Бәсеке басталған бетте ойын тізгінін қолға алған айдын иелері толассыз шабуылдар ұйымдастырып, қонақтарды біраз әбігерге салды. Нәтиже көп күттірген жоқ. 8-минутта Аркадий Шестаковтан пас алған Егор Петухов есеп ашты. Арада бірер секунд өткенде Павел Акользин екінші шайбаны қақпаға тоғытты. Үзлістен кейін Қазақстанның хоккейшілері тағы екі мәрте нысананы дәл көздеді. Бұл голдардың авторлары – Кирилл Панюков (29-минут) пен Әлихан Әсетов (38-минут). Үшінші кезеңде жерелстеріміздің біраз босаңсыған сәтін ұтымды пайдаланған Беларусь хоккейшілері Иван Дроздов (46-минут) пен Евгений Ногачев (46-минут) қақпаны екі рет дәл көздеді.
Десек те біздің жігіттер де қарап қалған жоқ. Естерін тез жиған жерлестеріміз таблодағы есепті дереу өзгертті. Дмитрий Гурков пен Әлихан Әсетов ұйымдастырған комбинацияны Кирилл Панюков (47-минут) сәтті аяқтап, матчтың соңғы нүктесін қойды. Есеп – 5:2. Бір ғажабы, соңғы үш гол небары екі минут аралығында соғылды.