Аймақтар • 17 Ақпан, 2021

Елорданың су айдындарында балықтың қырылуына қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр

114 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы «ЖасНұр» ведомстволық бағынысты кәсіпорнының күшімен алғаш рет суға аэрация жүргізу, яғни Есіл өзені мен оның салаларында балықтардың қырылуын болдырмау бойынша ауқымды іс-шаралар жүргізуде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елорданың су айдындарында балықтың қырылуына қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр

Балықтардың қырылуын болдырмау жөніндегі іс-шаралар кәсіпорынға бекітілген Қоянды және астаналық су қоймаларында да жүргізіледі.

Су асты тіршілігін қамтамасыз ету үшін жасалатын негізгі шарт – оттегі жіберу. Жауған қар мен аяз су асты тіршілігінің басты проблемасы болып саналады. Себебі су қоймаларында қатқан мұз бен қалың қар оттегі мен жарықтың түсуіне кедергі болады. Бұл проблема балықтардың жаппай қырылуына әкелуі мүмкін.

Осыған байланысты жылда қыстыгүні су астында оттегінің аз мөлшері қалған кезде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «ЖасНұр» өндірістік-шаруашылық кәсіпорны» МКҚК осы іске кіріседі. Бекітілген су айдындарында, яғни Қоянды-Астана су қоймасында және Есіл өзені мен Ақбұлақ арнасында мелиорациялық жұмыстар жүргізеді. Сонымен, сорғыш шланг кесілген шахтаға орнатылады және мотопомпа арқылы су астына оттегі жіберіледі.

Ары қарай, мамандар шұңқырларға қамыс орнатады. Қамыс судың қатып қалуына жол бермейді және үнемі оттегі жіберуін қамтамасыз етеді.

Айта кету керек, биыл су айдындарында мұздың қалыңдығы 55 см-ден 1 м-ге дейін жетті.

Есіл өзенінде, сондай-ақ Арнасай, Қоянды су қоймаларында тұманға қарсы іс-шаралар осы жылдың 15 наурызына дейін жүргізіледі.