Қоғам • 15 Ақпан, 2021

Жұртшылық жаңаның бәріне күдікпен қарайды

397 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Адамзатты түрлі індеттерден екпелер құтқарса-дағы, пандемияға қарсы жүргізіліп жатқан вакциналауға қатысты алып-қашты әңгімелер мен жұртты мазалайтын сауалдар да жеткілікті.

Жұртшылық жаңаның бәріне күдікпен қарайды

Вакциналанғандар қандай шараларды сақтауы керек, екпе алған кезде нені ескеруі керек, иммунитет қалай қалыптасады? Осы және COVID-19-ға қарсы вакциналауға қатысты басқа да сұрақтарға Алматы қаласы №20 қа­ла­лық емханасы бас дәрі­гері­нің орынбасары Маржан Әлиева Алматы ӨКК онлайн-сұхбаты барысында жауап берді.

Еске сала кетейік, 2021 жыл­­­­дың ақпан айынан бас­тап Алматыда COVID-19 вакци­на­лауы басталды. Бірінші ком­понентті вакциналаумен медицина қызметкерлері қамтылды.

– Вакциналау бізде ғана емес, бүкіл әлемде жүргізіліп жатыр. АҚШ-та вакциналау қарқынын ұлғайтып, халықтың көп бөлі­гін қамтымақ. Израильде қала билігі мұғалімдерге міндетті вак­циналау мен мектепке тек COVID-19 екпесін алғаннан кейін ғана келу шартын қойды, – дейді маман.

Дәрігер әлемдік тәжірибе­де эпидемияға қарсы вакцина індеттен құтылудың жал­ғыз құралы екенін дәйектеуге ұм­тылды. Халықты коронави­рустық инфекцияға қарсы вакцинациялау кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Сонымен I кезеңде инфек­циялық ауруханалардың, жедел медициналық жәрдем­нің, РҚТБ, АМСК медици­на қыз­меткерлерін, ауруханалар­дың қабылдау бөлімдерінің, санэпидқызмет қызметкерлерін – 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап 100 мың адамды вакцинациялау жоспарланып отыр.

Наурыздағы II кезеңде – жалпы білім беретін мектептердің, АОББҰ-ның, ЖОО педагогтері, ведомстволық медициналық қызметтердің медицина қыз­меткерлерінен 150 мың адам қамтылады.

Биылғы сәуірдегі III кезеңде – мектеп-интернат педагогтары, МДББМ, студенттер, созылмалы аурулары бар адамдар – 600 мың адам екпе алады.

Мамырдағы IV кезеңде – ІІМ, ТЖМ, ҚМ, ҰҚК қыз­метінің қызметкерлері, басқа стационарлардың медицина қызметкерлері, МДББМ персоналы және созылмалы аурулары бар 600 мың адам алады.

Ал маусымнан бастап V кезеңде медициналық-әлеумет­тік мекемелердің контингенті мен персоналы, балаларға ар­налғ­ан жабық мекемелердің қыз­меткерлері мен созылма­лы аурулары бар 600 мың алма­тылық егіледі.

VI кезеңде – тәуекел тобынан қалған контингенттен 2021 жылғы шілдеден желтоқсанға дейін 600 мың адам қамтылуы керек.

Осыған орай, халық арасында жұртты үрейлендіріп, үркітетін жағдаяттар орын алмауы үшін арнаулы маман ең жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.

– Вакцинаның тиімділігі қандай? Егілгеннен кейін де коронавирус жұқтыру бар ма?

– Зерттеулерге сәйкес, «Спут­ник V» вакцинасының COVID-19-ға қарсы тиімділігі 91,6%-ды құрайды. Бұл көр­сеткішті есептеу «Спутник V» вакцинасының бірінші және екінші инъекциясын немесе плацебо алған 19 866 ерікті бойынша деректер негізінде жүргі­зіл­ді – қорытынды бақылау кез­еңін­де COVID-19 расталған 78 жағ­дай тіркелді. «Спутник V» вакцинасының тиімділігін зерттеу нәтижелері салыстырмалы халықаралық бағалау­дан өтті. Алынған мәлімет­тер «The Lancet» журналында жарияланды. Сондай-ақ вакциналау бізді короновирус инфекциясының ауыр түрін жұқтырудан қорғайды. «Спутник V» вакцина­лауынан кейінгі иммунитет шамамен 1 жылға дейін сақталады. Қазір коронавирус вакцинасы қауіпті болуы мүмкін деп болжауға негіз жоқ. Теориялық тұрғыдан алғанда, бұл жағымсыз реакцияны тудыруы мүмкін, бірақ оның ықтималдығы өте аз.

– Ресей ғалымдары «Спут­ник V» 1 және 2 типті қант диабеті бар адамдар үшін қауіп­сіз деп хабарлады. Алматы­да диабетпен ауыратындар вак­цина ала ма, әлде ауру әлі де вакциналауға қарсы көрсе­тілімдер тізімінде ме?

– ДСМ 21.10.2020 жылғы «Профилактикалық егулер жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесін бекіту туралы» бұйрығында қант диабеті вакциналау үшін қарсы көрсетілім болып табылмайды.

