25 Желтоқсан, 2013

Ана

455 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

Анам Бижамалдың ұйықтап жатқаны жадымда қалмапты. Ол үнемі ояу, үнемі үй шаруасы қамында жүретін. Бұл балалық шақ естелігінен...

Қиын заман. Бәрі тапшы, жоқшылық, бірақ адамдар өздерінше көңілді, жайдары көрінетін маған. Ұрыс-керіс дегенге келсек, онсыз өмір бола ма? Әсіресе, абысындар деп аталатын әйелдер жұртының арасында ол болып тұратын оқиға. Ол сәл жел сөзден басталып, бірте-бірте алып-ұшқан өсекке айналып, әрбір отбасын бір шарпып өтіп, күндердің күнінде от шығатын. Ондай жағдай өз кезегін күтетін, ауылда не көп, өлім-жітім, той-томалақ. 

Анам Бижамалдың ұйықтап жатқаны жадымда қалмапты. Ол үнемі ояу, үнемі үй шаруасы қамында жүретін. Бұл балалық шақ естелігінен...

Қиын заман. Бәрі тапшы, жоқшылық, бірақ адамдар өздерінше көңілді, жайдары көрінетін маған. Ұрыс-керіс дегенге келсек, онсыз өмір бола ма? Әсіресе, абысындар деп аталатын әйелдер жұртының арасында ол болып тұратын оқиға. Ол сәл жел сөзден басталып, бірте-бірте алып-ұшқан өсекке айналып, әрбір отбасын бір шарпып өтіп, күндердің күнінде от шығатын. Ондай жағдай өз кезегін күтетін, ауылда не көп, өлім-жітім, той-томалақ. Осындайларда туыс-туыс деп бәрі жинала қалатын, міне, ұрысың да, керісің де осы жерде басталып кететін. Алайда, ол заманда сөзін тыңдататын да, тыңдайтын да адамдар болатын. Өршіп бара жатқан отты өртке айналдырмайтын да сол ауыл қариялары.

«Тек, тыныш отырыңдар, бық­сыт­пай», десе, өсек терген қатындар су сеп­кендей басылып, осы жолы болмады, деп келесі опыр-топыр басқосуға іштей даярланып тарасатын.

Бұл заман мінезі. Маған осы мінез түсініксіз. Той болсын, қаза болсын ағайындар бас қосып, оны қалай атқарамыз дегенде, қатындар арасында жоғарыда айтылғандай, шу, айғай, дау шығатын. Бәрінің «қырық жылғылары» есіне түсіп, біршама шапылдасып алатын, бірақ тойды да, азалы асты да бір кісідей жұмылып атқаратын, іс аяқталған соң бастапқы әңгіме қайта бас­талып, бірін-бірі көрместей күйеулерін жетектеп көріспестей тарасатын. Күн өтіп, таң атпай ма дегендей, «ағайын арасында өкпе жатушы ма еді», деп ертеңінде ауыздары дамыл таппай жарыса сөйлеп, бірінің үйінен бірі шай ішіп отыратын. Мен бұл жағдайға таңмын. Жауабын кезінде таппадым. Бүгінде бұл мәністің себебіне үңілгенде, түйгенім – бәрі жоқшылықтан, тапшылықтан, кедейліктен. Қай ағайынның болмасын көңілдерінің төрінде бір-біріне деген адал ниеттері жатқаны анық, әттең, шіркін, «қысқа жіптің күрмеуге келмеуі».

Осындай жағдайда анам Бижамал сегіз баласын жеткізем, ел қатарына қосамын, оларға білім беремін деп адам баласының түсіне кірмейтін ерлікке барды.

