ДЕШТІ ҚЫПШАҚ ДАЛАСЫНДА. Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров толық ақталыпты, енді кітаптары шығады екен деген сыбыс дала төсінде сыңси тербелген майда желдей анда-санда құлаққа жетіп жататын. Бірақ, санаға жетпейтін.
Тәркілеуден, аштықтан, Отан соғысынан мәңгіріп қалған қазақтың басы қарын тойдырудан басқаны ойлауға шамасы жоқ еді. Мен бала болсам да есімде қалғаны – ол кезде ән салып, желпініп жүрген адамдарды көрмейтінсің. Абайдың 100 жылдық тойында Шыңғыстауда бір апта ғажайып ойын-сауық болғанын үлкендер талмай, тамсана айтып жүретін.
ДЕШТІ ҚЫПШАҚ ДАЛАСЫНДА. Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров толық ақталыпты, енді кітаптары шығады екен деген сыбыс дала төсінде сыңси тербелген майда желдей анда-санда құлаққа жетіп жататын. Бірақ, санаға жетпейтін.
Тәркілеуден, аштықтан, Отан соғысынан мәңгіріп қалған қазақтың басы қарын тойдырудан басқаны ойлауға шамасы жоқ еді. Мен бала болсам да есімде қалғаны – ол кезде ән салып, желпініп жүрген адамдарды көрмейтінсің. Абайдың 100 жылдық тойында Шыңғыстауда бір апта ғажайып ойын-сауық болғанын үлкендер талмай, тамсана айтып жүретін.
Ал адамдардың тірлік аясы өте бұйығы, көңілсіз еді. Соғыс бітсе де, сол соғыстан қайтпағандар көп-тін.
Тәркілеу кезінде жазықсыз абақтыға тоғытылғандар да ақталып қатарға қосылмаған уақыт.
Аштықтан бас сауғалап дүние кезіп кеткен жұрт та елге оралмаған кез.
Тамыз айының ортасы болар шамасы, атам үйге дабырлай кіріп келе жатты. Құшағында қалың үш кітабы бар. Жеңіл бешпеті мен жұмсақ мәсісін шешіп тастап, төрге озды. Қабырғадағы жиылған жүк үстіне әуелі қолтығындағы үш қалың кітапты жайғастырды да, малдас құрып төрге отырды. Орамалмен тершіген маңдайын, бетін сүртті. Мен кітапқа қол созып едім, атам: «Тиме. Далаға барыңдар. Мен мына кітаптармен оңаша қалайын. Мен бұл құнды жазуларды тосқалы қашан. Сенің есің бар ғой, балам, сен кейін оқырсың», деді.
ТАМЫЗ АЙЫ еді. Біз дабырласып далаға шығып кеттік. Атам үйде кітаптармен жалғыз қалды. Қабырғаға арқасын тіреп ұзақ уақыт үнсіз ақтарды да отырды.
– Атаң шай іше ме екен, білші, – деп апам мені үш рет жіберді. Екеуінде атам:
– Өзім айтамын, – деп қысқа қайырды. Үшінші рет келгенімде атам мені сөйлетпестен:
– Жоғал! – деп ақырды. – Бар, өрістегі малды қарсы алыңдар. Мені мазаламаңдар.
Сол үш кітапты атам ондық білте шамның жарығында түні бойы оқыды.
Таңертең мені шақыртып алып:
– Отыр мына жерге, – деп жанынан орын ұсынды.
– Мына кітаптарды қарап шықтым. Жазықсыз жапа шеккен жандар ғой. Әр сөздері қазақ деп, Қазақ елі деп, қазақ даласы деп бұлқынып тұр, шіркін. – Атам аз бөгеліп үнсіз отырды. – Енді Қажы мен Мағжанды шығарсақ. Алаштың асылдары да бір төбе боп оңаша жатыр. Оны мен көре алам ба, жоқ па?! Алаштың асылдарының кітаптарын шығара қалса жинай бер. Басыңа да, жүрегіңе де қондыр. Олардың айтқан ойлары ерен еді ғой, не керек?! Осы ауылдағы хатқа көңіл бөлетін шалдарды түскі асқа шақыр. Мына жайсаңдарға құран бағыштайық. Әуелі Қабыш молданың үйіне бар. Алғашқы хабар соған жетсін.
