Әдебиет • 10 Ақпан, 2021

Шәкәрім дүниетанымы

1136 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ философиясының төрінен орын алатын, ірі ойшылдың бірегейі – Шәкәрім Құдайбердұлы. Оның білімді болғаны сонша, екінің бірі данышпанның ойын дұрыс түсіне алмауы мүмкін. Ел арасында қате түсініктердің де қалыптасып жатқаны осында жатыр. Шәкәрімді түсіну үшін әлем философтарының тұжырымдарынан, тұңғиық тарихтан хабардар болмақ керек. Ол қай заманның да білімдары жастайынан араб, орыс, түрік тілдерін өте жетік меңгерген. Соның арқасында көптің қолы жетпеген құнды еңбектерді оқып, әлі күнге дейін көптің тісі батпайтын еңбекті жазып шықты.

Шәкәрім дүниетанымы

Туындыларындағы идея ұнамағаннан талай жыл еңбектері «қамауда» жатты. Алайда қуғын көрген басқа қазақ зиялыларына қарағанда Шәкәрім ерте ақталды. Ақталғаннан кейін де біраз жыл шығармаларына жақындауға, сөз етуге көптің батылы бармады. Абайлап сөйлем, алыс жүруге тырысты. Көптің жақындамауына сол кезде өзіндік себебі, кей адамдардың ықпалы болды. Бұл жерде ол туралы сөз қозғамай-ақ қойғанымыз жөн болар, данышпанның дүниетанымына тоқталайық.

Шәкәрім философиясын қозғаған кезде ең алдымен Абайға ат басын бұрамыз. Абай інісінің білімдарлығын танып, бағыт-бағдар беріп отырғаны тарихтан мәлім. Тіпті, екеуінің шығармашылығына үндестікті байқамау мүмкін емес. Абай Құнанбайұлыны қазақ әдебиетіне алып келген бір жаңалығы – философиялық лирика. Осы сарында жазылған өлеңдері. Абай философиялық лирикаға өмірінің бір мүшелін арнады. Бұл 1889–1902 жылдарды қамтиды. Осы сарындағы он шақты өлеңі мен бірнеше қара сөзін табуға болады. Мысалы, 27-қара сөзін алайық. «Адам жаны қайдан келді?» деген сұраққа жауап іздеуге тырысады. Бұл қара сөз «Сократ хакімнің сөзі» деп берілген. «Адамның денесі өзің жүрген жердің бір битімдей құмына ұқсас емес пе? Денеңде болған дымдар жердегі сулардың бір тамшысындай емес пе? Жә, сен бұл ақылға қайдан ие болдың? Әрине, қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді де, сонан соң ие болдың. Бұл ғаламды көрдің, өлшеуіне ақылың жетпейді, келісті көрімдігіне һәм қандай лайықты жарастықты законімен жаратылып, оның ешбірінің бұзылмайтұғынын көресің. Бұлардың бәріне таңғажайып қаласың һәм ақылың жетпейді, осылардың бәрі де кез келгендікпен бір нәрседен жаралған ба, яки бұлардың иесі бір өлшеусіз ұлы ақыл ма? Егер ақылменен болмаса, бұлайша бұл есебіне, өлшеуіне ой жетпейтұғын дүние әрбір түрлі керекке бола жаратылып һәм бір-біріне себеппен байланыстырылып, пенденің ақылына өлшеу бермейтұғын мықты көркем законге қаратылып жаратылды», – деп қазақ ғұламасы Сократ сөзі арқылы өз ойын жеткізеді [1].

Шәкәрім де бұл тақырыпқа тереңінен бойлап, әрі қарай дамытқан. Ғалым Мекемтас Мырзахметовтің айтуынша, Шәкәрім – Абайдың философиялық лирикасын жалғастырған бірден-бір тікелей шәкірті. Ол 1898 жылдан бастап түп иені тану жолында ізденіп, қорытындыларын өлең, философиялық жазба түрінде дүниеге алып келген [2].

Шәкәрімнің «Тау бойындағы ой» деген өлеңінде:

Ей, жастар, қалай дейсің бұл дүние?

Мұны бүйтіп жаратқан қандай нәрсе?

Білімсіз мақсұтсыздан шыққан болса,

Мақсұт, білім, ой шықты мұнан неге?

Керексіз жаралған бір тозаңы жоқ,

Тәртіпті, таңғаларлық зор машине.

Алыстан іздемей-ақ, ойласаңыз,

Көру үшін жаралған көзіңіз де.

Себебі, толымдының ісі толық,

Ең түпкі жаратушы — мінсіз ие, - дейді.

Мына әлемнің кереметі шексіз болса, оны жаратқанның құдіретінде тіпті шек жоқ дегенді айтады. Шәкәрімнің философиялық өлеңдері ой тереңдігімен, таным мен моральді сабақтастыра алғандымен ерекше. Ш. Құдайбердіұлының өмірді, әлемді, адамды, жалпы жаратылысты тануға арналған философиялық лирикасы бір төбе, «Үш анығы» бір төбе.

«Үш анық» – әлем мойындаған философтардың ешқайсысының ығына жығылмай, Шәкәрімнің өз дүниетанымымен жазылған шығарма. Ол – а алмағайып заманда өмірге келген туынды.

Трактат: «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді... өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс — ұждан. Ұждан дегеніміз — ынсап, әділет, мейірім», — деп басталады [3].  Ол бұл еңбекке үлкен дайындықпен келген. Онысын: «Қырықтан соң иманым, Отыз жылдай жиғаным», - деген жыр жолдарынан аңғарамыз. Бұл жерде автор дәл осы «Үш анықтың» жазылуына қатысты айтып отыр. Бүгінде біз білетін, оқып жүрген әлем философтарының ойына күмәнмен қарап, талдаған, сынға алған.  Тіпті, адамзат сонау Пифогор заманынан адасқан ойдың жетегінде жүрген дегенді алға тартады. «Үш анықта» «Ақиқат деген не?», «Өмірдің мәні не?» және тағы да басқа философиялық сұрақтарға жауап іздейді.

Трактатта адамның рухани кемелденуіне қажет негізгі үш анықты атап көрсетеді. Біріншісі – әлемдегінің барлығына себепті жаратуышы ие. Екіншісі: жауапты жаратушы тіріге де, тірі емес ке жан береді, адам бұл дүниеден өткен соң, тазарып, жоғарылайды, өз бетімен өмір сүреді. Үшінші анық: жан жоғарылап, тазара түсуі үшін адам ұжданға сай арлы өмір сүруге тиіс. Шәкәрім түсінігіндегі ұждан – ынсап, мейірім, әділет. Данышпан адамдарды осы үш анықты тануға шақырады.  

«... Бұл нұрдың жайын жазғандағы мақсұтым мынау: нұр да өздігінен бар болмай, бір нәрседен шығатыны, о да қозғалып жүретіні ойда болсын. Және барлық әлемнің ұшы-қиыры жоқ зор екені белгілі. Осы үлкен білінген әлемге қарағанда, білінбегендердің есебін өлшеуге келмейтіндігі оқушының ойында болсын дедім. Жоғарғы айтылған барлықтың бәрі өздігінен жаралып жатыр, оны былай қылайын деп біліп жаратқан ие жоқ деген болжам әлдеқашаннан айтылып келе жатса да, әсіресе 17-18-19 ғасырларда Еуропа ішіне көбірек жайылды. Олардың дәлелдерінің күштірек дегендерін айталық» деп ежелгі ойшылдардың айтқан тұжырымын сынға алады[3].

«Білімділер насихат көп жазады,

Адам үшін уайым жеп жазады.

Байқап оқып отырсам, соның бәрі:

Дүниені «сұм, алдамшы» деп жазады», - деген өлең жолдарымен осы ойын бекіте түседі. Кейде өзін білімді санайтын адамдар мақтангерлікке салынып, соңынан ерген, сенгендерді адастыруы бек мүмкін. Елді аузына қаратқан шешен бәрін дұрыс айтып келе жатып, бір сөзді өз пайдасына, не бір басқа мақсатта айтып, тағы да шалыс бастыруы мүмкін. Сондықтан кім қандай насихат айтса да, оқып, таразылап барып қабылда деген ойды Шәкәрім керемет жеткізе білген.

Шәкәрімнің кемел адам, ақыл туралы да толғаныстары, философиялық ойлары хатқа жазылып, бізге жетті. Адамның жануардан айырмашылығы – таза ақылы мен жаны дегенді данышпан алға тартады. Оның ойынша, адамның жаны ол туылған кезде дән болып егіліп, кейін келе қолайлы жағдай жасалғанда (яғни, білім алып, ізденгенде) жайқалып өсіп, гүлденеді.

Шәкәрімнің соңында қалған әрбір өлеңі – терең философия. Оның тағдырлы ғұмыры секілді, әр өлеңі мен еңбегінің айтар ойы ұшан-теңіз. Бір қызығы, оны оқыған адам әртүрлі, өз түсінік пайымына қарай қабылдайды. Шәкәрімді түсіну үшін көп ізденіс қажет.

Ұстазы Абайдың «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған?!», - деген жолдары дәл осы Шәкәрімге қаратып айтылғандай. Бүгінгі ұрпағы әлі күнге дейін оны түсінуге, айтқысы келген ойын ұғуға, құпиясын білуге ынтық.

 

Данат Жанатаев,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

профессоры, доцент

Балғын Әділбаева,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

магистранты