***

Бәріміз заманымыздың перзент­теріміз. Бүгінде тұрмыс өзгерген. Электр қуаты бар. Еліміздің батыс аймақтарына түгел дерлік газ жүйесі тартылған. Пәтерлерге су жеткізілген. Бұл керемет. Бұл анамның аңсаған арманынан биік жағдай. Бәрі есімде. Ол кезде көмір де тапшы. Ас пісіру үшін қойдың қиын, «қырқынды» деп аталатын мал жегеннен кейін қалатын шөпті жағатынбыз. Әйтеуір өлместің амалы. Үйелмелі-сүйелмелі біздер. Социализм дәуірі. Үй жиһазы жоқ. Киім-кешек тым жүдеу. Жадымда қалыпты. Жетінші сыныпқа бармақпын. Сыртқы киім жоқ, далада қарашаның қара суығы. Не амал бар. Түнде бәріміз менің ескі қоңыр түсті тозығы әбден жеткен пальтомды сөгіп, өңін айналдырып, шешем қайта тікті, қарындасым Сәуле болысты. Жап-жаңа пальто болып шықты, қуаныштымын, жымың-жымың етіп қоямын. Естелікке айналған сол кездің көңіл-күйі. Ішін сыртқа айналдырған пальтомен қыс бойы мектепке барып шықтым. Келесі оқу жылы анам пұлды қайдан тапқанын білмеймін, дүкеннен жаңа пальто сатып әперді, қуанышымда шек жоқ. Сонда ойлаймын, қуаныш деген адамның өмірге құлшынысы ма деп. Шешем қайғыға берілмеген жан, ол «Қайғысызға қара су да – ас», деп жиі айтушы еді. Рас, үйде қазанда үнемі қара су қайнап тұратын, біз оны шай етіп ішеміз, беті-қолымызды жуамыз.

Бүгінде рет-ретімен бағамдап отырсам, анам осы сөзбен өзін-өзі қайрап, қуаттанып отырады екен, басқа нендей амал бар. Бірінші жолдасы, әкемнің ағасы Сәтжан тумысынан зерек ақынжанды, аздаған суретшілігі бар еді, ақшаның айнытпай көшірмесін жасағаны үшін сотталып «халық жауы» атанып, түрмеде қырық жасына жетпей опат болды. Ол кісіден Қайкен, Мүслима деген екі қыз қалды. Қайкен шын аты Хайрима, көрікті, сұлу болыпты. Үлкендер көз тиді дейді, сол кезде керосинмен жағатын кирогаз деп аталатын тамақ жасайтын құрал болатын. Кирогазды тұтатамын деп әуре болып отырғанда, керосинге малынған шашы жанып, жан ұшырып онда-мұнда жүгіріп, қасында ересек ешкім болмай, шамдай маздап өртеніп кетті. Қайғы үстіне қайғы. Мүслима апа­йыма дәрігерлер соқыр­шек­тің отасын теріс жасап, периотониттен шіріп дү­ниеден өтті. Ауыр қайғы, сон­да да аман қалған алта­уы­­­­­мызға ризашылық біл­ді­­ріп, «Қайғысызға қара су да – ас», деуін қой­май­тын. Сөйтіп жүр­генде, ең кіші қарындасымның өкпесіне суық тиіп, 5-6 жас шамасында дүниеден озды. Сонда да анам мойымады, оның ең асыл арманы бізге білім беру еді. Осы жолда ол барынша аласұрды, анам мінезді еді, соның нәтижесінде аман қалған бесеуіміз орта мектепті аудан орталығы – Лебяжі селосында оқып-тауыстық. Алдымыз – ағам КазГУ-дың филология факультетінде, мен Семейде жоғары білім алдым.

