Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы да облыс тұрғындарын әлеуметтік қорғау жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізу алдында талқылауға қатысуға шақыруда. Бұл болжамды өзгерістер «Аз қамтылған отбасыларға кепілдік берілген әлеуметтік пакет ұсынуға» және «Арнаулы әлеуметтік қызметтер алуға» құжаттарды ресімдеу сияқты қосымшаларды қамтиды. Өтініш, пікір, ұсыныстарды арнайы сайт, Facebook, Instagram әлеуметтік желілері және oriv.dsz@pavlodar.gov.kz электрондық поштасы арқылы беруге болады.
Басқарма басшысы Алмира Жүсіпованың айтуынша, мысалы, енді І топтағы мүгедектерге немесе қозғалысында қиындықтары бар адамдарға мүгедектіктің себебіне қарамастан жәрдемақы енгізілмек. Қазір өңірде мұндай жәрдемақыға мәжбүр 1 мыңға жуық адам бар. Сонымен қатар заң жобасында 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу және оларға арналған жәрдемақы мөлшерін арттыру қарастырылған. Заң жобасы қабылданған жағдайда бұл мүмкіндікке облыстағы 3 мыңнан астам бала ие болмақ. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған және асыраушысынан айырылған отбасылар үшін де өзгерістер бар. Олар екі жәрдемақыны қатар алуы да мүмкін.
Заң жобасында 2023 жылдан бастап ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша квотаны орындамайтын жұмыс берушілер үшін өтемақы жарналарын енгізу ұсынылады. Мақсат – жинақталған қаражатты жұмыспен қамтудың өсуіне байланысты жәрдемдесуге бағыттау.
– Тағы бір маңыздысы, тұрғын үй кезегін сақтау мәселесі. Қазір мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар кәмелетке толғанға дейін мемлекеттік қордан пәтер алмаса, олар қайтадан кезекке тұруға мәжбүр. Болашақта олар баласы 18 жасқа толғаннан кейін де тұрғын үй алуға үміткер бола алады, – дейді А.Жүсіпова.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған тағы бір шара – мүгедек баланы күту кезеңін 16 жастан 18 жасқа дейін ұзарту. Мамандардың пікірінше, бұл «Ерекше қажеттіліктері бар балаларды» тәрбиелеп отырғандар үшін жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақы тағайындауға оң әсер етеді.
Өңірдің 27 мыңға жуық тұрғыны – ерекше қажеттіліктері бар мүгедек жандар қатарында, олардың 10 пайызға жуығы – балалар. Соңғы жылдары өңірде мүгедектігі бар жандарға көп көмек көрсетілуде, билік тарапынан назар аударылуда, бірақ әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Айтар болсақ, кейбір мекемелерде әлі күнге дейін мүгедек жандар үшін жүріп-тұратын арнайы жолдар жасалмаған, пандустар орнатылмаған. Алдыңғы жылдары облыстық бюджет қаражаты есебінен Шарбақты ауданы Шалдай ауылында жүйке ауруларын емдейтін, Май ауданында аудандық аурухана негізінде аяқ-қолдарының кемтарлығы бар жандарға арналған оңалту орталықтары ашылып, қазір тұрақты түрде жұмыс істеуде.
Облыс орталығындағы «Самал» сауықтыру орталығы үлкен қайырымдылық, сауапты іс жасап, сал ауруына шалдыққан балаларды емдеумен 20 жылдан бері айналысып келеді. Орталық директоры Зинаида Багненконың айтуынша, онда 54 қызметкер жұмыс істейді, 180-дей бала бар, олардың 105-і мүмкіндігі шектеулі жеткіншек, 75 балғын шағын орталыққа барады. Осы жылдар ішінде орталық 4,6 мыңнан астам баланың денсаулығын сауықтырған.
Ал мүгедектердің облыстық ерікті қоғамдық бірлестігінің басшысы Георгий Четвериковтің бастамасымен мүгедек жандар шағын автобустарға орнатылған мүгедектерге арналған арбадан түсіп-шығудың өзіндік жүйесін жасап шыққаны да дені сау адамдардың ойлануына жақсы бір мысал болады.
Облыс орталығындағы Profimed медициналық кешенінің кіреберісінде мүмкіндігі шектеулі жандарға ғана емес, сондай-ақ арбамен жүретін аналарға арналған салмағы 500 кило көтеретін құрылғы орналасқан.
− Біз пандустардан бас тарттық, − дейді кешен директоры Гүлбану Сейтенова. – Лифті арқылы ыңғайлы. Мүгедектерге қызмет жасайтын арнайы санитарлық топ бар. Орталықтан шықпай-ақ, басқа бір көтеретін құрылғының көмегімен дәріханаға барып, кері қайтуларына болады. Бұл құрылғыны орнатпас бұрын сарапшылар ретінде мүгедектердің өздері шақырылды.
