кітапта автор Қазақ КСР Орталық партия комитетінің қорғаныс өнеркәсібі жөніндегі хатшысы қызметін атқарған Қойшығұлов туралы да жазады. Біз кітаптың сол тұсын толық аударып ұсынуды жөн көрдік.
* * *
«Соғыс кезінде қолында өз бетімен жасаған пистолет-пулеметі бар жаралы аға сержанттың аяқ астынан пайда болуы талайларды, оның ішінде, сүйегіне дейін кәсіпқой әскери адамға бірқатар күдік тудыратыны түсінікті еді: қару қайдан жүр, қандай мақсат? Менің ойда жоқта сап ете түсуімді облыстық әскери комиссариаттың адъютанты тап солай қабылдады. Мен оған жаралы болуыма байланысты демалыста болған кезде пистолет-пулеметтің жаңа үлгісін жасағанымды және өзіммен бірге соны алып келіп отырғанымды баяндағанымда, оның шын мәнінде есі шығып кетті.
Мен әскери комиссардың өзіне жете алмадым, адъютанттың бұйрығы бойынша табан астында тұтқынға алындым. Пистолет-пулеметтің үлгісін менен сол жерде тартып алды, белбеуімді шештірді. Бір сөзбен айтқанда, асқан қырағылық танытылды және ол жерде ешкімге ренжудің реті де жоқ еді. Маған бәрі айқындалғанын, тез шешілуін күтіп жатудан басқа ештеңе қалмады.
* * *
Үшінші тәулік өтті, ал менің тағдырым әлі шешілген жоқ. Бір мезетте түске қарай есік ашылып, табалдырықтан әскери комиссариаттың мені соншалықты азап шектіріп, қапаландырған адъютанты көрінді. Ол маған белбеуімді, пистолет-пулеметімді қайтарып берді және сондай жылы сөйлеп:
– Жолдас аға сержант, төмен түсіңіз. Онда сізді көлік күтіп тұр. Тек әуелі өзіңізді тәртіпке келтіріңіз, – деді.
Баспалдақ бойымен түскенім сол еді, подъезден-ақ көшеде, шынында да, қара түсті жеңіл көліктің тұрғанын көрдім. Адъютант қолымен оны көрсетіп, есігін ашуды ұмсынды. Енді менің бас қатыруыма тура келді: мұндай құрмет не үшін, кім маған қамқорлық жасап отырған?
Көлікке отырған соң мұның мәнісін жанымдағылардан сұрадым. Олар бірден:
– Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне, Орталық Комитет хатшысы жолдас Қойшығұловқа сізді жеткізуге бұйрық болды, – деп кесіп айтты.
* * *
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы мені ықылас қойып тыңдады. Ол, әрине, қолөнершілікпен қолдан жасалған қарудың мейлінше жетілдіруді қажет ететінін бірден түсінді. Оған техникалық құжаттар негізделіп даярлануы керегін де білді. Әлі де оның бірнешеуін және жетілген түрін жасау керек болатын. Тек оны қайда жасауға болады? Жолдас Қойшығұлов телефон тұтқасын алып, өзін біреумен жалғастыруды сұрады. Сосын маған бұрылып:
– Бізде қару жасау ісінің асқан білгірі бар. Шындығында, ол авиациялық, екінші рангадағы әскери инженер Казаков – Мәскеудің авиациялық институтының факультет деканы. Мен оны қазір осында шақырдым. Міне, енді, сонымен бірге жұмыс істейтін боласың. Факультеттегі жоғары курстың студенттері сіздерге техниканы жобалауды, сызуды, есептеуді үйретіп, жәрдемдеседі. Онда бәрін қайта жасауға, жетілдірілген үлгілерін даярлауға байланысты жұмыстарды жақсы меңгере аласыздар. Бұл істе олардың бай тәжірибелері бар. Құрал-саймандармен, қондырғылармен де жақсы жабдықталған. Мен ол жерде бірнеше рет болдым. Институтта жұмыс істейтін көптеген мамандарды, ғалымдарды білемін, – деді.
Казаков келгесін:
– Андрей Иванович, аға сержантты өзіңіздің қамқорлығыңызға алуды өтінемін. Оның сізге ұсынатыны бар, менің ойымша, бұл іс қызықты және болашағы айқын іс. Жас конструкторға жәрдемдесіп, үлгіні бірге жасап көріңіздер. Жұмыс барысы туралы маған хабарларсыздар. Ату сынағы жүрер кезде, бірден хабар айтыңыздар. Пистолет-пулеметтің алғашқы сынақшысы болғым келеді. Табыс тілеймін, – деп шығарып салды.