***

Мектепке баратын шағым, жеті жасқа келгенімде екі аяғымды баса алмайтын дертке ұшырап, төсек тартып жатып қалдым. Әкем мал шаруасында, шешем оған көмекші, үлкен ағам Насифолла Қиықта оқуда, одан кейінгілердің бәрі жас, абырой болғанда, үйде үлкен әпкем Мүслима бар, үй шаруасына ие болып тұрған сол. Тұрған жеріміз Қызылтұздың солтүстік жағалауы, бас­панамыз, ұмытпасам, киіз үй. Күз айлары. Ол кездегі жағдай мықты болсаң тірі болып, өмір сүріп көр, әлсіз болсаң көз жұма бересің, себебі, өмір сүру үшін ең қажетті жағдайлар жасалмаған. Мен төсек тартып айлап жаттым, бірақ дәрігер дегенді көрмек түгілі, естігем де жоқ. Анам Бижамал амалсыз өзі білген, естіген ем-домын жасай бастады. Күнде Қызылтұздың қара майбатпағына салады, одан кейін «бұлау» деп жусанды суға қайнатып, соған салады. Ақыры, анамның демі шипалы болып, бірте-бірте аяғымды басуға халім келе бас­тады. Ұзақ жатып қалғандықтан екі аяқпен тік жүруден әбден қалыппын, табанымды жерге тіреп тұрмақ болғанда (сүйеумен), басым шыр-көбелек айналып сала берді. Осы халді әлі күнге дейін айқын сезінем. Әпкем Мүслима сүйемелдеп күн артына күн салып мені екі аяғымнан, әйтеуір тұрғызды. Екі-үш айда қайтадан ешнәрсе болмағандай жүріп кеттім, бірақ бұл жылғы оқудан қалып қойдым. Әкем мен шешем басында. «Аяғынан тұрғанына не жетсін», деп мәз-мейрам болып отырушы еді, енді анамның қайғысы басталды. «Жасы жетіден сегізге кетті, жұрттың балалары бәрі оқуда, ал бұл болса үйде», деп көзіне жас алып қояды.

Бұл менің де қиналысым, қата­рымдағылардың бәрі кәдімгі қызметке баратындай, мектепке кетіп бара жат­қанда, менің бос жүргенім жаныма батты. Әкем мейірімді, тәубешіл жан еді, бір күні. «Оқу міндет емес, балам қасымда көмекші болады», демесі бар емес пе. Айғай басталды. Айғайшы адуын мінезді анам. Әкеме қатты-қатты сөздер айтып тастады, сөз түйіні:

– Қайтсем де баламды оқытамын, әй, қыз, – деді Мүслима әпкеме, – бүгіннен бастап мынаған қара таныт.

Мүслима әпкем әріптерді, сандарды үйрете бастады. Келесі жылы сегіз жасымда Қызылтұздағы бастауыш мектепке бардым. Бір класта – төрт класс. Бірінші, екінші, үшінші, төртінші класс оқушылары бәрі бірге оқиды. Сабақ беруші мұғалім біздерге тапсырма беріп, ауыл аралап кетеді, сірә, бірімізді-біріміз оқытамыз ба, сол сияқты мардымсыз іс. Мен мұғаліммен тіл табыса алмадым. Ол әкеме: «Балаңызға оқу қонбайды, мінезі теріс», депті.

Әкем мені жетектеп үйге алып келді. Айғайдың көкесі енді басталды. Айғайлаушы тағы да анам Бижамал. Ол кісі көп сөз айтты, есімізде бірі бар, бірі жоқ, мінезді адам еді, жарықтық.

– Болды, бітті, балам бұл мектепте, бұл мұғалімнен оқымайды, әйда, атты жек, Лебяжіге апарып оқытам.

Мені әкемнің інісі Мүкпел Лебяжі-Қиыққа оқуға алып келді. Екінші тоқсанның аяқталуына бірнеше күн қалған екен. Екінші тоқсанда баға болмайды. Үшінші тоқсан бойы мұғалім Ханшайым деген керемет жан, менімен қосымша сабақ жүргізді. Үшінші тоқсанды төрт пен беске, ал төртінші тоқсанды кілең беске оқып үздік оқушы болдым. Бастауыш кластарды үздік бітірдім. Сондағы айтпағым, анам Бижамалдың Қызылтұздың басында мені емдеп, аман сақтап, білім жолына салудағы өлшеусіз еңбегі. Ана деген, міне, осындай болуы керек деп дастарқан басында балаларыма, немерелеріме осы әңгімені түрлендіріп айтып отырғанды ұнатамын, айтқан сайын бір жеңілдеп қаламын.

