Қазақстан • 11 Ақпан, 2021

Жер – басты байлығымыз

1128 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығын дамыту барысында жер қатынастарының маңызды рөл атқаратынын айта келе: «Биыл Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторийдің мерзімі аяқталады. Осыған орай, Жер жөніндегі комиссияның жұмысын қайта жандандыру қажет. Ұсыныстар байыппен талқыланып, түбегейлі шешім қабылдануға тиіс.  Үкіметке биылғы қараша айына дейін Жер кодексіне түзетулер енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын», деді.

Жер – басты байлығымыз

Мораторий жарияланған Жер кодексінің жекелеген нормаларына енгізілетін түзетулер 2016 жылғы жазда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Жер кодексінің нормаларын халыққа түсіндіру, талқылау және ұсыныс әзірлеу үшін Үкімет шешімімен құрылған, құрамында Парламент депутаттары, үкімет мүшелері, ғалымдар, ауылшаруашылық тауар өндірушілері, саяси партиялар мен әртүрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар 75 адамнан тұратын, Үкімет басшысының орынбасарлары басқарған республикалық Жер комиссиясының отырыстарында жан-жақты, терең, қызу талқыланды. Комиссияның 9 отырысының төртеуі Алматы, Ақмола, Атырау, Қызылорда облыстарында көшпелі отырыс ретінде өткізілді. Қызу пікірталас жағдайында өткен комисия отырыстарында облыс, қала, аудан әкімдері, Қоғамдық кеңестердің мүшелері, ауылшаруашылық тауар өндірушілері, қоғам өкілдері қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан арнайы Саll-орталығы ашылып, оған 13 мыңнан астам ұсыныс пен пікір келіп түсті. Комиссияның жұмысы республиканың бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария етілді.

 Жер комиссиясының отырыстарында еліміздегі жерді тиімді пайдалану, оны сату мен жалға берудегі кемшіліктер мен олқылықтардың беті ашылды. Жерді бөліп беруде ашықтықтың, жариялылықтың болмауынан елімізде, әсіресе солтүстік облыстарда ондаған, жүз мыңдаған гектар құнарлы ауыл шаруашылығы жерлерін иемденіп алған алпауыттар бар екені анықталды. Олардың өздері ірі қалаларда тұрады, ауыл тұрғындарының еңбегін қанап, оларға ешқандай әлеуметтік жағдай жасамай, ауылдың дамуына, өркендеуіне ешқандай көңіл бөлмейді. Сонымен қатар жеріміз ұлан-ғайыр, халқымыздың саны аз болса да, көптеген азамат жер ала алмай жүр.

Комиссия осындай кемшіліктердің бетін ашып, барлық ұсыныс-пікірлерді тыңдап, терең талдап, талқылап, бірауыздан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сатуға да жалға беруге де болмайды деген тұжырымға келді. Талқылау барысында жерді тиімді пайдалануға байланысты қордаланып қалған көптеген проблеманың шешу жолдары айқындалып, Үкіметке ұсынылды. Ол ұсыныс Елбасының тарапынан қолдау тауып, мораторий мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды.

 Міне, содан бері 4 жылдан астам уақыт өтті. Республика халқын дүрбелеңге салған жерді шетелдіктерге сатуға да жалға беруге де болмайды деген ең басты мәселе оң шешімін тапқан сияқты. Мемлекет басшысы жуырда жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «бəріміз айқын білетін жəне бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны əр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет», деп ашық мәлімдеді. Енді биылғы жылы Жер кодексіне тиісті түзетулер енгізіліп, түбегейлі шешім қабылданады.

Жалпы, елімізде жер реформасы эволюциялық жолмен жүргізіліп келеді. Жекешелендірудің барысында жер алдымен үлестік пайларға бөлініп берілді, кейіннен жер жалға беріле бастады. 2003 жылы қабылданған Жер кодексінде ауыл шаруашылығының жерін жекеменшікке сатуға рұқсат етілді. Содан бергі 17 жылда ауылшаруашылық жердің 1,3 пайызы жекеменшікке сатылыпты.

Қазіргі таңда мыңдаған гектар егістік алқаптар ауыл шаруашылығы айналымынан шыққан, өңделмей, арамшөп басып, деградацияға ұшырауда. «Иесіз қалған жер – жетім» деген сөз бар қазақта. Жер бос жатпауы керек, тозбауы керек. Тозса, иесіз жер тозады. Жер – халықтың ырысы. Ол жеміс беруі керек. Міне, Жер кодексіндегі өзгерістердің негізгі мақсаты – жерге жаны ашитын нақты меншік иесін табу арқылы, оның құнарлылығын арттырып, тиімді пайдалану.

