26 Желтоқсан, 2013

Бір мүшелдің белесі

336 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еуразиялық тарихи ресурстар кор­порациясы (ENRC) мен «Егемен Қа­зақстан» газетінің төрт жылдан бері өткізіп келе жатқан республикалық «Алтын қалам» шығар­ма­шылық байқауының қорытындысын хабарлаған кешегі газет мақаласында («Өндіріс жайында өндірте жазғандар») рәсім соңында редакция жетекшісінің   ENRC басшылығына «Етжеңді «Егемен Қазақстан» – 2012» кітабын шығаруға демеушілік жасағаны үшін  алғыс білдіргені айтылған еді. Біз бүгін «етжеңді» материалдарынан құрастырылған жаңа жинақтың алғысөзін жұртшылық назарына ұсынамыз.

Сүйінші!

Еуразиялық тарихи ресурстар кор­порациясы (ENRC) мен «Егемен Қа­зақстан» газетінің төрт жылдан бері өткізіп келе жатқан республикалық «Алтын қалам» шығар­ма­шылық байқауының қорытындысын хабарлаған кешегі газет мақаласында («Өндіріс жайында өндірте жазғандар») рәсім соңында редакция жетекшісінің   ENRC басшылығына «Етжеңді «Егемен Қазақстан» – 2012» кітабын шығаруға демеушілік жасағаны үшін  алғыс білдіргені айтылған еді. Біз бүгін «етжеңді» материалдарынан құрастырылған жаңа жинақтың алғысөзін жұртшылық назарына ұсынамыз. 

Қадірменді оқырман, міне, қолыңызға «етжеңді» «Егемен Қазақстанның» он екінші кітабы тиіп отыр. Сонымен, «етжеңді»  алғашқы мүшеліне толды. Өт­кен жылғы осындай кітапқа алғы­сө­зімізде бүгінде 10, 12 беттік нө­мір­лер күнделікті қалыпты жайға айналғанын, 16 беттік нөмірлер апта құрғатпай шығып тұратын дағды қалыптасқанын айта келіп, соның өзінде де оқырман «етжеңді» нөмірлерді алғашқы бетінен-ақ жазбай таниды деген едік.

«Егемен Қазақстан» қашанда елдің ойын жеткізеді, елдіктің сөзін айтады. Өйткені, редакция ұжымының өзінде елдік мінез бар. Осы кітапта жарияланып отырған естелікте кезінде газетте жұмыс істеген атақты ақын Хамит Ерғалиев: «Қоршаған ортаның қадір-қасиетін айтсаңшы!.. Жал­пы бар ғой, осындай іскер, принципшіл, жұмыс бабында тартысып жатса да татулығын бұзбайтын, өзара сыйластығы мол коллективті мен бұған дейін де, бұдан кейін де көрген емеспін. Өзім жұмыс істеген аттай бес жыл ішінде арыздасу, тіктесу, жіктесу де­гендердің ұшығын да көргем жоқ. Әлі күнге шейін бұның әр адамын еске алу менің жанымды жадыратады», деп еске алады. Бұл біздің де ойымыз.

«Етжеңді» нөмірлердегі ма­териалдар оқырманның ой көкжиегін кеңейтеді деу аздық етеді. Ол материалдар бүгінде қо­ғамдық ойға қуатты қозғау салып та отыр. Бір ғана мысал кел­тірумен шектелейік. Жамбыл же­рінде, әсіресе, Жуалы жағында Батырбек датқа есімін білмейтін адам кем де кем. Біздің аталары­мыз Қазығұртқа Жуалыдан кө­шіп келген. Менің жалғыз ағам Батырбектің есімін көкем ұлым сол кісідей болсын деп қойған  екен. Кейін менің есімімді ба­тыр­дың сауытына жарасын деп ырымдапты. Қойылуын солай қойылғанмен, мен өз басым ағам­ның аты Батырбек датқаның есімімен атастырылғанын көп айта бермейтінмін. Батыр болсын деген ғой деумен шектелетінмін. Өйткені, ел аузында  Байзақ датқаны Батырбек датқа ұстатқан екен деген сөз де жүретін. «Біз бір жарым ғасыр бойы, яғни алты ұрпақ алмасқанға дейін Бай­зақ датқаны Батырбек дат­қа қоқандықтарға ұстап берген деген генерал Черняев та­рат­қан жалған сыбысқа алданып келдік», деп жазады осы жинақтағы «Батырбек датқа» атты мақаласында Мекемтас Мырзахметұлы. Иә, сөйтсек, сол сойқан сөз де отаршылдықтың санаға салып кеткен бір сұмдығы екен. Шындық тіпті басқаша екен. Генерал Черняевтің соғыс министріне жазған рапортындағы: «Байзақтың өлімін өз мақсатыма пайдаландым, оның өліміне Сапақ, Шоқай, Батырбек датқалар кінәлі, өздері бірге келіссөзге бармады, Байзақты жалғыз жіберді деп жергілікті сенімді адамдар арқылы сыбыс тараттым. Бұл құпия әрекетім өз жемісін беріп жатыр. Қазір маған келіп жатқан астыртын мәліметтер бойынша, Байзақтың кейбір туыс­тары басқа датқалардың туыс­тарымен араз болуда» деген сөздер Ташкенттегі архивтен та­был­ғалы, «Егемен Қазақстанда» жарияланғалы бері бәрі орын-орнына келді. Жарықтық Баукең: «Аспанда құдай, жерде архив бар» дегенде осыны айтқан екен. Батырбек датқа, тіпті Шоқанды райынан қайтарған адам екен. Оған жаңағы Черняевтің басқа бір рапортындағы Шоқан туралы жазған: «...ол маған ренжіп, экспедициядан кетіп қалған. Ротмистрдің маған ренжіп кетуіне, естуімше, Батырбек датқаның тікелей қатысы бар, себебі, екеуі оңаша кездескен, ротмистрді ол жат дінділерге көмектесіп жүрсің деп кінәлаған, өз халқыңа қарсы соғысып жүрсің деп айыптаған көрінеді. Оларға шыдамаған ротмистр Ш.Уәлиханов экспедициядан кетті», деген сөздері дәлел.  Кейінгі кезде Батырбек датқаның аты қайтадан лайықты ардақталып, елім деп еңіреп өткен ерге туған жерінде ескерткіш қою жұмысы да қолға алынып жатыр. Бұл да біздің бір еңбегіміз.

Айта берсе, «етжеңді» нө­мір­лер материалдары арқылы ашы­лар ақиқат, алар тағылым толып жатыр. Тек «Егеменнің» төл қаламгерлерінің жазған­дарын алсақ та, Сұңғат Әліп­бай­дың,  Қайсар Әлімнің, Қор­ғанбек Аманжолдың, Анар­ Төлеуханқызының, Жақсы­бай Самраттың, Нәзира Жәрім­бе­то­ваның, Ержан  Байтілестің, Фарида Бықайдың, Көсемәлі Сәт­тібайұлының, Гүлзейнеп Сәдірқызының, Жанат Елшібектің мақала, сұхбаттарынан алар та­ғылым көп. Атына Алаш жұрты қанық басқа авторлардың мақа­ла­ларынан да талай тың тұжы­рымдар, елең еткізер деректер таба аласыз.

Қысқасы, бұл жолы да сізді кезінде көңіліңізден шыққан жақсы жарияланымдармен қайта жүздесу қуанышы күтіп тұр, ардақты ағайын.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті.

 

Соңғы жаңалықтар