***

Ана туралы өлең, жыр, ән, әңгіме көп. Алайда, аналық мейірімнің сырын ашып білу, сірә, мүмкін емес шығар. Мен бүгін егде жасқа келгенде осылай ойлаймын. Аналық мейірім – ол инстинкт. Ол білім, ғылымға қатысты іс емес. Жуырда хайуанаттар туралы телехабар керемет оқиғаны баян етті. Бұл хабардан кейін аналық мейірім – инстинкт дегенім бергі әңгіме болып қалды. Олай дейтінім, хайуан да, адам да өзін сақтау үшін жанталасады. Ол инстинкт. Ал, аналық мейірім, айталық, хайуанның, адамның өмір сүруі қажеттілігінен инстинкттен жоғары болса не болмақ? Менің телехабардан көргенім, жыртқыш аңның аналық мейірімі туралы.

Қорық қызметшілері анасынан адасып қалған сернаның жаңа туған (тік мүйізді бұғы тектес жануар) бұзауын ертіп жүрген аналық арыстанға тап болды. Инстинкт бойынша, арыстан жыртқыш аң, бұзау болса оған азық. Бұл табиғи заңдылық. Осы заңдылық бұзылған. Арыстан бірнеше күн бұзауды ертіп сақтап жүр. Бәрі таң-тамаша болып, оқиға немен аяқталар екен деп күтуде. Арыстан да аш, бұзау да аш. Арыстан аң аулауын қойып бар мейірімін бұзауға арнаған. Бұзауға ене сүті ғана керек, шөпті азық ететін жасқа жетпеген. Операторлар осы халді күнде таңғалып түсірумен болады, бірнеше күн өтті, екеуі де арып-ашыған. Аш арыс­тан бұзауды жеуі керек, оның табиғаты жыртқыш, бірақ оның ондай ниеті жоқ. Не болар екен деп, қорық қыз­меткерлері арыстанға да, бұзауға да қорек беріп байқады. Жағдай бұ­рын­ғыдай, тіптен екеуі бір-біріне әбден бауыр басып алғандай, бірге жүреді. Жур­налистің баяндауынша, сөйтіп, 5-6 күн өтті, арыстанның бұзауды жейтін ниеті жоқ. Инстинкт жүйесі бұзылды. Арыстанның аналық мейірімі жеңді, сірә, ол да өз күшігінен айырылып қалғанға ұқсайды, енді аналық сезімі бұзауға ауысқан. Бірде аналық арыстан сәл кешігіп қалғанда, бұзау ашық алаңға шығып қалып еді, алдынан аталық арыстан шыға келді, ол бірден бұзауға тарпа бас салды.

Болған оқиғаның орнына жеткен аналық арыстан бұзаудан қалған жұрнақты иіскеліп тұрып алды. Бұл не? Ол аналық мейірім – альтруизм.

Аналық мейірім ерліктің субстанциясы. Бала кезімде балапандарын қорғаған тауықтың иттің көзін шұқып алғанын көргенім бар еді. Бұл жаратылыс болмысы. Аналық деген жаратылыс, оның қуаты өлшеусіз. Сондай өлшеусіз қуатты мен анам Бижамалдан көрген адаммын. Ол бізді аман-есен өсіріп ер жеткізген ғана ана емес, бізді білім жолына салған көріпкел ана.

Ғылым деген білімнің сапасы, тұнығы. Хакім Абай «Бір ғылымнан басқаның, бәрі кесел асқанға» деген. Мен ғылым жолындамын, шәкірттерім де баршылық. Осы істің басында тұрған анам Бижамал екені даусыз шындық.

