Аймақтар • 12 Ақпан, 2021

Вакцина салғандағы әсер қандай?

282 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны Шығыс Қазақстанда қайта көбейіп барады. Соңғы тәулікте олардың қатары 75 адамға жетті. Ал ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздегендер ресейлік вакцинаны салғызып жатыр. Қазіргі уақытта 925 адам екпе алып үлгерген.

Вакцина салғандағы әсер қандай?

Суретті түсірген Тілеубек Шаяхмет

Олардың 160-тан астамы вакцинаны облыстық ана мен бала орталығындағы екпе кабинетінде салғызды. Коронавирус инфекциясына қарсы екпе алғандардың қа­тарында әкімдіктің мамандары мен санитарлық-эпидемиялық қызмет­тің өкілдері де бар. Жалпы екпе алу ор­та­лықтарына келген пациенттерді алдын ала тексеріп, терапевт дәрігер рұқ­сат береді. Екпеден кейін де арнайы бөл­меде бел­гілі бір уақыт дәрігерлердің бақы­лауында болады.

– Біз – қызық халықпыз. Естеріңізде ғой, былтыр жазға салым жақындарымыз ауы­ра бастағанда «басқасының бәрін ойлап тауып жатқан ғалымдар тажал індеттің бетін қайтаратын екпе ойлап таппай ма?» деп тулағанбыз. Бүгінде сол екпені ойлап тапты. Енді «салдырмаймын» деп қашып жүргендер көп. Өзім ешкімнің қолқалауынсыз келдім. Екті. Бәлендей теріс әсері жоқ, – дейді екпеден кейін­гі бөлмеде отырған пациент Әсем Жеңісова.

Иә, екпеден бас тартып жатқандар аз емес. Тұмауратып жүрген азаматтың бірі вакцина салуға мүлде қарсы екенін айтты. Әрине, вакциналау әркімнің қа­лауымен болғандықтан, ешкімді ешкім қыс­та­май­ды, күштемейді. Дәрігер Ақбөпе Тұр­сын­баеваның айтуынша, алғашқы күн­дері күніне отыз адамға дейін келіп екпе алған.

– Екпеден ерікті түрде бас тартқандар да бар. Вакцина аламын деген азаматтар моральдық тұрғыдан дайын болуы керек. Баса айта кетерлігі, вакциналауға ба­сымдық берілген сегіз контингент бел­гіленген: медицина қызметкерлері, педагогтер, полиция қызметкерлері. Сондай-ақ, қант диабеті бар, қан қысымы жоғары, өкпенің созылмалы аурулары, бронхиалды демікпесі бар адамдар бірінші кезекте алуы тиіс. Себебі олардың иммуниттері төмен, – дейді А.Тұрсынбаева.

Ал екпе салудың өз тәртібі бар. Өске­мен мен Семейге ресейлік Спутник V вакцинасының 270 дозасы жеткізілген бо­латын. Олар нұсқаулығы бойынша -18 градуста сақталып тұр. 3 мл-дық бір құты бес адамға салынады.

– Вакцинаны мұздатқыштан бес адам жиналған соң ғана алып шығамыз. Алып шыққан соң, 15 минуттан кейін сала беруге болады. Ашылған вакцинаны бөлме тем­пературасында екі сағаттан артық ұс­тауға болмайды, – деп түсіндірді екпе кабинетінің медбикесі Гуля Омарова.

Медбикенің айтуынша, екпе салған жер қызарып, дене температурасы аздап көтерілуі мүмкін. Екпенің нұсқаулығында үш күн ішінде қызу 40 градусқа дейін көте­рілуі ықтимал деп жазылған. Бұлшық еттері ауырып, сүйектері де сырқырауы мүм­кін. Оған алаңдаудың қажеті жоқ. Дәрі­гер үш күн бойы пациенттерге ха­барласып, хал-жағдайларын біліп тұрады. Осы уақытқа дейін екпе алғандардың арасында бұлшық еті ауыр­сынып, дене қызуы көтеріл­генмен, ауыр жағдайлар орын алмаған.

 

Шығыс Қазақстан облысы