– Бұған дейін гормондарды қолдану қарсы көрсетілімдердің бірі деп айтылды. Жүктіліктен қорғайтын контрацептивтерді ішетін әйелдер қалай вакциналанады?

– Әртүрлі патологияларда стероидтерді, сондай-ақ им­му­носупрессивті қасиеттері бар басқа препараттарды қол­дану сала мамандарының қоры­тындысынан кейін көрсетілген.

– Күнтізбе бойынша жоспарлы иммундау сол көлемде өтіп жатыр ма? COVID-ке қарсы және жоспарлы вакциналауға медициналық қызметкерлер жеткілікті ме?

– Иммундау жоспарға сәй­кес және вакциналауды оқы­ған медицина мамандары жүргізеді. Вакциналау үшін емханада екі егу кабинеті, екі дәрігер, екі вакцинатор-медбике және екі тіркеуші дайындалды. Егу кабинеті санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келеді. Медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі жоқ.

– Емханаға вакциналауға кезекке тұруды сұрап, қоңырау шалған адамдар көп пе?

– Емхананың call-орталы­ғының нөмірлеріне вакцин­алау туралы түрлі сұрақтармен қайта-қайта қоңыраулар түсіп тұрады.

– Вакциналаудан кейін адам­дарға қандай ұсыныс берер едіңіз?

– Бұл жағдайда барлық процедуралар мен дәрі-дәрмек­терге рұқсат етілмейді. Вакци­налаудан кейін дәрігермен байланыста болу керек. Вакцина­лау орнының қызаруы, ісінуі, ауыруы кезінде антигистамин­ді препараттарды қабылда­ңыз. Вакциналаудан кейін дене қызуы көтерілгенде дәрігердің тағайындауы бойынша стероидсыз қабынуға қарсы дәрілерді қабылдау қажет.

– Бәріміз де вакциналаудың маңызын білеміз және түсінеміз. Бірақ, соған қарамастан, әлеу­меттік желілерде кейбір аңыздар таралып кеткен. Қайсысы шын­дыққа жанаспайды?

– Денсаулық жайлы сөз қозғалған жағдайда барлық жаңа нәрсеге ел күдікпен қарайды. Адам тексерілмеген заттан қорқады және өзі арқылы препаратты бірінші болып сынаушылардың қатарынан болғысы келмейді. Бұл топ вирустың қауіпті екеніне сен­бейтін коронаскептиктер катего­риясымен біріктірілген. Тағы бір мотив белгілі бір вакци­налаудың белгілі бір қауіптілігі бар деген кейбір адамдардың сенімділігімен, вакциналаудың зиян келтіру үшін тікелей алдау болуы мүмкін деген күдікпен байланысты.

Вакциналаудан бас тарту­дың себептері туралы ашы­ғы­нан сұраған кезде олар: «бұл чиптеу», «мен вакциналау түрінде не жасалатынын біл­мей­мін» деген сияқты жауаптар береді. Барлық ықтимал жанама әсерлерді болжау үшін ғалымдар кішігірім сынақтардан бастайды: алдымен үлгілерді зерт­ханаларда сынайды, жан­уар­ларға, содан кейін барып адамдарға сынайды. Мысалы, Pfizer және BioNTech вакцинасы жағдайында сынақтарға 40 мың адам қатысты. Бұдан басқа, алынған нәтижелерді қосымша тексеруді реттеушілер жүзеге асырады – мысалы, дәрілік заттар мен медициналық тауарларды реттеу жөніндегі британдық агенттік (MHRA), тамақ өнім­дері мен дәрі-дәрмектердің сапасын санитарлық қадағалау жөніндегі америкалық басқарма (FDA) немесе Ресей жағдайында денсаулық сақтау министрлігі.

– Екпе қабылдаған адам басқа адамнан ауру жұқтыруы мүм­кін бе? Егер вакцина сал­дыр­ған адам сақтану шараларын ұстанбаса не болады?

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары бірінші екпе жасалғаннан вакциналаудың екінші кезеңіне дейін басқа адамдармен байланысты мейлінше азайтып, барлық санитария ережелерін сақтауы қажет екендігін де атап өтуде. Иммунитет біртіндеп қалыптасады, сондықтан осы екі кезең аралығында адам әлсіз, қорғалмаған болып саналады. Ол коронавируспен ауыруы бек мүмкін.

– Вакциналау жасалғаннан кейін адам профилактикалық шараларды ұстанбаса да болады деген сөз айтылып жүр. Осы көзқарас қаншалықты дұрыс? Вакцина алған адамдардың не істемегені дұрыс?

– COVID-19-ға қарсы вакцина, екпе қабылдаған адам­ның бетперде тағуға, қолғап киюге, әлеуметтік арақа­шық­тық­ты сақтауға деген қажет­тілік­тердің күшін жоя алмайды. Вакциналаудан кейінгі үш күнде инъекция жасалған жер­ге су тигізбеген, монша, сау­на­ларға бармаған, алкоголь ішпе­ген, денеге күш түсірмеген жөн.