***

Лебяжі селосынан алпыс ша­қырымдай жерде Жалтыр көлін жағалай екі-үш отбасы күн кешіп жаттық. Мектеп жоқ, елеусіз қалған елді мекен. Социалистік қоғам ұрандатып жатыр, халық болса «шықпа жаным шықпамен» демігіп күн көруде. Айғайы да, азабы да көп заман. Мен үшінші сыныпқа оқуға көшкем, бірақ біздің мектепке бару-бармауымыз біреулерді алаңдатып отырғаны шамалы. Бұл анам Бижамалды жегідей жейді, әкем момын шаруа, көп сөзі жоқ, колхоз шаруашылығынан қолы босамайды. Жағдайды аңғарған анам шұғыл шешімге келді. Таң атысымен ат жекті, анау-мынауларды арбаға артып салып, жолға даярланды, бағыт Лебяжі селосы. Ол – аудан орталығы, онда балалары білім алатын мектеп бар, соған жету арман, ол жерде бізді тосып, қуана қарсы алатын ешкім жоқ, бірақ нар тәуекел!

Есім атам шырылдап:

– Келін қарағым, асығыс қылма, өзім апарамын балаларды оқуға, – дегеніне анам көнер емес.

– Ата, сізге рахмет. Мен күн жылыда жетіп алмасам болмайды, – деді бір­бет­кейлігіне салынып.

Сөздің қысқасы, жолға шықтық. Енді байқадым, шешем арбаға бір тірі қойды аяғын байлап салып алыпты.

Кешке қарай Лебяжіге де жеттік. Әкемнің інісінің үйіне түстік. Ол арбадағы қойды алып бауыздады. Кеште мәз болып (менің қабылдауым) ас іштік.

***

Бала кезден санама әбден сіңісті болған осы «Қарақұдық» естен кетер емес. «Қарақұдық» деп аталатын, мен білетін кезде 5-6 отбасы ғұмыр кешкен елді мекен, оған қайтып оралмағалы жарты ғасырдан асты. Зымырап өтіп жатқан уақыт көп нәрсені ұмыттырып үлгереді емес пе? Неге, қайдағы бір Қарақұдық есімнен елес болып өшпей қойды.

Балалық шақ әркімнің өз құпиясы, мүмкін, сарқылмас қазынасы! Адам ғұмырының екі өлшемі бар, бірі – оның балалық шағы, екіншісі – өмірінің соңғы уағы. Екеуінің арасы өткінші – ғұмыр. Ол жай ғұмыр емес, дария-ғұмыр. Ол дария-ғұмырдың қыр-сырын, сірә, адам баласы біліп, түсініп болмақ емес. «Кісі айтпаған сөз бар ма» дегендей, ол бұлбұлша сайрап өтетін ғұмыр. Өткінші жалғанның соңғы жоталарына көтерілгенде, қариялық ене бастағанда, бір тылсым күш сені бейқам балалық шағыңа бастай беретініне таңым бар.

Сол балалық шақтың санамдағы бір архетипі – «Қарақұдық».

Қарақұдықтан анаммен бірге талай қауға тартып су алып іштік. Аяғымызбен жер басып жүріп, Қарақұдықтан қауға тартып, біздің су ішкенімізді қойшы, тәйірі. Орнынан тұрып кете алмай, сал болып төсек тартып жатқан әкемнің, менің апарып берген суымды ішкенін айтсаңшы. Ол әрқашан сусындап болып: «Қарақұдықтың суы дәмді»,  дейтін. Мен оған керемет разы болатынмын. Әкемнің разы болуынан басқа бұл маңда қуаныш жоқ. «Қарақұдық» ауылын мұң басып тұр.