Біз аграрлық елміз, мақтансақ, жерімізбен, ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен мақтануымыз керек. Бірақ бұл салаға мемлекет тарапынан әлі де болса тиісті көлемде инвестиция салынған жоқ. Өнеркәсіппен салыстырғанда, ауыл шаруашылығына инвестиция 23 есе аз салынуда. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау Ресеймен салыстырғанда – 2 есе, Беларусьтен – 4 есе, Еуроодақ елдерінен 20 есе төмен. Жер-ананы күтіп, баптап дұрыс игеретін болсақ, ол жыл сайын құнарлылығын арттырып, өнімді көп беріп, өзімізді толық қамтамасыз етіп қана қоймай, артылған өнімді шетелге шығарып, елімізге валюта әкелетін боламыз.

Менің ойымша, ең бірінші кезекте, пайдаланылмай жатқан жерлерді арнайы жер қорына қайтарып, оны жері жоқ, ауылшаруашылық мамандығы бар, ауылда тұратын немесе жылдың 12 айының 8 айында ауылда тұратын, тапқан табысының бір бөлігін ауылды көркейтуге, дамытуға жұмсаймын, ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеруге үлес қосамын деген азаматтарға беру керек. Жер иеленушілер тек егін шаруашылығымен ғана емес, өздеріне тиімді мал шаруашылығымен де шұғылданып, елімізде ет, сүт өнімдерінің молшылығын жасауға үлес қосулары қажет.

1992 жылы жер реформасы басталған кезде, ауыл тұрғындарының барлығына, соның ішінде мұғалімдерге, зейнеткерлерге дейін жер пай үлесі бойынша бөлініп берілді. Кейін, қаржысы, техникасы, себетін тұқымы жоқ ауыл тұрғындарының көпшілігі амалы жоқтан өз пай үлестерін, бір қап ұн мен бір арба сабан алатын болып, сол жердің іскер, пысықай азаматтарына немесе басқа жақтан келіп, заңды тұлғалар құрған алпауыттарға өткізіп жіберді. Осы дұрыс па? Қазір кооперация туралы заң қабылданды. Шаруалар енді өздерінің жер үлестерін қайтарып алып, кооператив құрып бірлесіп, жұмыс істейтін, түскен табыстан дивидент алып отыратын жағдайға келді. Бірақ сол жер үлестерін шаруалар қайтарып ала алмауда. Бұл мәселені Үкімет қолға алып, заңды түрде шешіп, пай иелерін кооперацияға біріктіріп, оны барынша қолдап, дамуына жағдай жасауы керек. Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл бағытта сылбырлық танытуда. Әрине, бұл оңай жұмыс емес, көп еңбек етуді қажет етеді.

Ал өздері қалада тұратын, әртүрлі жолмен ондаған, жүздеген мың гектар жерді жалға алып, оны дұрыс пайдаланбай, жердің құнарлығын төмендетіп, айналымнан шығарып, арамшөп бастырып жатқан жер иелерінің тізімін жариялау, олардың жерді қалай алғандығының заңдылығын тексеріп, керек болса мұндай жерлерді мемлекетке мәжбүрлеп қайтарып алу мәселесі шешілуі керек. Сонымен бірге әр азаматқа жер берудің ең жоғарғы шекті мөлшерін белгілеу қажет. Ол әр ауданда, әр облыста жердің жағдайына, климатына байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Суармалы жерлер бар, тәлімі жерлер бар, жер көлемі көп және жері аз өңірлер бар. Соған байланысты жергілікті жерлерден ұсыныс алынып, ол терең зерттеліп, ғалымдар мен мамандардың талқысына салынып барып, Үкіметтің қаулысымен немесе облыстық әкімдік пен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімі қабылдану керек. .

Тағы бір маңызды мәселе – шекара маңындағы шұрайлы жерлерді игеріп, агроқалашықтар салу, елді мекендерді өркендетіп дамыту, тұрғындар санын көбейту үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Шекара маңы аумағын дамыту туралы арнайы заң, немесе мемлекеттік бағдарлама қабылдап, оңтүстіктің жұртын солтүстік өңірлерге қоныстандыруға барынша қолайлы жағдай жасау, бұған қоса, кейінгі жылдары түрлі себептермен бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды солтүстік, шығыс өңірлерге орналастырып, олардың тұрақтануына, кəсіпкерлікпен айналысуына жеңілдік жасап, көмектесуіміз қажет.

Ең үлкен проблеманың бірі – ауыл тұрғындарының малдары жайылатын жайылым мәселесі. Жерді жекешелендіруге байланысты 1992 жылы қабылданған жер реформасы туралы заңда республика бойынша, аудан әкімдерінің шешімдерімен әр елді мекеннің айналасында, ауылдың келешекте дамуын ескере отырып жекеменшіктің малын жаю үшін арнайы жайылымдық, шабындық жерлер қалдырылып, ол жерлер елді мекеннің қоғамдық жерлері болып бекітілген болатын. Сол жерлерді заңсыз, әртүрлі қитұрқы жолдармен жекешелендіріп немесе ұзақ мерзімге жалға алып, егіндікке айналдырып жіберген немесе қоршап алып, жекеменшік мал санын өсіруге кедергі келтіріп отырған деректер өте көп.

