Қоғам • 16 Ақпан, 2021

Мамандығы – бақытты ғұмырдың еншісі

199 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кім бала болмады? Ол да қозы-лақпен ойнап, таяқты ат қып мінді, тайды бас білдіріп, желмен жарыса жүйткіді. Дегенмен, кісінің қалыбы бала кезінен-ақ байқалады екен. Құлын-тайдай тебісіп, бірге өскен құрдас-құрбысынан оны алдымен тобыққа тісі тимеген сыпайы мінезі ерекшелендіретін.

Мамандығы – бақытты ғұмырдың еншісі

Ішінде жайтасы қайнап бара жатқандай, сабақ үзілісінде бірімен-бірі алысып-жұлысып, партаны аралап, қуалай жүгіретін өзге ұлдардың қылығына аласа бойлы, көзі теріден тескендей сығырайған сары бала жымиып қарап тұрар еді. Бала Айқынның осы болмысы өскенде де өзгере қойған жоқ, қиындыққа мү­жіл­мейтін, қуанышқа еліре қой­майтын салқынқанды қалпында қалды. Сол сары баланың ішінде жай­тасы қайнамаса да, кәусардай бір таза әлемнің барына тұлпарды тайы­нан танитын ұстаздары сүйсінетін. Әсі­ресе, жоғары сыныптарда қолына «Ле­ниншіл жас», «Қазақ әдебиеті», бас­қа да газеттерді шиыршықтап ұс­тап жүретін Айқынға ұстаздары «жур­­налист келе жатыр» дейтін. Қо­­лы­нан кітап түспеді. Ал қойдың ке­зегі келгенде Нұра өзені ағатын далада өрістеген малды қарап қойып, кітапты беріле оқудың рахатын Айекең ұмытпайды. Қоғамның сірі қисық болмаса екен деп, өзі байқаған жақсыны да, жаманды да сөз мәйегіне орап, оқырманына жеткізгенше тыным таппайтын еңбекқорлығы, туған жердің бұлағындай жан тазалығы да, ақ жү­ректі кісілігі де халқымыздың батырына күш, шешені мен көсеміне даналық дарытқан даланың, туған жердің қасиетінен еді.