Әкем осы Қарақұдықта трактормен сүйреп шөп тасып жүрген шананың астына түсіп, мертігіп, ауыр халде жатқанына, міне, айдың жүзі болды. Сынықшы Мералым, оң қолы мен жауырын сүйектерін жиып-теріп орнына салып: «Ғаба, жасыңыз елуден асты, демек елу күн қозғалмай осы жерде жатыңыз», деген соң, бала-шағаларды жинап шешем осы жерге көшіп келген. Тұрып жатқан бөгде үй. Шағын үйдің төргі бөлмесін бізге берді, ас-су аралас, тұрмысқа өте қолайсыз. Байқаймын, үйдің иелері бізді жақтырмайтын сыңайлы. Оларға да кінә жоқ, өздерінде төрт бала, оған үйелмелі-сүйелмелі сонша баламен біз еніп алдық. Амалсыздан, әйтпегенде көрген күніміз күн емес, оның үстіне селт етіп қозғалмай төсекте әкем жатыр.

Қарақұдық дегенде шарасыздан болған отбасымыздың қиналысы есіме ене береді. Сондағы шешемнің халін көрсеңіз, баяндауға тіл жетпейді. Төсек тартып жатқан күйеуі анау, өз қолдары аузына жетпеген біздер, жоқшылық, тіптен, от жағатын сіріңке де, май шамның керосині де қат. Маған, әсіресе, ауыр тиетіні үй иесі әйелінің бізге деген суық көзқарасы. Әттең, күйеуінен қаймығады, әйтпегенде, мына қыс айында үйінен бізді айдап шығуға әзір. Қайтсін бейшара, қазақтың шағын үш бөлмелі үйі, біз болсақ кең деген төргі бөлмені жайлап алғанбыз, өздері кіреберіс пен пештің арғы қуысындағы бөлмеде алтауы сығылысып жан сақтауда.

Амал нешік деген осындай жағдайда айтылатын шығар. Тұрмыс ауырдан төмен.

Оқиға дегеннен шығады, әкем сабырлы жан еді. Бар жағдайды көріп, біліп жатып, кешке таман бізге «Қарақұдық» туралы тарихи әңгімелер айтатын.

Ерейментауды мекен еткен атала­рымызға Ертіс бойлай, оның оң жақ өңіріне өтіп, сол жерді мекендеу қажеттілігі болыпты. Әкем оны бізге хан үкімі деп түсіндірді. Хан айтты – болды. Қалың халық Ертістен өтіп, оның оң қапталындағы осы Қарақұдықтан бастап Малыбай көлі аймағы қоса ресми хатталып, Қонысбай бабамыз ұрпақтарымен ғұмыр кеше бастаған. «Сонда, – дейді әкем, қалың жылқыға осы жерден құдық қазып суарғанда, суы таусылмаған, содан бұл жер «Қарақұдық» деп аталып кеткен. Бұл атажұрт», – деп, әкем өзінің де, біздің де күпті көңілімізді жұбатып қоятын. Әкем әңгімесі ұзақ болатын, мен сау қолы жағын алып, құшақтап жатып ұйықтап кететінмін. Түсіме өзім көрмеген Хан, оның әскері енетін. Әңгіме ертеңінде де жалғасатын. Әкем не айтса да бәрі қызық көрінетін. Әңгімеден басқа серпіліс жоқ.

Көктем шыға, бір күні ат жегілді, арбаға жұмсақ төсектер төселді, оған әкем шалқасынан жатқызылды, біздер төңірегінде үймелесіп отырдық, шешем қолына божыны алып:

– Ал, шу, жануар, жолымыз болсын, – деді.

Бағыт осы жерден шамамен отыз шақырымдай жердегі аудан орталығы – Лебяжі селосы, мен бұрылып артыма қараймын, Қарақұдықтан ұзай бердік, есіме әкем айтқан әңгіме түсіп, бабамыз Қонысбайдың үйір-үйір жылқылары суға бас қойып, шұрқырасып жайлауға жөңкіп бара жатқан сияқтанды.