Мен алып-ұшып далаға атып шықтым. Атамның әңгіме-дүкен құратын жақсы достарын түгел білемін. Бүгін біздің үйде шағын той болмақ.
Ұмытпасам, бұл 1958 жылы болса керек. Сонан кейін 1960 жылы Шәкәрім қажының өлеңдерін «Қазақ әдебиеті» бір бет қылып берді. Ол жолы атам колхоз-совхоздағы шалдарды да арнайы шақырып ас берді. Артынша көп ұзамай өзі де қылтамақ ауруынан жан тапсырды. Қажының өлеңі де бостандықта көп бола алмады. Мағжан мен Шәкәрім қажының, Алаш асылдарының істері қайтадан ұзақ жылға жабылды.
Бастапқы әңгімеге қайта оралайын. Сол күні, иә, сол күні шалдар өшкендері қайта жанғандай иықтарын қомдап түрленді. Жыр оқып отырған атамнан көздерін алмады. Қазақ жыры шабыттанып арқаны кеңге салды. Бұл Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» дастаны еді. Шіркін, дастан десе дастан екен!
Ілияс Жансүгіров қазақ әдебиетінде жиырма жыл еңбек етті дейді. Ол рас сөз. Ал бірақ нағыз кемеңгер шығармаларын дүниеге әкелуіне он жыл да жетіп жатыпты. Өкінішке қарай, ерекше талант иесі, бойындағы ең асыл жырларын халқына бере алмай кетті. Өкінішті!..
1937 жылы ақын атылды. Ақын келмеске кетті. Ақын өлеңдерін де қоғам өмірінен аластатты. Сол тұста Ілияс Жансүгіров бар-жоғы қырық үш-ақ жаста екен.
Қазақстан Жазушылар одағының іргетасын қалап, әдеби өмірін бір қалыпқа түсірді. Ол кезде ақын отыздың ішіндегі қылшылдаған жап-жас азамат екен.
Біздің үйдегі тойды айтамын-ау! Сол күнді шалдар ұзақ түнге қосты. Күні бойы жоғалып кеткен шалдарын іздеп кемпірлері де үйге келіп жатты. Үш рет қазан көтерілді. Шалдардың қай-қайсы да үш алып жазушының өлеңдері мен қарасөздерін жатқа айта берді. Совет шалдары, бір ауыз өлең білмей кеткендер ғой. Атеистер. Коммунистер. Ал алпысыншы жылдардың ақсақалдары бөлек еді. Несін айтасыз, кесек еді ғой олар.
Қиссаларды, үлкен эпостарды да жатқа айта беретін. Солардың бәрі қолдарына жүйрік ат ұстап, бәйге жарататын. Тазы ертетін. Қолдарына құс қондыратын. Олар дала цивилизациясының соңғы асыл тұяқтары еді.
Мен атамның арқасына жабысып ұйықтап қалыппын. Ал шалдар таң атқанша өлең-жыр тойын тойлапты. Сәкеннің, Бейімбеттің, Ілиястің сол елуінші жылдары шыққан, шыңғыстаулық шалдардың қолдарының таңбасы тиген кітаптар қымбат маған.
Семейге жол түскенде беттері сарғайған сол асыл кітаптарды көріп сонау келмеске кеткен Шыңғыстаудың шалдарын еске аламын. Сол жыр күні бүгін де көз алдымнан кетпей тұрып алады. Қайран уақыт!..

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ. Оның талантының ерекшелігі, ұтымдылығы, ғасырлар бойы далада ғұмыр кешкен халық дастандарының кең, еркін үлгісін, ұлан-ғайыр қазақ даласында қайта түлеткені болатын. Ілияс поэзиясы халықтық поэзияның бүкіл болмыс бітімімен қайта жаңару, жаңғырту үлгісі болып табылады. Сонау Сыпыра жыраудан Жамбылға дейінгі қазақ жырының түрлік, әуендік, ырғақтық алуандығы ақын творчествосына түгел сіңген. Қазақтың көне жыры қонған аманат жүректі ақын бұ қазақта Ілияс Жансүгіров болса керек деп ойлаудан бір танғаным жоқ. Ол ойды маған сыйлаған да Шыңғыстаудың асыл жүректі шалдары еді.
Ілияс Жансүгіров талантының тағы бір даралығы – әлемдік әдебиеттің, әсіресе, орыс поэзиясының творчестволық жетістіктерін терең зерттеп өз өлең өнерінде тиімді пайдалана білуінде. Мен Абайдың аудармаларын қалай құрмет тұтып, сүйсіне, беріле оқысам, Ілекеңнің шебер аудармасын да солай жоғары бағалаймын. Ақын аудармаларының ерекшеліктері туралы терең ғылыми талдаулар жасау керек-ақ. Ілияс Жансүгіров қазақ мәдениетінің тарихында талантты аудармаларының өзімен-ақ ерекшеленген, анығын айтар болсақ, қазақ аударма өнерінің ең озық үлгілерінің бірі болып табылады.
Ақынның суреткерлік кемелдену үлгісі өзі өмір сүрген дүние келбетін ашық-жарқын, барша шындықпен терең ашып көрсетуінде жатыр. Қазақ даласындағы жаңа өмір келбетін суреттеуде, қазақтың жан дүниесін ашып ой-пиғыл аңғарын анықтауда ақын ерекше зерделік танытты. Жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдары туралы қазақ даласының анық суреттерін, айшықты бедерлерін Сәкеннің, Бейімбеттің, Ілиястің шығармаларын оқып дәл тануға болады. Бұл дауылпаз кесек ақындар қазақ даласындағы кесек тұлғаларды барынша адал, әділ көрсетті. Бұлардың ұлылығы шыншылдықтарында. Олар қасқая қарап тұрып шындық айтқандар. Сол шыншыл сөздерінен таймағандар. Біртуар тұлғалар. Өмірден жазықсыз кеткен жандар.
Сол таза, шыншыл ақын жаны өзгеге ұқсамайтын дара сөзін, дара ойын қазақ даласына дарытып бақты. Әлеуметтік болмысты тануда ұстамдылыққа ұмтылу, кемел азаматтық парасат таныту әр дарынның қолынан келе бермейтін кезеңде өмір сүру ақынға оңай болған жоқ. Тап тартысын да, жан тартысын да көріп, біліп күн кешкен ақын шыншыл сөзінен бір таймады. Бұл оның ақындық, творчестволық анық ұстанымы болатын. Ақиқат оның жан туы, қасиет туы, киелі туы еді.
КЕМЕҢГЕР АҚЫН. Ол қазақтың байтақ даласын – Отан ананы асыл перзент ретінде үлкен махаббатпен қуана да, еркелей де сүйіп өтті. Ақын қазақ даласындағы күрделі әлеуметтік болмысты адал танып, әділ бағалай алған тектілердің қатарынан еді. Мен сендердің рухани әкелеріңмін, сендердің көздеріңді ашып, көңілдеріңе сәуле түсіріп отырған мына менмін деп өрекпімеді. Адал ұл, адал перзент ондай кеудемсоқтыққа ешқашан бармақ емес. Шындыққа жанын суарған хас батыр Отанына адал ұл болып қызмет атқарады. Отанын жұлмаламайды, Отанына барын береді. Керек болса Отаны үшін өлімге бас тігеді. Ол ұрпақ солай күн кешкен. Солай тәрбиеленген. Олар өзге жол таңдамаған. Олар ат басындай алтынды Отаннан артық қоймаған. Тектілер қасиеті – Отан қасиетін ардақтау, Отан мүддесі үшін басын бәйгеге тігу.