Сондай жайылымдық жерлерді қайтарып алу – өте қиын, көп тер төгуді керек ететін жұмыс. Ол үшін Жер кодексіне түбегейлі түзетулер енгізіліп, халыққа жан-жақты түсіндірілуге тиіс. Ал пайдаланылмай жатқан жерлер мен жайылымдар мемлекет меншігіне қайтарылып, жері жоқ азаматтарға және елді мекендерге жекеменшік мал жайылымдары есебінде бекітіліп берілуі қажет.

Осы орайда айтар ұсынысым – республика көлемінде жер ресурстарын тиімді пайдалануды бақылайтын, жергілікті әкімдіктерге бағынбайтын бірыңғай мемлекеттік орган құрған жөн. Ол Ауыл шаруашылығы министрлігіне де бағынбайтын, тікелей Үкіметке шығатын жер ресурстары мен жер қатынастары жөніндегі республикалық агенттік болуы мүмкін. Оның жергілікті жерлерде жұмыс істейтін, пайдаланылмай жатқан жерлер мен жайылымдарды мәжбүрлеп қайтарып алуға өкілеттігі бар инспекторлары болуы керек.

Сонымен қатар өз басым қазір баспасөз беттерінде көтеріліп жүрген әкімдердің жер беру құқығын шектеу керек деген пікірге қосылмаймын. Әрине, жер бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы биліктің жанынан құрылған жер туралы комиссияның құрамын кеңейтіп, оған мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес, кәсіпкерлер палатасының мүшелері, шаруалар қауымдастығы мен БАҚ өкілдері кіргізіліп, әкімдер қабылдаған шешім олардың сайттарында және БАҚ арқылы жарияланып отыруға тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жер беруді цифрландыруға көшу қажет.

Тағы бір мәселе: жерді шаруаға жалға бердік делік. Әрі қарай не істеу керек? Қалтасында қаражаты жоқ адам ол жермен не істей алады? Сондықтан шаруаға жерді игеріп, мол өнім алу үшін қаржы мен техника қажеттігін ескеріп, оған алған жер көлеміне сай ұзақ мерзімге 2-3 пайыздық несие берілуі керек.Бұл мәселені несиенің пайыздық ставкасын субсидиялау арқылы шешуге болады. Сонымен бірге техниканы лизингке беруді көбейтіп, әр ауданда шаруаларға қызмет көрсететін машина-технологиялық стансалар (МТС) ашылса дұрыс болар еді. Еліміздегі ауыл шаруашылығын субсидиялау принциптерін қайта қарап, субсидияны біріші кезекте басымдық берілген ауылшаруашылық дақылдарының тұқымына, тыңайтқыштарға және несие мен техника лизингісінің пайыздық ставкаларын субсидиялауға жұмсаған жөн.

Тағы бір көптен айтылып келе жатқан мәселе. Еуразиялық одақ аясында бірге жұмыс істеп жатқан Беларусь пен Ресейде шаруалардың жері мен мүлкін кепілдікке алып, ұзақ мерзімге арзан несие беретін «Агробанк» жұмыс істейді. Бізде де шаруаларға қызмет көрсететін осындай банк болғаны жөн. Үкімет ауыл шаруашылығын анық қолдаймын десе, агробанк ашып шаруалардың жері мен мүлкін кепілдікке алып, оларға арзан, ұзақ мерзімді несие беру мәселесін түбегейлі шешуі керек деп ойлаймын.

Жер реформасына байланысты республикалық комиссияға келген хаттың 76 пайызы жекеменшікке үй салуға жел телімін беру мәселесі туралы болды. Бұл өзекті мәселе өз шешімін табуы керек. Ол үшін заңнамаға өзгеріс енгізудің қажеті жоқ. Жер кодексінде Қазақстан азаматы өмірінде бір рет жеке үй салу үшін 10 сотық тегін жер алуға құқылы деп жазылған. Бірақ жер телімі инфрақұрылымы бар жерден берілуі керек. Осы мәселе шешімін таппай келеді. Соның салдарынан кейінгі 10 жылда жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін алу кезегі 14 есеге өсіп, 1,4 млн адамды құрады. Жастар үйленіп, жеке үй болып шыққысы келеді, бірақ баспана мәселесі қиын. Бұл еліміздегі демографиялық жағдайына теріс әсерін тигізуде. Осы проблеманы шешу үшін бюджеттен тұрғын үй құрылысының инфрақұрылымын дамытуға қаражат бөлуді көбейту қажет.

Жер ресурстары – елдің байлығы, оның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі. Сондықтан да жерді ұтымды пайдалану, оны қорғау, топырақтың құнарлылығын арттыруға бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде жүзеге асырып отыру – басты міндетіміз.

 

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

қоғам қайраткері

Соңғы жаңалықтар