Айдан аса отбасымызбен азап шеккен мекен Қарақұдық артта қалып барады.

***

Бүгінгі әйелдер бақытты. Бәрі бар, бәрі даяр. Сонда қиыншылық қайдан келеді? Сірә, адамдардың өзінен. Қиыншылықты біз дән етіп егіп өсіреміз, әйтпегенде ол қайдан келмек. Анам Бижамал бізді тәрбиелеп, өсіргенде ештеңе жоқ, бәрі қат. Заман керемет ауыр болатын. Алапат соғыс болып, бәрін-бәрін құртқан. Ерлердің көбі жаралы, сана-сезімі тотыққан, қалғаны коммунизм идеясымен уланған. Айнала өтірік, алдау, арбау. Қазақ болып өмір сүру аяқталды деген өктем ілім әбден күшіне енген.

Міне, бізді анамыз Бижамал сол заманнан аман сақтап қалды!

***

Әйелзатының бәрі Ана бола ала ма? Не деуге болады. Өмір. Кім өмірді түсініп, түбіне жеткен. Адамның қилы-қилы тағдыры бар. Ана болу – дәреже. Оған кімдердің қолы жеткен, кімдердің тағдыры әу баста, мүмкін өзге болған. Күрделі мәселені бір сөзбен баяндау болмас, мен ертеде болған бір оқиғаны тағы да бір еске салайын.

Жеңіл қылықты әйелдер қай заманда, қай елде болмасын болған. Демократиялық қоғамдарда олар тіпті ұйымдасып, қауым болып та жатыр. Кейбір елдер олардың күнкөрісіне салық салып, мұндай істі заңдастырып та қойған. Тыйым салу қаншама енгенімен, оған көнбеушілік те соншама. Әрине, мұндай құбылыстың болуының түрлі-түрлі себептері бар, ол турасында басылым беттерінде жазылып жүр. Біз бар нәрсе туралы ғана ойымызды жалғастырайық. Осы жай туралы Мұхаммед Икбал «Адам құпиясы және суфизм» деген еңбегінде мынандай оқиғаны баян еткен. «Ауран-газеб (Жаһангер) өте инабатты падишах еді. Бірде ол таваифтарды (жеңіл қылықты әйелдер) тұрмысқа беруді жарлық етіп, бұл шаруаға мерзім белгіледі. Осы мерзімде тұрмысқа шығып үлгер­ме­гендерін түгел кемеге мінгізіп, теңізге тас­тауға бұйырды. Көп той тойланды, бірақ өлім қаупінен құтыла алмаған әйелдер одан да көп еді. Белгіленген мер­зімнің бітуіне бір-ақ күн қалды. Кеме әзір етілді. Ол кезде Делиде Ка­ли­мулла Жаханабади шейх тұратын. Бір сұлу жас таваиф оған күнде ертеменен келіп жүретін. Әр жолы шейх көзін аударып үлгергенше сәлемдесіп жылдам кетіп қалатын. Бұл жолы ол шейхқа «Сіздің қызметшіңіздің соңғы сәлемін алыңыз», деді. Істің мәнін түсінген шейх: «Барлығың Хафиздің мына өлеңін жаттап алып, теңізге ала жөнелгенде дауыстап айта бастаңдар», дейді.

Инабаттың әлеміне есік жабық, кірмедім,

Құп көрмесең қылығымды, өзгерт тағдыр жазуын...

Таваифтар осы жолдарды сарнап айта бастады. Тыңдағандардың баршасының жүрегі қан жылады. Өлең Аурангазебтің құлағына шалынғанда ол толқып, беймаза күйге енді. Сөйтіп, жарлығын қайтып алды.

Хафизге сүйенсек, әйелдердің бір парасының инабаттық әлеміне ене алмауы Тағдыр жазуы. Шынында солай ма, солай емес пе, нақтылы айта алмаймын, мәселе Тағдырға тірелсе, не деуге болады?!

