Қоғам • 17 Ақпан, 2021

Ізгілік іздеген жолаушы немесе генерал Тыныбек Оңалбаев жайлы бір үзік сыр

356 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Қашанда өзін балаға емес, ересек адамға тән байыппен ұстайтындықтан болар, бізге Тыныбектің қолынан келмейтін іс жоқ сияқты болып көрінетін. Қаласа жоғары сыныптың да сабағын еңсеріп әкететіндей, тіпті оқымай-ақ осы қалпымен мұғалім болуға да шамасы келетіндей болып тұратын. Бір сөзбен айтқанда, оның есейгенде кім боламын, нендей мамандықты игеремін десе де жолы болатынына титтей де шүбә келтірмейтін едік. Бірде қалада оқитын бір ағамыздың Тыныбекке қарап: «Оу, сен өзің тура дирижер сияқты екенсің», дегені бар. Онда біз оның нендей мамандық екенінен еш хабарымыз жоқ, бар болғаны ақ көйлегі мен қара бешпеті тал бойынан үйлесім тауып тұрғанына қарап айтқан шығар дегенбіз. Кейіннен дирижердің кім екенін білген кезде, шынында да осы мамандық оған әбден үйлесер еді деген ойда болғанбыз.

Ізгілік іздеген жолаушы немесе генерал Тыныбек Оңалбаев жайлы бір үзік сыр

Біздің не ойлағанымызда жұ­мысы қанша,  Тыныбек  не істесе де, не айтса да алдымен өз ойында қорытып, жеті рет өлшеп, бір рет кесетін жан ғой, мектеп бітірген соң өз таңдауын жасады. ҚазМУ-дың заң факультетіне оқуға түсіп, оны сәтті аяқтап, прокуратураға қызметке тұрды. Тұла бойы сабырдан тұратын Тыныбек осы қасиетінің арқасында өз жұ­мысына қатысты нендей қиын­дықты болса да еңсере алатынын өз әріптестеріне дәлелдей білді. Жүре келе кәсіби білікті маман ретінде қалыптасып, аты өз ортасында құрметпен атала бас­тады. Бұл сөзіме Алматы облысының, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарында он жылға таяу прокурор болып қызмет атқарған жылдары толық дәлел бола алады.

Кезінде онымен бірге қызмет атқарған әріптестерінің айтуына қарағанда, тіпті жас кезінен-ақ ол өз жұмысында ешкімнің обалына қалмауды, нағыз қылмыскердің жазадан жалтарып кетуіне жол бермеуді басты назарға ұстаған екен. Кезінде теледидар арқылы бір пікірталасқа қатысқан Тыныбектің мына бір сөзі де әріптестері айт­қан әңгіменің ақиқатын айқындап тұр­ғандай.

– Заман бұзылды дейсіз? Оны бұзған кім? Түп-тамырына үңілсеңіз, оған кінәлі мына сіз бен біз. Өйткені қылмыскер жерден өніп шыққан жоқ. Олар – сіз бен біздің тәрбиелеген балаларымыз. Демек, заманды кінәлай бергенше, әрқайсымыз бір сәт өз болмыс-бітімімізге үңіліп көр­геніміз жөн болар, – деген сөзі  нені болса да алды­мен өз жүрегінен өткізіп айтатын иманды адамның аузынан шықса керек.

Осындай ыждағаттылығының  ар­қа­сында кәсіби біліктілігін көтеріп, еш­кім­нің  демеу-сүйеуінсіз қызмет ба­бында сатылап өскен ол Алматы облысы прокурорының орынбасары, Ал­маты көлік про­курорының бірін­ші орын­басары, сондай-ақ Ақтөбе, Ақмола об­лыстарының прокуроры болып қызмет іс­теген кезеңдерінде де қоластын­дағы­лардан қашанда адалдықты, кәсіби ше­бер­­лікті талап еткен екен.

Ол қызмет бабымен қай өңірге барса да артынан ұбатып-шұбатып, ешкімді, яғни «өз адамдарын» ерткен емес. Өйткені, ол өзіне, өзінің адал ісіне сенді. Қайда жұмыс істесе де сол жердегі іскер, ойы озық жастарды тауып, соларды қызмет бабында көтеруді мақсат етті. Иә, ол адалдықтың ала жібін аттамайтын, кәсіби білікті жастарға арқа сүйеді. Оны бұл қасиеті үшін әріптестері де сыйлады. Басшыға сенім артты. Оны өздеріне өнеге тұтты, әр ісінен үлгі алды. Тыныбектің ағалық қамқорлығын көрген ақтөбелік А.Сағынбазаров Тыныбек Темірбекұлы туралы былайша ой өрбітеді.