Айқынға өмірде бір айқын нәр­се бар. Ол – арманның алдамай­ты­ны. Қарағанды мемлекеттік уни­вер­ситетін бітіргеннен кейін Торғай об­лысындағы Жанкелдин ауданының Қарасу ауы­лын­дағы мектепте қазақ тілі мен әде­биетінен сабақ берді. Бұл – Ахмет Бай­тұрсынұлының кіндік қаны там­ған жер. Ол кемеңгердің атын есті­мей тұрып, жас Ахмет шомылған Ақкөлдің толқындарын, құс базарын тамашалады. Ауылдың шежіре қарттарынан атқан оғы абайсызда аққудың сыңарына тиіп, аңшы жігіттің күйзелгені туралы бір әңгіменің ізін естіп алды да, бозбала жігіт қиялға ерік беріп, новелла жазды. Жігіттің ұнатқан қызы аққуды аттың деп ренжіп, қырын қарайды. Жігіт жаралы аққуды үйіне әкеліп, жарасын жазып, Ақкөлге қайта жібереді, құс төресі өзінің жұбын табады. Жігітінің аққуды әдейі атпағанына, адалдығына көзі жеткен қыз өзінің де артық кеткенін түсінеді, ғашықтар қайта табысады. Махаббат оқиғасын үнді фильмдерінен де асырып тауып, ғашықтар сезімін мөлдіретіп суреттеген новелла авторының қалам қарымын байқаған облыстық «Торғай таңы» газетінің басшылығы оны қызметке шақырды. Газет қызметкерлері ақын, журналист Әбжан Әбілтаевтан, белгілі журналист Жақсылық Жүнісовтен үйренгені аз болмады. Олар жас жігітті журналистиканың қызығы да, азабы да мол арнасына салып жіберді. Сонда жас журналистің ойында жақсы мақала жазсам деген арманнан басқа қылау жоқ, аппақ әлемде жүргендей. Торғай өңіріндегі әлеуметтік, эконо­ми­калық өзекті мәселелерді тісі бат­қанша қазып, газет бетінде көрсетті. Қазақстан Тәуелсіздігін алған сонау 90-жылдардағы елдің аспандап кө­терілген рухы Айқынның да шабы­тын шалқытты десек несі айып? Енді Айқын Несіпбай деген ныспылы жур­налистің қызықты мақалаларын оқыр­мандар республикалық өзге басылымдардан іздеп оқыды. Айқынның өз пайымынша, ол үшін «Торғай таңы» – қалам түзеу, «Коммунизм нұ­ры» – қалыптасу, «Лениншіл жас» – түр­лену, «Орталық Қазақстан» – толысу, «Егемен Қазақстан» – байыпталу кезеңі болыпты. Соның ішінде бас басылымның Қарағанды облысындағы тілшісі бо­лып табан аудармастан 18 жыл қызмет етуі бір төбе. Газеттің беделін көтеретіндей, оқырманның ойындағысын дөп басатын мақалалары болмаса, бас басылымның атын мал­данудың өзі ер жігітке жараспайтын тірлік-ау. Бірақ Айқынды оған қос­паңыз. Оның үндемей жүріп, жұрт­ты үркітетіндей мақалалары жарқ ете қалатын. Үндемей жүріп, «үйдей бәлені» көріп қоятын журналистік қырағылығы қаламдастарын риза ететін. Бір-екі ауызбен-ақ еске салайық. «Асап қалуға асыққан алпауыт» деген мақаласында Қарағанды шахталарын қамтыған «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының өзінікі емес болған соң, өзгенікіне қомағайлықпен қарап, көмірдің құйқалы жерін ғана көсіп алып, қалған жұқа қабаттарын тас­тап ке­тетінін, сөйтіп жерасты бай­лығымызды рәсуа, ысырап ететінін сынады. «Аспаннан төнген апат» мақаласында Байқоңырдан ұшқан ракеталардан төгілген гептилдің Ұлытау же­рінің, Сыр бойының топырағына сіңіп, шөпті, шөп арқылы малды, мал арқылы адамды улап жатқанын жеріне жеткізе айтып беріп, қай жылғы зымыран құлаған апаттан бұрын дабыл қаққан еді. «Өлі өзен» деген мақаласында Нұраның табанының қалыңдап, ластанғаны жөнінде айтып, экологиялық мәселенің, өзен суының ел экономикасы үшін өзектілігін тағы қозғады. Ал «Зорайған зомбылық» атты мақаласында «күштінің арты диірмен тартадының» керімен жерге таласқан қалталылардың қарапайым еңбек адамдарына көрсеткен зорлы­ғы әңгіме болады. Осылардың бар­лығы да оқыған жанға ой салды, ал Үкі­меттің назарына ілікті. Айқынның танымдық мақалаларынан оқырман адамгершілікке арналған ода оқығандай әсерде қалады. Қажымұқанға Мажар­стандағы мұсылмандар сыйлаған медальді көзінің қарашығындай сақтап келген Шеру ақсақалдың, тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтарды қанатының астына алып өсірген Гүлсім әпкесінің бейнесі «Балуаннан қалған белгі», «Әпке» атты мақалаларды оқыған оқырман жүрегінде маздап тұрады. «Етжеңді» Егемен» жинақтарынан Айқынның талай мақаласына су­сын­дауға болады. Ендеше, «Ал­тын сұңқар», «Алтын қалам» байқау­ла­рында оза шапқаны да заңды емес пе? «Жылжыған жылдар жылуы», «Айналдым Нұра атыңнан» кітап­тарына да автордың маңдай терімен бал жасаған мақалалары еніпті.

Айқын журналистік жолын ба­қытты ғұмырдың еншісі санайды. Жақсымен жанасу да ол үшін бір дәурен екен. «Егемен Қазақстан» га­зетінің ұжымы шеберліктің ғана емес, адами қалыптың, сыйластықтың, ұлт­тық мәдениеттің мектебі сияқты еді-ау. Ұжымның қолдауымен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Қа­зақстанның құрметті журналисі» атанды. Ұстаздары Нұрмахан Ораз­беков, Ержұман Смайыл, Уәлихан Қалижаннан алған тағылымы бір төбе. Мұның барлығы Айқын үшін қанатын қаққан сайын биіктейтін қыран секілді өсу баспалдақтары болды. Адамның бақыты да жалқы болмайды, аққудың жұбындай қосарлана жүрмек. Жетпістің жалынан ұстаған Айқын – тек жүйрік журналист емес, адал жар, мейірімді әке, мейірбан ата. Алланың бергенін бағалай білу де – ақ жүректің ісі.