Бірақ кедергісіз орта құру үшін кедергілер әлі де аз емес. Өңірдегі Tandau Foundation қорының атқарушы директоры Александра Шаронованың айтуынша, тіпті ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін нысандардың қолжетімділігі ескерілмеген жаңа құрылыс жобаларын жұмысқа қабылдау жалғасуда.
– Былтыр 30-ға жуық қайта жаңартылған, жаңадан салынған нысандарды, тұрғын үйлерді, бизнес нысандарын, спорт ғимараттарын тексердік. Олардың тек біреуі ғана барлық талапқа сәйкес салынғанын көрдік. Мүмкін, құрылыс жобалаушыларына әсер ету үшін оларға арналған арнайы мейірімділік курстарын ұйымдастыру керек шығар, – дейді А.Шаронова.
Яғни бюджеттік және жеке қаражат мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді емес нысандарды салуға жұмсалуда деген сөз. Жергілікті әкімдіктер енді осы әлеуметтік мәселені құрылыс нысандары жобасы сызылған күннен бастап қолға алса, әрине, өркениет талаптарына сай талпыныс болар еді.
Ал облыстағы мектептердің бұл талаптарды орындауы қалай деген мәселеге келсек, 90 пайызға жуығында ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуына жағдай жасалыпты. Білім басқармасының мәліметінше, қазір облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар
6 832 бала болса, 3 387-і инклюзивті білім алуда.
Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі – әркімнің сапалы білім алуға тең құқығы бар. Өткен жылдың 1 наурызынан бастап мектептерде тірек-қимыл аппараты бұзылған және аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған қосымша мүмкіндіктер жасалды. Сонымен бірге Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды және олардың ата-аналарын қолдау үшін аталған санаттағы балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсетілуде.
Былтыр облыс орталығында Болат Өтемұратовтың «Аутизм – әлем бәріне бірдей» қорының бағдарламасы аясында қордың облыс әкімдігімен бірлескен меморандумы барысында «Аутизм орталығы» ашылды. Орталық директоры Динара Қайсинаның айтуынша, аутизм орталығы 18 жасқа дейінгі «РАС», «аутизм», «эмоциялық-ерік саласының бұзылуы» диагнозы бар балаларды қабылдайды. Орталықта диагностика, өмірлік дағдыларды игеру, ерте жастан дамыту, әлеуметтік дағдыларды оқыту үшін мамандандырылған кабинеттер, «Джаспер» әдістемесі бойынша екі кабинет бар.
– Менің ұлым алты жасқа толғанда аутизм диагнозы қойылды. Біз баланың қарапайым мектепке баруына, білім алуына – жалпы қарапайым бала болуына көмектесетін барлық мүмкіндіктер мен әдістерді зерттедік. Балабақшада қиын болғандықтан, ол үйде болды. Әртүрлі орталықтардағы сабақтар үшін айына 180 мың теңгеден төлеген кездер болды. Облыс әкімінің жеке қабылдауына келіп, біз, аналар, балаларымыз үшін тегін әрі нәтижелі орталық ашуды сұрадық. Енді міне, күткен күн де келді, қуаныштымыз, – дейді Әлия Сабыржанқызы.
Бүгінде орталықта оқу курстарынан өткен мамандар қызмет көрсетуде. Орталық аутизммен ауыратын балаларға көмектесетін заманауи тиімді әдістемелерді біріктіреді. Атлантадағы Marcus Autism Center, Лос-Анджелестегі Калифорния университеті, Орегондағы Медицина мектебі, Нью-Йорктегі Autism Speaks ұйымы сияқты ірі орталықтармен ынтымақтастық байланыс бар.
Арнайы аутизм орталығы үшін әлемнің 15 елінде сертификатталған А-DOS әдістемесі бойынша төрт диагностикалық модуль сатып алынды.
– Диагностика кезінде әр баланың өзіндік ерекшеліктері мен кемшіліктері анықталады. Бірі сөйлей алмайды, бірінің агрессиясы, бірінің сенсорлық жетіспеушілігі бар. Диагноздан кейін әрқайсысы үшін үш ай жұмыс істейтін жеке бағдарлама жасалады, – дейді орталықтың оқытушысы Ирина Бельская.
Демек, балалардың әлеуметтік ортаға – мектептерге қайта оралып, білім алып, қоғамның толық құқылы мүшесі, дос және әріптес болуы үшін нәтижелерін көре аламыз.
Біздің елімізде де шетелдердегідей мүгедек жандарға деген адами көзқарасты қалыптастырып, «Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды оңалту жүйесінің нақты стандартын» жасау қажеттігі туындады. Үкіметтің жаңа заман талаптарына сай келетін стандартқа көшу керегіне орай заңға өзгерістер енгізуді халықтық талқылауға жібергені де сол. Басты міндет – ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қоғам өміріне біртіндеп қосылуларына көмектесу.
Павлодар облысы