–1996 жылдың мамыр айының ортасына қарай біздің облыстық прокуратураға Тыныбек Оңалбаев басшы болып келді. Алғаш көргенде ол бізге салмақты адам болып көрінді. Соған орай сөзі де  мығым болып шықты. Өз-өзіне сенімді, сауатты, кәсіби мықты маман екені көрініп-ақ тұр. Соған қарамастан, ұжым мүшелері оны тікірейіп қарсы алды. «Бұл кісі «оңтүстіктің адамы», енді ол өзінің таныстарын әкеледі, көресіңдер, біздің бәріміз жұмыссыз қалатын болдық», – деп сарыуайымға салынғандар қатары да көбейді. Алайда қобалжып,  жүректері  май ішкендей кілкіп жүргендердің көңілі көп ұзамай орнына түсті. Олай дейтінім, жаңа басшымыз артынан бірде-бір адамды әкелген жоқ. Керісінше, жергілікті кадрларға көңіл бөліп, әркімнің қабілет-қарымына қарай қызмет сатысына көтеріп, көбіне сондағы білікті де іскер жастарға сенім артты. Пәтерден  пәтерге көшіп, бала-шағасын шұбатып жүргендер жайлы үйге кіріп қуанса, ол әркімнің жеке бас жағ­дайына да қанығып, соған орай көмек беруді де ұмытқан жоқ.

Бірге қызмет істеген жылдары әріп­тестері Т.Оңалбаевты қатал әрі әділетті бас­шы ретінде та­ныды. Қатаңдығы сол, ол бәрімізді өз жұмы­сымызға асқан жауап­кершілікпен қарауды үй­ретті. Осы жыл­дар ішінде бір­де-бір адамды себепсіз жұмыстан шы­ғарған жоқ. Керісінше, қолы­нан іс келетін жастарды қолдап, алдынан жаңа мүмкіндіктердің есігін ашты.

Өз жұмысыңның басшылық тарапынан бағаланғанына не жет­сін?! Ол кісі мені жылы орнымды суытып, Мұғалжар ауданына жіберген кезде оған аздап ренжігенім де, өзіме сеніп тапсырылған жұмысты алып жүруге шамам келер ме екен деп жүрексінгенім де рас. Алай­да Тыныбек Темірбекұлының ма­ған нық сенім артуы жігерімді жа­нығандай болды. Ауданға бара сала жан-тәнімді аямай, жұмысқа кірістім. Төккен тер текке кетпеген сияқты. Арада бірер жыл өткен соң Тыныбек Темірбекұлы мені Ақтөбе қаласының прокуроры етіп тағайындады.  Шынымды айтсам, осы хабарды естігенде мен неге екенін, бір сәт сілейіп тұрып қалыппын. Неге десеңіз, мұндай лауазымды қызметке  тағайындап, сенім артады деп бұрындары ешқайсымыздың иегіміз қышымайтын. Менің бір сәт аңтарылып қалғанымды басшымыз да байқады.

– Бұл қызметті де еңсеретініңе сене­мін, – деген сөзі әлі күнге құла­ғымда тұр­ғандай.

Иә, содан бері де талай уақыт өтті. Біз де мол тәжірибе жинақтап, жас әріптес­терімізге жол-жоба сіл­тедік, ұстазы­мыздан көрген өне­гемізді үйреттік. Тек бір өкініші сол, Тыныбек Темірбекұлы сынды жүрегі  жомарт, ісі әділетті адамнан айрылып қалғанымыз. Бірақ жақсының өзі өлгенмен, ісі өлмейді дейді ғой. Ол кісінің де ақыл-кеңесі, ағалық қамқорлығы әлі күнге біздің жүрегімізді жылытып келеді, – дейді А.Сағынбазаров.

Әріптесінің лебізін Ақтөбе облыстық прокуратурасы арда­гер­лер кеңесінің төрағасы бол­ған М.Тәжібаев былайша жалғас­тырады.

