Аймақтар • 16 Ақпан, 2021

Індеттің таралуы іркілгендей

169 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысы да жаман індеттен әлі толық арыла алмай тұр. Қазір өңір – «сары аймақта». Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың соңғы мәліметтеріне қарағанда, КВИ-мен тіркелгендер саны 11,6 мыңдай адамды құрайды. Соның ішінде симптомдысы 7151 болып отыр. Бұл – барлық сырқаттың 61,8 пайызы. Ал сырттан әкелінгендер саны – 391, бұл 3,4%. Қалған сырқаттың бәрінде ауру белгісі болмаған.

Індеттің таралуы іркілгендей

Барлық науқастың 16%-ы, яғни 1 868 адамның дерті бары профилактикалық зерттеу барысында анықталған. Ал 61%-ы, яғни 7 004 адамның өзі ме­дициналық көмекке қайы­рыл­ғанда жаман індетке шал­дық­қаны анықталған.

Індетті әлі де көзге ілмеу­шілер бар. Ондайлар қоғамдық жерлерде бетперде тағуды, көп­шілікке араласқаннан ке­йін қолдарын мұқият жууды елемейді. Соның кесірінен нау­қас­тар саны азаяр емес. Соң­ғы мәліметке қарағанда бір тәу­лікте 69 адамның бойы­­­нан індет шыққан. Соның ішінде ең көбі – 23 адам Петропавл қала­сынан шығып отыр. Аудан­дар арасында Есіл, Айыртау, М.Жұмабаев алда келеді. Онда тиі­сінше 10,8 және 7 адамнан індет табылды.

Жаман тұмау шыққаннан бері бұл індет барлық жастағы адамдар арасынан табылды. Соның ішінде 50 мен 59 жас арасынан барлық науқастың – 19%-ы, 2 172 адамнан шықты. Екінші орында – жас шамасы 40 пен 49 жастағылар. Бұдан барлық науқастың 13%-ы, яғни 1 547 жағдай тіркелді. Жалпы, дертке ең көп ұшырағандар – жұмыс істейтін халық. Барлық дерттің 34%-ы осылардың бо­йы­­нан шықты. Бұл – 3 910 адам деген сөз.

Солтүстікте дерттің көбеюі­не Ресей Федера­циясымен шекарада орналасқандығының да әсері тиюде. Былтырғы қа­зан айы мен биылғы ақпан айы аралығында осы екі елдің облыс аумағындағы шекара­лық бекеттерінен бар­лығы 63 058 адам өткен. Соның ПТР зерттеуінің анық­та­ма­сы болғандары – 20 282 адам. Анық­тамасы жоқ ресейліктер кері қайтарылды, қалған­­­да­ры­ның бәрі карантин­дік стационарларға жатқызылды.

Облыста ПТР-тест жасайтын 4 зертхана бар. Осы күнге дейін онда 260 мыңдай адамның қаны тексеруден өтті. Соның ішінде биыл өт­кендер саны – 50 мыңдай адам. Қаңтар айының ортасына дейін бойынан дерт шыққан адамдар саны тәулігіне 100-110 адам болған еді. Вирустың дамуын тұрақтандыру шара­ларының нәтижесінде қазір бұл көрсеткіш 65-70 адамға дейін түсті. 1 мыңнан артық адам вирусқа қарсы вакци­на­­ның бірінші дозасын ек­тірді. Олар – медицина қыз­­мет­­керлері, санитарлық-эпи­де­миологиялық қызмет мамандары. Әзірге ешкімнің ағзасында жағымсыз реакция болған жоқ. Ақпанның екінші жартысында Қарағандының фар­мациялық кешенінде жа­салған «Спутник V» екпе­сінің екінші партиясы кел­мекші.

Осыған байланысты шектеу шаралары да босаңдатылып, 13 ақпаннан бастап сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда орындарының, тамақ емес тауарлар сататын дүкендердің, бас­сейндердің жұмыс уақыты ұзар­тылды. Қоғамдық көлік, трена­жерлік залдар, спорт ны­сан­дары өз жұмыстарын жал­ғас­тыруда.

Солтүстік Қазақстан облысы