Бала кезімде талай естіген әңгіме, діни аңыз желісінде баяндалатын оқиға, көпшілікке белгілі, мен өзімше сәл еркіндеу баяндайын.

Дін жолындағы ізгі жанның қызының тәртібі нашар болыпты, бірнеше рет тұрмыс құрып, үнемі жолы болмай әкесінің көңілін әбден қарайтса керек. Күндердің-күнінде қыз дертті болып, өлім халіне жеткенде, қасындағыларға: «Мен өлген соң, маңдай терімді сыпырып, бас сүйегімді әкеме апарып көрсетіңдер», депті. Уәде орындалып, қызының маңдай терісі сыпырылған бас сүйегін әкесіне апарады. Әкесі қызының маңдайындағы жазуын көреді, оқыса, бар ғұмыры жазылған екен, сонда әкесі: «Қызымның тағдырыңдағы жазуды мен түсінбеген екем», деп, өткенге өкінген көрінеді.

Маңдайдағы тағдыр жазуы болса  не айтуға болады!

Бұл да ойланатын жағдай.

***

Ыстық-суық, қайғы-қасірет, құ­мырсқадай тынымсыз қарекет өз дегенін жасады. Анам айықпас дерт – паркинсон тұтқынына мықтап түсті. Біз білетін бұл дертке шара жоқ дегенді айтты. Шетелден ем қабылдау деген ешқашан орындалмайтын утопия. Анам төсек тартып он жылдан аса азап шекті. Біздер бала-шағасы, өмірлік жары әкем бәріміз, оның көңілін табуға тырыстық. Ондай әрекет, қарекеттеріміз қаншалықты дертке дауа, ана көңіліне демеу болғаны бір Жаратушыға ғана аян. Төсекте бір жамбастап жатып-ақ, анам өзінің дағдылы сөзі: «Қайғысызға қара су да ас», деуін қоймайды.

Бүгінде осы сөзді санама салсам, анамның өмірлік қуаты – Қанағат дегеннен күш алған екен. Көз алдында жүрген төрт ұл, бір қызын қанағат етіп, өмірге деген құштарлығын жоймайтын жойқын күшке ие болған адамды, мен анам Бижамал деймін.

Жетпістен асып дүние салды. Әттең, мына жаман паркинсон бол­мағанда жүзге келері анық еді. Әкесі Жаңбырбай жүзден асып барып қайтты. Бұл кісілердің тегі асыл еді.

***

Біршама уақыт өтті. Анаға деген перзенттік парыз өтелді ме? Не қолдан келмек? Шамамның келгені сол зират басына барып дұға оқып, шешемнің бізді шалғайдағы Жалтыр көлі жа­ғалауынан аудан орталығы Лебяжіге балаларымды жұрт қатарлы оқытып, білімділер қатарына қосамын деген ерлігін отбасы болып отырғанда айтумен болдым, осы хикаяны қайталаған сайын бір жеңілдеп қалғандай сезімде болатынмын.

Ой келді, яғни анамның есімі Бижамал жиі айтылса, жақсы болғаны ғой, бұл мұсылмандық...

Осы сөздерді талай естіп, ой қорытып жүрген кәсіпкер ұлым Баян. «Сіздің алпыс бес жылдық мерейтойыңызға сыйлық ретінде анаңыз Бижамалға мейрамхана салып берейін», деді.

Құдай қолдап, тамаша мейрамхана салынды, оны «Бижамал ана» деп атадық, қазір жұрт қажетіне жараған селоның көрікті бір ғимараты. Маған керегі анамның есімінің жиі аталуы еді, сол ойым орындалды.

Жуырда анам Бижамал түсіме кірді, мен шешемнің мұндай көрікті екенін көрмеп ем, ғажап сұлу екен, аруағы разы болсын!

Бұл анам Бижамал туралы хикая!

Ғарифолла ЕСІМ,

академик.

 

Соңғы жаңалықтар