– Бүгінде, біз Тыныбек Темір­бекұлын жиі-жиі еске аламыз. Өйткені оны ұмыту мүмкін емес, ол біздің әрқайсымызға зор құрметпен қарады. Тек жастарға ғана емес, аға әріптестеріне де, әйелдерге де сыйластығы тіпті бөлек еді. Ұзақ жыл қызмет атқар­ған ұясын сағынып, ара-тұра ке­ліп тұратын ағаларымыздың қай-қайсысын болса да қазақы ізет­пен, құр­метпен қарсы алып, әлдеқан­дай шаруасы болса оны да қолма-қол тындырып беруге тырысатын.

Бірде бұрын осы облыстың прокуроры болып істеген, Ұлы Отан соғы­сының ардагері, генерал Үмбет Құ­сайынов ағамыздың келгені әлі күнге дейін жұрттың есінде. Сол тұста ұжым мүшелері Тыныбек Темірбекұлының іскер басшы ғана емес, халқымыздың  дәстүр-салтының қайнарынан қанып өскен, үлкенді де, кішіні де орнымен сыйлай алатын тәрбиелі жан екеніне көз жеткізе түсті.  Тіпті бұл қабылдау кейінгі жастар  үшін ашық сабақ іспеттес болды. Біз ғана емес, өз ортасын сағынып келген бұрынғы басшымыздың да жүзі нұрлана түсті.

Айта берсе, Тыныбек Темірбек­ұлы­ның болмыс-бітімін, кісілік келбетін айқындай түсетін мұндай жайттар жетіп артылады. Соның бірі ретінде тілге тиек ете кетсек, оның Шалқар өңі­рінің тумасы, кезінде республика прокуроры боп қызмет атқарған Өтеген Сейітовтің  музейін ашуға бастамашы болуы өте сауапты іс болды. Анықтап айтсақ, бірде ол ұжым мүшелерін жинап алды да: «Өздеріңіз  жақсы білесіздер, Өтеген Сейітов ағамыз – бәріміздің ұс­тазымыз. Ол кісінің  прокуратура саласына сіңірген еңбегі өлшеусіз деуге болады. Міне, осындай адамның осы өңірдің тумасы болуы – біздің әрқайсымыз үшін зор мәртебе» – дей келіп, Өтеген ағамыздың еңбек жолына, сіңірген еңбегіне арналған музей ашуды ұсынды. Жақсы, жарасымды ұсыныс жерде қал­мады. Тыныбек Темірбекұлының өзі бас болып, Ө.Сейітовтің Алматыда тұратын туыстарынан, көз көргендерден түрлі деректерді жинастыруға кірісті. Ол кі­сінің тұтынған заттары да табылды. Осын­дай  ыждағатты еңбектің арқасында көп ұзамай музей де ашылды. Және сол күні өткен республикалық танымдық конференцияның да берері мол болғаны анық. Әрине, Ө.Сейітовтің өмір жолына арналған қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шыққан қос жинақ та заң саласын зерттеп жүрген жастарға таптырмас базарлық болды.

Көп жылдар бойы осы саланы өркен­детуге төккен маңдай тері бар әрі өзіне мол сенім артқан аға буынның жүрек жы­­луының арқасы шығар, Тыныбек Темірбекұлы көп ұзамай 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі ше­нін, яғни генерал-майор атағын Елба­сының өз қолынан алған болса, кейін­нен оны Қазақстан Республикасы про­куратурасының құрметті қызметкері деген атақ өзі іздеп тапты, – деп толғана еске алады М.Тәжібаев. 

Иә, Тыныбек Темірбекұлы қыз­мет атқарған еңбек ұжым­дарының бәрінде оның өнегелі іздері әлі күнге сайрап жатыр. Әділдігімен, еңбекқорлығымен талай асуларды еңсерген, қаншама қиындықты артта қалдырған, ұжыммен бірге өсіп, көпшілікпен бірге көркейген азаматтың атқар­ған сауапты істері бүгінде кейінгі ұрпаққа, жас буынға үлгі-өнеге болып отырған болса, өзінің ішкі әлеміндегі мол қазына үшін ол әрине, туған жері Суықтөбе бау­райындағы шағын ауыл Қас­тектің қасиетті топырағына қа­рыздар. Иә, басқа ауыл, ауданды айтпағанда, қайсыбір  тұтас өңірден өрген ғалымдар саны небәрі  120 түтін­нен тұратын  Қастектен шыққан оқымыстылардан кемшін түсіп жа­туы да бек мүмкін. Алатау өңі­рінің жұрты сондықтан да Қас­текті білім қонған ауыл деп орынды мақтан етеді. Осы арада Тыныбек Темірбекұлының осы ауылдан шыққан тұңғыш генерал екендігін айта келіп, бұл қасиетті мекен  кезінде Варшава университетінде оқыған алғашқы қазақ, Қазақстанның прокуроры болған, алайда халқының қамын жоқтап, Голощекинге қарсы тұрғаны үшін қапияда жазықсыз мерт болған Қанай Боран­баевтың да ауылы екенін біз айтуға тиіспіз.

