Кеше Үкіметтің биылғы соңғы селекторлық отырысы өтті. Онда осы жылғы заң жобалары жұмыстарының Жоспарын орындау қорытындылары шығарылды және Қазақстан су ресурстарын басқару бойынша тәсілдері мақұлданды.
2013 жыл Үкімет үшін оңайға соқпады деуге болатындай. Атқарылар жұмыстың аз болмағанымен қоймай, Үкіметті сын тоқпағының да аямай төпелегені осы жылдың еншісінде. Елбасы да Үкіметке қатаң қарап, тапсырмаларын ерекше бақылауда ұстады. Үкіметтік емес ұйымдар мен депутаттардың өзі Үкіметті «үнсіз» отыр деп айыптап, жұмысына мін тақты.
Кеше Үкіметтің биылғы соңғы селекторлық отырысы өтті. Онда осы жылғы заң жобалары жұмыстарының Жоспарын орындау қорытындылары шығарылды және Қазақстан су ресурстарын басқару бойынша тәсілдері мақұлданды.
2013 жыл Үкімет үшін оңайға соқпады деуге болатындай. Атқарылар жұмыстың аз болмағанымен қоймай, Үкіметті сын тоқпағының да аямай төпелегені осы жылдың еншісінде. Елбасы да Үкіметке қатаң қарап, тапсырмаларын ерекше бақылауда ұстады. Үкіметтік емес ұйымдар мен депутаттардың өзі Үкіметті «үнсіз» отыр деп айыптап, жұмысына мін тақты. Тіпті, Үкімет мүшелерінің арасында ауыс-түйістің де жиі орын алғаны осы жыл шығар. Үкімет «біресе қызарды, біресе бозарды, кейбір сәт қуанды», әйтеуір не керек, қарбалас, қызу жүріп, бұл жылдың да тарих қойнауына қарай жылжып кеткенін байқамай қалыппыз.
Өтер жылдың Үкімет үшін жеңіл болмағанын кеше заң жобалары жұмыстарының Жоспарының атқарылуы барысы туралы баяндаған Әділет министрі Берік Имашев та растады. Министрдің мәліметінше, жыл қортындысы бойынша, дайындалған заң жобаларының жалпы саны – 81, бұл көрсеткіш өткен жылдардағыдан 70 пайызға жоғары екен. Сонымен қатар, министр заң жобалары саны артып қана қоймағанын, заң жобалау жұмыстары құрамы мазмұнының жақсарғанын да атап өтті.
Министр мұнымен қоса ағымдағы жылы Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтқан бастамаларын жүзеге асыру мақсатында 19 заң жобаларының жасалғанын жеткізді. Сондай-ақ, әлеуметтік-экономикалық жаңғырту курсын заңнамалық қамтамасыз етуге мемлекеттік органдар дайындаған 17 құжаттың 13-і бағытталған. Б.Имашев депутаттық корпус 21 заң жобасына бастама жасағанын, ол өткен жылдардағыдан 2 есеге артық көрсеткіш екенін де ескертіп өтті. 2013 жылы Парламентке Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық, Қылмыстық-атқару және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы сияқты 4 кодекс енгізілген.
Үкімет басшысы Серік Ахметов өз кезегінде заң шығару қызметін үйлестіру мәселесіне тиісті көңіл бөлінбегенін және болжау-талдау жұмыстары деңгейінің төмендігін атай отырып, заң жобаларын дайындау барысында оның сапасы мен мерзімін қатаң сақтау керектігіне тоқталды. Осыған орай, С.Ахметов Әділет министрлігіне 2014 жылға арналған Үкіметтің заң жобалары жұмыстарының жоспарын мерзімінде және сапалы орындауды қамтамасыз етуді, сондай-ақ мемлекеттік органдардың заң шығару қызметін үйлестіруді күшейтуді тапсырды. Ал, министрліктер мен ведмостволардың бірінші басшыларына кемшіліктерді жоюды жеке бақылауларына алуды және Үкіметтің заң жобалары жұмыстары Жоспарына сәйкес заң жобаларын уақытында енгізуді міндеттеді.