* * *
Институтта жұмыс тобы құрылды. (күнделікті жұмыс жағдайында оны Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің арнаулы тобы деп атадық). Оған пистолет-пулеметтің бұдан арғы үлгілерімен айналысу тапсырылды.
* * *
Сынақ қаланың сыртында, тауда өтетін болды. Қойшығұлов әлдебір генерал-майормен бірге келді. Пистолет-пулеметтің жұмысымен танысып, оның қалтқысыздығын бірінші болып тексерді. Генерал-майор қарудың жұмысы жөнінде өзінің ойын бір сөзбен білдірді:
– Жақсы.
– Несі бар, әскери маман жоғары баға берді, – деді Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Қойшығұлов маған жақын келіп. – Расында да, осы сөз шындыққа сәйкес келе ме, соған өзім жеке көз жеткізгім келеді. Бұған жас конструктор қалай қарайды? Қарсы болмай ма?
Мен өзімнің ризалығымды білдірдім.
Ол үлгіні үлкен құлшыныспен сынап көрді. Сірә, пистолет-пулеметтің іс-қимылы қатты ұнаған болу керек. Оның атуға әуестенгені сондай, біз өзімізбен бірге алып келген патронның қалай таусылғанын аңғармай қалдық. Орталық Комитеттің хатшысы жерден көтеріліп, барлығымызға үлгілі жұмысымыз үшін алғыс айтты және маған:
– Сен керемет еңбектендің. Алайда, біздің пікіріміз әлі де ақырғы емес. Біз тек сіздің табыстарыңызға бірге қуана аламыз. Шешуші сөзді енді атыс қаруының мамандары айтады. Сондықтан, жолдас Калашников, Самарқандқа баруға жиналыңыз. Онда қазір Дзержинский атындағы Артиллерия академиясы орналасқан.
Сол жерде және Казаковка назар аударып:
– Андрей Иванович, Сізден Орта Азия әскери округінің Әскери кеңесіне және Самарқандтағы профессор Благонравовқа ұсыныс хат әзірлеуіңізді сұраймын. Мен оларға өзім қол қоямын, – деді.
Қателесу және кешірім
Соғысқа дейін тағдырын Қазақстанмен байланыстырған Калашниковтың кейін есімі әлемге танылған, қандай атақты адам болғаны көпшілікке белгілі. Ол өзінің мемуарын да арада жарты ғасыр өткеннен соң жазып отыр. Уақыт үлкен кісінің жады көп нәрсені көмескі тарттыратыны кездесіп тұратын жағдай. Конструктор да бір кездегі оқиғаны, өзіне қамқор болған басшының еңбегін сол күйі есінде сақтағанмен, аты-жөнін жазғанда қателеседі. Әрине, өзі өмірден әлдеқашан өткенмен Ахмеджан Қойшығұловтың артында қалың ел, отбасы, бала-шағасы, ұрпағы бар. Жасы ұлғайғанмен жолдасының да көзі тірі. Қызы Әсия Ахмеджанқызы оқымысты адам. Кітаптан әкесі туралы жазылған жолдарды оқиды. Сосын осы бір-екі жылдықта, Калашников Қазақстанға келген кезде кітап туралы алғысын, пікірін айтып хат тапсырады.
Ірі адам әр кезде ірілігін көрсетеді ғой, атақты конструктор оны елеусіз тастай салмай, мынадай жауап хат жазыпты:
«Құрметті Әсия Ахмеджанқызы!
Сіздің хатыңызды қызығып оқып шықтым және ол жетпіс жыл бұрын өткен оқиғаларды еске салды. Сол алыс жылдарда сіздің әкеңіздің назар салып, баға жетпес көмек көрсетуінің, ықпал жасауының арқасында менің тағдырым түбірімен өзгерді. Мен қару жасаушы-конструктор болдым!
Өзінің мемлекеттік қызметінен күні-түні бас бұра алмай жүргеніне қарамастан, ол менің алғашқы қаруымның үлгісі – қолдан жасалған пистолет-пулеметті ілгерілетуге іс жүзінде жәрдем беріп, соғыс кезінде Қазақстанға қоныс аударған әскери мамандарға қауыштырды. Сол арқылы мен атыс қаруын жасайтын констукторлық жұмысқа қосылдым.
Кешігіп те болса, мен өзімнің естелік кітаптарымда сіздің әкеңізді «Қайшығұлов» деп қате атағаным үшін кешірім сұраймын.
Хабарыңыз және құттықтауыңыз бен тілегіңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Шын көңілден сізге, сіздің туысқандарыңызға денсаулық, жақсылықтар тілеймін!
Бас конструктор, Ресей Федерациясының Батыры, екі мәрте Еңбек Ері, генерал-лейтенант М.Т.Калашников» деп қол қойған. Хат өткен жылдың қараша айында жазылған.
«Қойшығұловтыңкөк арбасы»
Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің өзі бастамашы болып қабылдаттырған «Көркейе бер, туған жер!» акциясы бар. Биыл екінші жыл жалғасуда. Осы шара Ахмеджан ағамыздың ел ішінде аңызға айналған іс-әрекетін есіме салады. Республика басшылығында қызмет істеген жылдарында өзінің туған ауданына бірнеше көк арба жіберген ғой. Қазіргі жастар арбаның ол кездегі қадірі түгілі, оның не екенін де көз алдарына елестете алмауы мүмкін. Әрине, соғыстан кейінгі туған ұрпақ біледі арбаны, бірнеше түрі бар оның. Өгізге жегетін ырдуан арба. Ал мынау салыстырмалы түрде атқа жегуге де ыңғайлы, арнаулы зауыттан шыққан әсем көк арба. Ол заманда мұндай арбаға мінген адам бай баласындай шалқып отырады. Өңірде мұнан өзге ондай арба жоқ, сондықтан, халық «Қойшығұловтың көк арбасы» деп атап кеткен. Осыны ана жылы біреу қателесіп, баспасөзде «Қойшығұловтың көк шайы» деп жазды. Көк шай емес, өзінің туған жері Ақшатауға жәшіктеп үнді шайын жіберген кездері де болған. Алыста жүрсе де ағамыздың туған ауданы, туған жеріне деген сағынышы, сәлемдемесі бұл. Сталиннің «шаш ал десе бас алатын» қатал заманында да мұны ешкім қызмет бабын пайдалану деп айыптамаған, түсінген. Егер азаматтың өзінің отбасына, тума-туысқандарына, туған жеріне шапағаты, қайыры тимесе қандай адам болғаны. Мен бұл жерде заңды, тазалықпен болатын жақсылықтар туралы айтып отырмын.
Зейнеткер болып жүріп те
Басшылық қызметтен алпысыншы жылдардың басында зейнеткерлікке шығып кетсе де, өзінің саналы ғұмырында дүмді жерлерде қызмет атқарған Ахмеджан ағаның сол кездегі астанамыз Алматыда абырой-беделі жоғары болған. Әр қоғамның өзінің жұмыс әдісі бар. Кеңестік заманда жол, көпір, бөгет сынды ірі нысандардың құрылысын жоспарға енгізу ақырет еді. Осы қиындықтарды Қойшығұловтың тікелей араласуымен, жетпісінші жылдары Ойыл ауданының басшылығында болған азаматтар жеңілдетіп жүреді. Соның арқасында Ойыл өзенінен, Келбатырдан халыққа қазірге дейін қызмет етіп келе жатқан берік көпір тұрғызылады, тас жолдар, ондаған бөгеттер, тоғандар салынады. Бұл шаруалардың кілтін Ахмеджан Қойшығұловтың қалай тапқаны жайында сол тұста Ойыл аудандық жол мекемесін басқарған әрі жақын інілері, марқұм Аққали Берғалиев қызық хикая етіп шертуші еді.
Ақтөбе топырағында туып, қоғам қайраткеріне, республика басшылығына дейін көтерілген Ахмеджан Қойшығұлов елім, Ақтөбе аймағы деп өмірден еңіреп өткен ерлердің бірі. Сол жолдағы іс-әрекеті бүгінде аңызға айналған әңгіме. Демек, сондай адамға Ақтөбе шаһарынан көше бұйыруы – ердің, азаматтың қадірін білгендік. Болашақта сол көшеде Ахмеджан Қойшығұлов ескерткіші тұрса жарасымды болар еді.
P.S.: Осы мақала редакцияда әзірленіп жатқан күндері интернетте мынадай хабар тарады. 23 желтоқсан күні атақты конструктор М.Т.Калашников дүниеден озыпты. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан бергі кезеңде Ижевск қаласында табан аудармай тұрып, еңбек еткен Михаил Тимофеевичтің жасы осы таяуда 94-ке толған еді.
Аманқос ОРЫНҒАЛИЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Ақтөбе облысы.