Тыныбекті жақсы білетіндер қашанда оның ұстамды, сабырлы қасиетіне тәнті болатын. Ал заң қызметкеріне, әсіресе, прокурор үшін ең қажетті осы мінездің қалыптасуы отбасында алған тәлім-тәрбиеге де байланысты екені айтпаса да белгілі. Тыныбек Темір­бек ағамыз бен Анарбүбі жеңгеміздің маңдайына басқан жалғыз перзенті болғанымен, дүниеге шыр етіп келгеннен бастап, оны әжесі Таразы бауырына басып өсірді. Ол кісі атына заты сай адам еді. Басынан сөз асырмайтын, өзі де қылдай қиянатқа жол бермейтін, қашанда ақ сөйлеп, ақиқатын айтатын кейуана бойындағы бар  қазынасы – мінез байлығын немересіне сіңіруге тырыс­ты. Әже тәлімі текке кетпеді. Құнарлы топыраққа түскен дәннің көгеріп, көктеп, кейіннен саялы бәйтерекке айналатыны сияқты құймақұлақ баланың сүйегіне сіңді. Ол қуанған сәтінде де, әлденеге көңілі құлазыған тұста да әжесі айтқан бір аңыз әңгімені есіне алатын. Сол аңызда Сүлеймен  пайғамбар бір қиындыққа тап болып, оның шешімін таба алмай отырған сәтте қолындағы жүзігіне қарап, ондағы «Бұл да өтеді» деген жазуды оқып, қызықтың да, қиындықтың да  мәңгілік  емес екенін ойлап, көңіл жұбататын көрінеді. Тыныбек те сол жүзік өз қолында тұрғандай, сол жазуды оқығандай күй кешетін. Қарап отырса, бұл да бір  даналық кеңес екен. Расында  да, кейіннен әже сөзі Тыныбек үшін бағдаршамға айналды. Оның біреуге қиянат жасама деген бір ауыз сөзінің әсері шығар,  Тыныбек ешқа­шан адам тағдырына селқос қараған емес.

Заң ғылымдарының кандидаты Тыны­бек Темірбекұлының көп оқып, көп тоқи­тын зерделі азамат екенін кімнің бол­са да бірден аңғарары сөзсіз. Оның мы­на бір есте қалған есті әңгімелерінің бі­рі­­нен де осы сөздің ақиқатын аңғаруға  болады.

– Біздің қазақ қоғамында прокурор болмаған дейтіндер мықтап қателеседі. Оның міндетін кезінде билер атқарған. Иә, билердің иығындағы жүк ауыр бол­ған. Өйткені олар соттың да, әкімнің де, прокурордың да, қорғаушының да, тіпті дипломаттың да және басқа да толып жатқан құзырлы органдардың міндетін де тең ұстаған. Сөйтіп, ел тұтастығын сақтауға өлшеусіз үлес қосқан. Қа­зақ халқының  тарихында өшпес із қалдырған Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің өмірі мен атқарған ісі – бұл сөзімнің айқын айғағы. Дала даналары жасына, жолына қарай бір-бірін сыйлай отырып, өз сүйсінісін де ашық айтып отырған. Төле бидің бірде Қаз дауысты Қазыбек биге:

Атасызға ата бол!

Батасызға бата бол!

Арып-ашқан қаріптің

Жел жағынан жота бол!

Панасызға пана бол.

