Пікір • 16 Ақпан, 2021

«Жалғыз қазық – мына жұрт»

528 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде халқы тығыз қоныстанған оңтүстік өңірде жұрт мал жаятын жер таба алмай жатқанда, елдің солтүстігіндегі жайылымы мен егістік жері мол ауылдарда тұрғындардың қатары сиреген. Қашанда қазақ «Бос жатқан жер жау шақырады» деп етек-жеңін қымтап отырған.

«Жалғыз қазық – мына жұрт»

Ақын Ғафу Қайырбеков Қайнекей туған Дүбірге арнаған өлеңінде:

«Дүбірде бар екі ши,

Маңайында жыра көп.

Біздің әулет – екі-үш үй

Жайлар еді жылда кеп.

Жалғыз қазық – мына жұрт

Мен дүниеге туған жер.

Жалғыз тұтам шуда жіп

Кіндігімді буған жер.

Туған жермен байлаған

Кетпестей ғып кіндіктен,

Бар ма екен, – деп ойланам

Мықты нәрсе сол жіптен!» деп толғанады.

Кіндік қаны ауылда тамған жан үшін алтын бесік – ауылға жетер жер жоқ. Ауыл – береке, ауыл – ағайын, ауыл – парыз-қарызы жоқ араластық, ауыл – көршіге келген қонақтың өзін қолқалап қонаққа шақырар кеңпейіл, ауыл – бірі отын-шөп түсірсе де, соғым сойса да еш шақырусыз қаумалап келіп, қауқылдаса жүре оп-оңай біте қалатын көп жұмыс, не керек көл-көсір қазақы пейіл.

90-ыншы жылдары азат ел енді аталған шақта ауылдардың басына зілдей ауыр қиын­шылық түсті. Жұмыс жоқ, жарық жоқ, шаруашылықтар жекешеленіп, бар мал бартерге түсіп, қажет тауар қат болып, екі қойың бір кір сабынның бағасына кетіп, халық әбден титықтады. Амал жоқ, «қой, бүйтіп отырып, қары қалың алты ай қаһарлы қысы бар далада, бір жарамды техникасы жоқ жолсыз ауылда қалуға болмас» деп шамасы келгені қалаға, әйтпесе қала маңындағы ауылдарға үдере көшті. Әсіресе бұл қиындық Торғай, Жезқазған сынды облыстары жабылып қалған аймақтардың тұрғындарына тіпті ауыр тиді.

Туған жерін, алтын бесігі – ауылын тастап босқан халық өз күндерін өздері көрді. Оларды «еее, байғұстар-ай» деп аяған не үкімет, не сол ауылдың, ауданның билігі болмады. Жаңадан қоныстанған жеріне кірігіп кету де қиынға түсті. Сырттан көшіп келген деп кеудеден итерсе де кектенбеді. Көнтерілі халық шыдады, қолын жайған жоқ, қылмысқа барған жоқ, бұрынғысынан қалған аз-маз тұяғын өсіріп, біреуден ілгері, біреуден кейін күй кешті. Қазір сол заманда көшіп келген жас балалардың өзі үйлі болды, олардың балалары да үйленді, немере сүйіп отыр. Сіңді, орнықты. Бірақ бір кездері қимай-қимай тастаған ауылдары жайлы көп ойлайды. Олардың біразы болашағы жоқ ауылдардың тізіміне енген болуы да мүмкін. Баласы шығандаған соң мектебі де жабылуы мүмкін, ал мектеп жабылса...

Сонда бұған кім кінәлі? Ауылды тастап көш­кен өздері ме, әлде жағдай туғызбаған, сол кездегі Үкімет тартқызған қиындық па? Соң­ғысы тәрізді. Бірақ сол ауылға кіндігінен байланып, ауыл десе елеңдеп тұрар, қазір татар дәмін алыстан тауып жүрген перзенті ретінде өзі не істей алады? Сол кезде бір үй болып ауылдан кетсе, қазір бір өзіне қарасты 10 шақты шаңырақ бар екен. Қалада, ауылда тұрақты жұмыспен емес, күнделікті қолға тигенімен, адам тасып, қатты-қайырым жұмыс істеп, базарда арба сүйретіп жүрген біраз жас бар. Оқығанының өзі мамандығымен жұмысқа тұруы қиын.

Енді осы заманда, бір кезде жұртта қалған ауылына ат арытып алыстан емес, сол көшкен үйдің әр отбасы қазіргі он шақты өзінен тараған ұрпағынан бір-бір шаңырақтан ауылға қайта қондырса қайтеді? Үкіметке де алыстан әкелгенше беретін көмегін сол өз ауылына қайта барғысы келгендерге бөлсе, жеңілге түсер еді, әрі олар орнығып, қайтадан көшсек деген желкөңілге де берілмес еді ғой. Бір реттік жәрдем мен көшу пұлын, сосын жан басына берер қаражатын ұстатса, баспана болса, қала мен ауылдағы жұмыссыздың саны да азаяр еді.

Оның үстіне қанша дегенмен өз ауылың ғой, көзкөргендер де қарап қалмас. Қазір ауыл тұрғындарында мал басы баршылық. Өйткені бар тіршілігі, ішіп-жемі, киім-кешегі, баласын оқытуы – бәрі сол малдың арқасы болғандықтан, туыстың, ауылдастың бәрі мал өсіреді. Сол малдан туысың, иә ауылдасың екі-үш жылға бірнеше қой-ешкі, бір сиыр, бір жылқы беріп, төлін сен ал, сосын берген малымды қайтарарсың десе, соның төлімен де біраз малдануға болады. Сүтін, майын, құрт-ірімшігін айырып, содан қалаларға сатуды ұйымдастыруды жолға қойса, тұрмыс тез-ақ түзеліп кетер еді. Осындай жұмыстар қолға алынса, үкімет те, жергілікті билік те ұтар еді ғой. Әрі Үкімет өзінен кеткен қателікті өзі жөндесе, қандай ғанибет!

Бұл – бір арман айтылған. Мұны тек ауылы алыс, алдағы тағдыры неғайбыл, жабылып қалудың қаупі бар, басына бұлт үйірілген ауылдан шыққандар ғана түсінеді. Қайнекей туған екі-үш үйлі Дүбір түгіл, бір кездері іргелі елдің бесігіне айналған Торғайдың көп ауылының тағдыры бүгінде қиын күйде. Оны ойлайтын кім бар?