Отырыста сондай-ақ, Қазақстанның су ресурстарын басқару Мемлекеттік бағдарламасының жобасы қаралды. Су ресурстарын басқарудың негізгі тәсілдері туралы Қоршаған ортаны және су ресурстарын қорғау министрі Нұрлан Қаппаров баяндады. 2040 жылға қарай су ресурстарына қолжетімділік болжамы туралы хабарлаған, министр су тапшылығын кеміту, ұзақ мерзімді жоспардағы су шаруашылығы инфрақұрылымын басқару бойынша ұсынысын ортаға салды. Оның ішінде атап айтқанда, «жасыл» ылғал сақтағыш технологиялар, суару жүйесін, коммуналдық инфрақұрылымдарды жаңғырту, ауыз суды тазарту, су көздерін тазалау мен қалпына келтіру, тариф жүйесін қайта қарау, білікті мамандар дайындау сияқты тәсілдер бар.
«Ауыл шаруашылығында суару жүйесін жаңғырту есебінен су шығынын 66 пайыздан 27 пайызға дейін қысқартып жылына 11,2 млрд. текше метр су үнемдеуге, ал өнеркәсіпте шығынды негізінен қайтармалы сумен жабдықтау жүйесін енгізу есебінен 40 тан 19 пайызға дейін қысқартып, жылына 900 млн. текше метр су үнемдеуге мүмкіндік береді. ТКШ секторы бойынша инфрақұрылымды және тазарту жүйесін жаңғырту арқасында ысырапты 58 пайыздан 19 пайызға дейін азайтып, жылына 300 млн. текше метр су үнемдеуге мүмкіндік туады», деді Н.Қаппаров.
Қаралған мәселені қортындылаған, Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сумен жабдықтау және су ресурстарын басқару бойынша стратегиялық маңызды бағдарлама жасалғанын атап көрсетті. С.Ахметов «осы бағдарламаны жүзеге асыру шеңберінде Үкімет үшін, әкімдер үшін, барлық шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін, шағын және орта бизнес үшін, жеке бастамаларды дамыту, инвестициялар тарту үшін үлкен мүмкіндіктер ашылады» деп есептейді. Талқылау нәтижесінде Су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жобасы қабылданды.
Үкіметтің соңғы отырысын қортындылай келіп, Премьер-Министр алдағы мереке күндері халық негізінен тұтынатын азық-түлік өнімдері бағасына қатысты мәселелерді бақылауда ұстау қажеттігін өңір әкімдері мен Үкімет мүшелерінің қаперіне салды. С.Ахметов облыс әкімдеріне барлық қызметтердің жұмысын, атап айтқанда, әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлерді тұрақты бақылауға алып, жылыту маусымын үнемі қадағалауды тапсырды. Құқық қорғау органдарына, Ішкі істер министрлігіне қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүктелді.
Үкімет отырысынан кейін Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков өзінің орынбасары Мүсілім Өміряевтің пара алу күдігіне ілінуіне байланысты пікірін журналистермен бөлісті. Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылғы 21 желтоқсанда жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Қаржы полициясы агенттігінің қызметкерлері мемлекеттік сатып алу конкурстарында жеңіске жетуге көмектескені үшін 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен Ауыл шаруашылығы вице-министрі М.Өмірияевті ұстаған болатын. Министр мұны жаңсақтық немесе қателік деп санайды.
«Әрине, бұл мен үшін тосын жайт болды. Мен оны демалыс күні ғаламтордан ветеринарлық дәрі-дәрмектерді мемлекеттік сатып алу байқауында көмек көрсету үшін пара алды деген күдікпен ұсталғанын естідім. Дегенмен, мен біріншіден, Өміряевтің ешқашанда да ветеринария мәселесімен айналыспағандығын, ешқашан аталған мемлекеттік сатып алулар бойынша байқауды өткізген Ветеринария комитетіне жетекшілік жасамағандығын атап өткім келеді. Яғни, бұл оның қызметтік өкілеттігіне кірмейді. Екіншіден, мен Өміряевті байсалды, адал, ұстамды адам ретінде білемін. Сондықтан менің ойымша, бұл қандай да бір жаңсақтық немесе қателік», деді А.Мамытбеков. Сонымен қатар министр орынбасарына қатысты мәселені тергеу амалдары анықтайтындығын баса айтты. Ол журналистерге берген сұхбатында орынбасарының сыбайлас жемқорлық фактiсi бойынша кiнәсi дәлелденсе, өз қызметiмнен кетуге дайын екенін мәлімдеді.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».