Ілияс Жансүгіров ХХ ғасырдағы ең кереғар, адамзат қоғамының ең ауыр кезеңіне тұс келген аса ірі тарихи тұлға. Кемеңгер ақын. Ойшыл ақын. Халық тағдырын өз тағдырынан жоғары қойған батыл ақын.
Толғақты жырлармен даланы күңіренткен жыраулардан кейінгі ұлттық поэзиямыздағы толғау дәстүрін анық әуелете көтерген Ілияс Жансүгіров болатын. Қазақ поэзиясына Ілекең философиялық-публицистикалық толғау дәстүрін «Дала» дастанында ерекше көсілте көрсеткен еді. Бұл дастан Қазақ елінің, қазақ поэзиясының азаматтық үнін асқақтатты. Аласапыран заманда Қазақ елінің алар тарихи орнын бекітуде аянбаған асыл ақындардың бірі де Ілияс Жансүгіров. Қазақ әдебиетіндегі тарихи тақырыптарға алғашқылардың бірі болып кіріскен де Ілияс Жансүгіров. Қазақ халқының өткен жолына қоғамдық дамудың шынайы заңдылықтарын анық ұғынып, тарихи тұрғыдан дәл танып, біліп, ұғудың үлгісін ақын поэма дастандарын жазу үстінде дәл аңғартады.
СОЛ ТҰСТА. Ілияс Жансүгіровтің «Күй», «Күйші», «Дала», «Исатай – Махамбет», «Көбік шашқан», «Құлагер» поэмалары ұлт пен мемлекетті, халық пен өлкені біртұтас, түгел асау жырға қосып жіберді. Иә, бұл қазақтың тәуелсіздігін, тұтастығын, кешегісі мен бүгінін біртұтас етіп қарастыруды өзіне серт қылып ұстанған Ілияс Жансүгіровтің творчестволық ерлігі-тін. Қазақ халқының да, қазақ ұлтының да жаңа тарихи санасының шапшаң көтеріліп, әуелеген рухани биігі болатын.
Ана тіліміздің көркем ойға тән оңтайлығын шыңдауда, ұлттық қасиеттеріміздің әлеуметтік, философиялық тұңғиықтарына үңілуде Ілияс Жансүгіров ерекше көрегендік те, көсемдік те танытты. Ана тіліміздің көзін ашып кеңейтуде, айдынын шалқытуда, байлығын асырып, қанатын қатайтуда Ілекең санаулы ғана адамдардың санатында бола білгенін ерекше ескеруіміз керек.
«ҚҰЛАГЕР». Бұл поэма қазақ көркем ойының қарқынды қуаты екені даусыз. Ол Дешті Қыпшақ даласының поэтикалық алып сурет кескінін, философиялық ойының қалтқысыз тереңдігін, әлеуметтік-психологиялық талдаудың ауқымдылығын әлемге танытатын кең құлашты қазақ тіршілігінің картасы. Энциклопедиясы деуге де болар.
Ілияс Жансүгіров творчествосы әлемге қазақ поэзиясын паш ететін мерейлі биіктеріміздің бірі болып табылады.
Ілияс Жансүгіров поэзиясы ерекше екпінмен өрши өрбіп өсер қуатты жойқын поэзия. Асқақ ақынның поэмаларындағы терең тебіреністері, бұрқ-сарқ қайнаған талмайтын ойлары, қазақ ақынының әлемдік поэзия айдынында өзге озық ақындармен қатар тұрғанының дәлелі.
Шыңғыстаудың бір шоқ шалдары да ақынның кемелдігі мен ұлтына деген шексіз махаббатына көздері жетіп, о дүниеге өткен болатын.
Нағыз ақын да келмеске кетеді.
Бірақ, нағыз ақын сөзі өлмейді.
Нағыз ақын үні өшпейді.
Мәңгілікке бет қойған Ілияс Жансүгіровтің поэзия жалауы қазақ жырының көгілдір аспанында мәңгі толқи тербеліп тұратыны даусыз.
Роллан СЕЙСЕНБАЕВ.
АЛМАТЫ.
Сурет «zhardem.kz» сайтынан алынды.