Аймақтар • 15 Ақпан, 2021

Ақтөбе облысында археологиялық экспедиция жұмыстары қорытындыланды

860 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылы Ақтөбе облыстық музейінің археологиялық экспедициясы Ойыл, Шалқар, Ырғыз аудандарынан ежелгі адамдар тұрағы, қорған, кесене, мешіт, қоршаулар сияқты бұрын тізімге алынбаған әрі зерттелмеген этнографиялық ескерткіштерді тапты.

Ақтөбе облысында археологиялық экспедиция жұмыстары қорытындыланды

Археологтар  табылған заттар мен тұрақтардың тас ғасыры, қола және ерте темір дәуірі, орта ғасырға жататынын мәлімдеді.  Бұл өз кезегінде осы жерді мекендеген ежелгі өркениет адамдарының тұрмыс-тіршілігін жаңа қырынан зерттеуге жол ашады деп хабарлайды egemen.kz.

Ойыл ауданының аумағында, Ойыл өзенінің сол жағалауындағы Самбай, Шөптікөл, Ақшатау, Көптоғай қорымдарына жүргізілген қазба жұмыстары кезінде  б. з. ІІ-ІҮ ғасырларына жататын заттар табылған. Бұл жердегі обалардан табылған дүниелер мен жерлеу ғұрыптары өте ұқсас. Соның ішінде жерлеу ғұрпы мен табылған дүниелердің әр алуандығы жағынан Көптоғай ауылынан 25 шақырым жердегі «Шөптікөл-І»  қорымы ерекшеленеді.  Осы қорымның оңтүстік-шығыс бөлігіндегі ер адам жерленген обадан  шіріген темір семсер сынығы, ат әбзелдері табылса, ал жанындағы әйел жерленген обадан  қыш ыдыстар, қола айна, түйреуіш, тікпе айылбас шықты.

Ал Ырғыз ауданының Шеңбертал ауылы маңындағы  ашылып қалған оба туралы 2018 жылдың жазында осы ауылдың тұрғыны Сыдық Молдабеков облыстық тарихи-өлкетану музейіне хабарлаған. Археологтар  Шетырғыз бен Ырғыз өзендерінің қосылатын тұсындағы  осы  обадан табылған пышақ сынығы, тас, темір қашаулар, әйел әшекейлері, құмыралар ежелгі және қола дәуірі мен ерте темір ғасырына тән тұрмыстық заттар деген қорытынды жасады. Ойыл өзенінің сол жағалауында, Қаратал ауылынан 2 шақырым жердегі  Қаздыаралдан  да ежелгі адамдар тұрағы табылды.

Көбіне өзен арналары жағалауынан табылған дүниелер ежелгі адамдардың тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы мен мәдениеті туралы жаңа  қырынан зерттеуге жол ашады дейді Ақтөбе облыстық  тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері. Биыл  археологтар Ойыл, Мәртөк, Әйтеке би және Байғанин аудандарында зерттеу жұмыстарын жалғастыруды  жоспарлап отыр.