Кек сақтамас бала бол

Дос сүйсініп, қас сыйлар

Асу бермес дана бол! – деп бата беруі өресі өзгеше биік ел азаматына сенім артуы ғана емес, адамгершіліктің ақ жолын ұстанған, ел тағдырына жауапты әрбір адамға арнаған өсиеті деуге болады. Байқасаңыз, дала данагөйінің бұл сөзінде адамгершілік қағи­дасы тұнып тұр. Құқық қорғау саласындағы көп жылдық тәжіри­беме сүйенсем, кез келген мәселеге адамгершілік тұрғысынан қараған жағдайда шиеленіскен түйіннің лезде тарқатылып сала беретініне көз жеткізе түсемін. Қарап отыр­саң, біздің халқымызда талбесік­тен басталатын тәрбиенің қайнар көзі де адамгершілікте жатыр. Олай болса, барлық заңның түп­кі шешімі адамгершілікке негіз­делсе, одан ұтарымыз мол бол­мақ. Олай дейтінім, жан-жақты ойлас­тырылған, ізгілікке негізделген заң бірте-бірте адамдардың да өздерінің іс-әрекетіне байыппен қарауына жол ашуы әбден мүмкін. Айталық, кезінде Абай атамыздың басшылығымен жасалып, Семей өңірінде қабылданған 74 баптан тұратын «Билер ережесінің» 32-бабында «Біреу әке-шешеге тіл тигізсе, солардың қалауына сәйкес қазақ ғұрпына сай жазалансын» деп жазылған. Міне, нағыз адамгершілікке негізделген заңның бірі осы. Және бұл заң ел арасында әдет-ғұрыпқа айналып, қазақы дәстүрдің қаймағын қалыңдата түсуге әсер етті, – деген еді Тыныбек.

Тыныбекті жақсы білетіндер оның бағының баянды болуы ешқашан асылық танытпайтын, бәрін сабырға жеңдіретін мінез байлығынан, ешкімді бөліп-жар­май, қамқорлық көрсетуге дайын тұратын жан жомарттығынан деп біледі. Халық айтса, қалт айтпайды деген ғой, бәлкім солай да шығар.

Тыныбектің тағы да бір елеулі ісі –  ол қайда жүрсе де білім-білігін, жиған мол тәжірибесін бола­шақ заңгерлермен бөлісуді өзінің ел алдындағы  бір борышы деп білді. «Өзіңді күні-түні қажап, қағазға үңіле берме. Студенттермен жұ­мыс­­ты кейінге қалдыр. Денсаулығың  да сыр бере бастады» деп  Күләш қанша жа­лын­­са да Тыныбекті бетінен қайтара ал­­мады.

«Күләш-ау, бәрін кейінге ысыратындай біз бұл өмірдің тұрақты тұрғыны емес, бар болғаны жолаушысы ғанамыз. Және  біз алуға емес, бойымызға жинаған рухани байлығымызды, білім-білігімізді өзгелермен бөлісуге келгенбіз», деп әзіл­дей келіп, бүгінгі студенттер арасында өз бетімен ізденіп оқитын білімді жастар көп екендігін сүйсіне әңгімелеп кететін.

Қашан көрсең де жүзі шуақ шашып, миығына күлкі үйіріліп жүретін Тыны­бекті жете білмейтін жұрт бұл өзі мейманасы тасып жүрген біреу шығар деуі де әбден мүмкін еді. Алайда жақынырақ таныса келе, бұл азаматтың өмірінде де тұщысынан ащысы басымырақ болғанын байқайтыны сөзсіз. Өйткені, Тыныбектің тағы да бір ерекше қыры – тағдырдың қандай соққысына да иілмей, әлдекім құсап жүнжімей, сабырмен, ұстаммен қарсы алатын. Сол сыпайы, сырбаз қал­пынан, бекзат болмысынан айнымайтын. Осынау болмыс-бітімімен де ол айналасына, өзі қызмет атқарған ортаға үлгі-өнеге бола білді.

Бұл сөзімді өткен шақпен ай­­тып отырғанымды байқаған  шығарсыз!? Есіңізде ме, бала кезде сіз де, біз де аспан төрін тілгілеп, соңына жарқыраған із қалдыра ағып өтетін құйрықты жұлдызды бақыладық емес пе?  Сол құйрықты жұл­дыз сияқты Тыныбектің де ағып өте шық­қанына біраз жылдың жүзі болды. Алайда өзі өлгенмен оның ісі, берген өнегесі әріптестері, шәкірттері, балалары, айналадағы басқа да иманды адамдар арқылы әлі күнге жалғасып жатыр. Иә, ешкім оны ұмытқан жоқ. Мұның өзі де, яғни өлімнен кейінгі өмір де кез келгеннің маңдайына бұйырмайтыны анық.

 

Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреатым